қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
18.05.2018

Ұстаз ұлағаты

 


Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіндегі оқу үдерісі, ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбие жұмыстарымен өмір бойы айналысқан ғалым-ұстаздар Отанымыздың рухани құндылықтар құрамында бағаланады. Олар материалдық және мәдениет жетістіктерін жүзеге асыруға қосқан үлестерімен елімізге өнегелі тұлғалар қатарында дараланады. Осы орайда, Қазақстандағы жоғары білім берудің тұңғышы - қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Құдайбергеновтің де есімін даралап бағалаймыз.

 

Ол Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагиогикалық универси­те­тінің (ол кезде Абай атындағы ҚазПИ) Тарих-филология факуль­тетін 1957-1962 жылдары оқып, жо­ғары білім алған. Атамекені, туған жері - Баянауылдың «Белағаш» (Кеңес кезінде 7 Май кол­­хозы) мекені.


ХХ ғасырдың 30-жылдарының басындағы тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтарға байланысты Ресейдің Омбы облысына қоныс аударған ата-анасы да Екінші Дү­ние­жүзілік соғыс зардабына ұшы­раған. Соғыстағы еңбек армиясына аттанған әкесі ауырып оралып, 1944 жылы қайтыс болады. Одан кейін әкесінің ағасы Бейсеннің тәрбиесімен өскен бала Әділхан оқумен есейген өмір белестерінен өтіп келеді. Жеті жылдық мектепті бітіріп, (1945-1952 жылдары), одан кейін Омбының педагогикалық училе­щесіне қабылданады, оны бас­тауыш класс мұғалімі маман­дығы бойынша үздік бітіреді.


Оқуға құштар жас жігіт Әділ­ханның Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих-филология факуль­тетінде тарихшы мамандығы бойын­ша жоғары білім алған жыл­дары (1957-1962 жылдары) оның кәсіби білікті маман және ғылыми зерт­теу­ші тұтастығындағы мұрат ұста­нымын қалыптастырды. Әсіресе, академик М.Силь­ченконың бас­шылығымен ғы­лыми-зерттеу үйірмелеріне қа­тысқаны, алғашқы жүлделі орындарға ие болғаны, бес жыл бойы үздік оқып, 5-курста ленин­дік стипендиат, Алматыдағы жастар ұйымының жетекшісі болуы - Әділханның білімді, ға­лым-тарихшы болуының тиянақ­ты негізін қалыптастырды.


Тарихшы Әділханның алғашқы педагогикалық еңбек жолы Пав­лодар облыстық мектеп-интерна­тындағы мұғалімдік қызметінен басталды. Жас маманның Қазақ КСР Министрлер кабинеті жа­нын­дағы әскери және мемлекеттік құпияны баспасөзде сақтау жөнін­дегі бас басқармада (Главлит) цен­зор, редактор, бас редактор, соны­мен қатар Абай атындағы ҚазПИ-дың партия тарихы ка­федра­сы­ның ізденушісі болып кан­дидаттық минимум емтихан­дарын тапсыр­ған жылдары - оның алдағы ғалымдық-ұстаздық қыз­ме­тінің жемісті болуына ықпал етті.


Алматы медициналық инсти­ту­тында (1971-1972 жылдары) оқы­ту­шы, Алматы шетел тілдері инсти­тутында (1972-1992 жыл­да­ры) аға оқы­тушы, доцент, аға ғы­лыми қызмет­кер, кафедра мең­ге­рушісі қыз­меттерін атқарған жыл­дары - Әдекеңнің ұстаздық қыз­метінің жемісті кезеңі болды. Ғалым-ұстаз Әділхан Нұрғалиұлы­ның «1961-1965 жылдардағы Қа­зақстанның ауыл-селоларындағы мәдени құ­рылыс» тақырыбымен докторлық диссертациясын (1991ж) қорға­ғаны, Қазақ Мем­лекеттік қыз­дар педагогикалық институтында ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарғаны, тікелей белсенді ұйым­дасты­руымен сол институтта Қазақстан тарихы, философия, психология, мәдениет тарихы, биология ма­ман­дықтары бойынша аспиран­ту­ра­ның ашылуына ұйыт­қы болғаны - Тәуелсіз Қазақстан Респуб­ли­касы ғылымының да­муына қосқан маңызды көрсет­кіштері.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі ғылыми-педагогикалық еңбек жылдарында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқара жүріп, аспиранттарға, ізденушілерге ғылыми жетекшілік етті. Өзі басқарған кафедра оқы­ту­шы­ларының басым бөлігі канди­даттық диссертациялар қорғады. Өзінің жетекшілігімен 20 канди­дат­тық, бірнеше магистрлік, 2 док­торлық диссертация қорғалды.


Тәуелсіз Қазақстан Республи­касының жаңа тарихының өркен­деуіне өзіндік ұстаздық және ға­лым­дық қызметімен мол үлес қо­сып жүрген ағамыз Ә.Құдай­бер­генов Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих және құқық институты Ардагерлер кеңесінің төрағасы (2015-2017 жылдары), Білім беру ісі­нің құр­метті қызметкері сияқты ғылыми және қоғамдық-әлеумет­тік атақ­тарымен-дәрежелерімен абы­ройлы еңбек мәртебесі тұ­ғырында танылып отыр.


Авторы: Темірхан Тебегенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор

18.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz