қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.06.2014

31.05.2014 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-де Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің тапсырмасымен (ресми хат 04.09.2013 ж., №03-3/1388 және 27.05.2014 ж. №03-3/503) «Тарих сабақтары» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараны т.ғ.д. А.Ш. Махаева басшылық етіп отырған академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналды. Іс-шараға белсене атсалысқандар: Академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д. А.Ш. Махаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық Кеңес өкілі, т.ғ.д., профессор Г.В. Кан, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, саяси қуғын-сүрін құрбандары мәселесін тарихи тұрғыдан зерттеуші, т.ғ.к., профессор Қ.С. Алдажұманов, М. Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының директоры Д.М. Мукатова, т.ғ.д., профессор Ә.Н. Құдайбергенов, т.ғ.д., доцент К.М. Төлеубаева, т.ғ.д. С.С. Сайфулмаликова, т.ғ.к., доцент Т.Т. Далаева, т.ғ.к., доцент Ғ.А. Меңілбаев, т.ғ.к., доцент Е.Н. Ермұқанов, Тарих факультетінің деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.М. Мұратқазин, Тарих факультетінің 3 курс студенті Н. Малик, Р. Тұрғанбай, А. Игенбай және т.б. студенттері мен Филология және көптілді білім беру институтының Г. Жарылқасынова, Б. Шардарбек және т.б. студенттері.
Негізгі талқыланған мәселелер:
• Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін зардаптарының тағлымдары;
• Қуғынға ұшыраған қазақстандық азаматтардың тағдыры: тарихтың беймәлім беттері (саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты зерттеулер материалдарымен және ғылыми айналымға жаңадан енгізілетін мұрағат материалдарымен таныстыру).
Академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д. А.Ш. Махаева өз сөзінде: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп дана халқымыз айтпақшы, құрбандарды еске алу - азаматтық парызымыз. Тоталитарлық режимнің саяси науқанының кесірінен талайлардың тағдыры тәлкекке түсті. Қазақстан жеріне талай ұлт өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, еріксіз жер аударылып келді. Бүгіндері олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің Отаны деп санайды. Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық жағынан өрлеуі, тәуелсіздігіміздің одан әрі тұғырлы болуы қоғамның саяси тұрақтылығына, өзара ынтымаққа, бірлікке байланысты. Сондықтан да біз - педагогтар ұлттық тәрбиеге, толеранттық педагогикаға үлкен мән беруіміз керек».
Дөңгелек үстелді қорыта келе қатысушылар мынадай шешім қабылдады: саяси қуғын-сүрін құрбандарының тағдырына арналған элективті курс 2014-2015 оқу жылының оқу бағдарламасына енгізілсін. Саяси қуғын-сүрін құрбандарының тағдыры туралы құжаттар мен материалдар жинауға және баспадан шығаруға кафедра ұжымы бір кісідей атсалыссын.