қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.09.2018

Мәжіліс Спикері Академиктің мерейтойына келді

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, академик Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың 80 жылдығына арналған «Садықов оқулары -V» халықаралық конференциясы болды. Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, саяси ғылымдар докторы, профессор Нұрлан Зайроллаұлы Нығматуллин Астанадан арнайы келіп қатысты. Ол алдымен университет бас ғимараты алдындағы академик Т.Садықовтың ескерткіш тақтасы алдына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Бұдан соң академик Т.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасын аралап көрді.

 

 

Конференцияға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесіндегі Венециалық Комиссияның мүшесі РОГОВ Игорь Иванович, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті ЖҰРЫНОВ Мұрат Жұрынұлы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы КЕЛІМБЕТОВ Қайрат Нематұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты СЕЙДУМАНОВ Серік Тұрарұлы, Бэкингэм Университетінің жауапты өкілі (Ұлыбритания) МАРИНОВА Пенка, Литвадан профессор ROMUALDAS Ginevicius және еліміздің белгілі ғалымдары, жоғары оқу орындарының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

 

- Біз бүгін Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған мерекелік онкүндікті «Садықов оқулары» халықаралық конференциясымен бастап отырмыз. 1928 жылы құрылған біздің оқу орнымыздың 90 жылдығы Қазақстандағы жоғары білімнің ортақ мерейтойы, - деді жиналысты ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев.

 

Әр жылдары Санжар Асфедияровтан бастап, университетімізді басқарған ректорлар шоғырының ішінде академик Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың өз орны бар. Университетті 1987-2008 жылдар аралығында үздіксіз 21 жыл басқарған ол өзінің аса зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу орнын сапалық жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық білім беру жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

 

 

Осылай деген ректор Т.Балықбаев академик Т.Садықовтың білім мен ғылым саласындағы сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды. Ал Қазақстан Республиксы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин университет ұжымын мерейтоймен құттықтай келе Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ жоғары білімінің көшбасшысы, қара шаңырағы ретіндегі рөліне, университетті ұзақ жыл басқарған академик Т.Садықовтың еңбегіне айрықша тоқталды.

 

- Университетті басқарған жылдары Тоқмұхамед Сәлменұлы жаңа мамандықтар, кафедралар ашып, оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізуге кеңінен жол ашты, - деді Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин. - Ол халықаралық қатынастар факультетінің негізін қалады. Бүгінде оның түлектері Президент Әкімшілігінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде абыроймен еңбек етуде.

 

Академик Т.Садықов Қазақстандағы білім беру жүйесінің теориялық негізін жасауға, «Білім туралы» және «Жоғары білім туралы» Заңдарды дайындауға атсалысты. Ол жоғары педагогикалық және үздіксіз білім беру тұжырымдамасының авторы. 1995 жылы Тоқмұхамед Сәлменұлы Қазақстан Республикасы Конституциясының Білім туралы баптары редакциясының кеңесшісі болды.

 

Ректор Садықовтың ізденісі мен белсенді қызметінің арқасында университет педагогикалық институттан классикалық университет деңгейіне көтеріліп, «ұлттық» мәртебесіне ие болды. Оның бастамасымен оқу орны Болон үдерісіне (Италия) мүше болды. Жоғары білікті мамандар даярлағаны үшін университет ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» - «Алтын Сапа» сыйлығымен, «Еуропалық сапа» және «Біріккен Еуропа» (Ұлыбритания) сыйлықтарымен марапатталды.

 

Көрнекті ғалым Тоқмұхамед Садықов тарих, педагогика, саясаттану, мәдениеттану, әлеуметтану, халықаралық қатынас салаларындағы көптеген іргелі еңбектердің авторы. Осы еңбектердің бәрі өзінің жоғары кәсібилігімен, жаңашылдығымен, зерттеулерінің тереңдігімен, талдауларының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Ол педагогика-психология, тарих, саясаттану, әлеуметтік проблемалар бойынша жалпы саны 500 ғылыми еңбек, оның ішінде 10 монография жариялады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болған кезінде ол жоғары мектептің стратегиялық міндеттерін кешенді түрде шешумен қатар өзінің басшылық және педагогикалық талантын жарқырата ашып көрсетті. Тоқмұхамед Сәлменұлы басқарған жылдары ежелгі оқу орны заманауи халықаралық білім беру орталығына айналды.

 

Академик Т.Садықов «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы саяси кеңесінің бюро мүшесі, 1999 және 2005 жылдары өткен Президент сайлауында ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі және штабының жетекшісі болды.

 

Т.Садықов ғылыми кадрлар даярлауға және оларды өсіруге ерекше көңіл бөлді. Ол 21 ғылым докторы мен 100-ден аса ғылым кандидатын даярлап шығарды. 20 жыл бой саяси ғылымдар саласы бойынша докторлық диссертация қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңесті басқарды.

 

 

 

Конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Иванович Рогов, ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, Бэкингэм Университетінің жауапты өкілі (Ұлыбритания) МАРИНОВА Пенка, Литва профессоры ROMUALDAS Ginevicius және басқалар академик Тоқмұхамед Садықовтың ғалым, қайраткер, азамат және жоғары білімнің білікті ұйымдастырушысы ретіндегі еңбектеріне әр қырынан тоқталды.

 

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің құттықтауын оның орынбасары Арман Қырықбаев тапсырды. Университеттің бірінші проректоры, профессор Мақтағали Бектемесов ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Президент Әкімшілігінен және республиканың жоғары органдарынан, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен түскен құттықтаулармен таныстырды. Бұдан кейін конференция жеке секциялар бойынша жұмысын жалғастырды.

 

Осы күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Спартак» стадионында академик Т.Садықовтың 80 жылдығына арналған Жоғары оқу орындары арасында футбол турнирі жалауын көтерді.

 

 

Автор: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

26.09.2018 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz