қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
02.10.2018

Абай атындағы университет тарихына қатысты кітаптардың таныстырылымы өтті

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына орай аталған оқу орнының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы бірнеше кітаптың таныстырылымы өтті.

 

Ғалымдар бас қосқан жиынды ашқан университет ректоры Такир Балықбаев негізі 1928 жылы қаланған оқу орнының қалыптасу тарихында сол кездегі Оқу-ағарту Халық Комиссары болған Ораз Жандосов, алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияровтан бастап, Бәймен Алманов, Шәрифолла Сақаев, Шайхислам Бекжанов, Серғали Толыбеков, Халел Әділгереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Жүнісбеков, Құлжабай Қасымов, Тоқмұхамед Садықов, Серік Пірәлиев, т.б. ұлт қайраткерлер есімдерінің алтын әріптермен жазылғандығына тоқталып, ел тарихындағы тұлғалардың ізгі жолын насихаттау жұмыстары әлі де жалғасын табатындығын атап өтті. Осы бағытта «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Халел Әділгереевтің қайраткерлік өмір жолына қатысты университет ғалымдары дайындаған еңбекке көпшіліктің назарын аударды. Осы орайда басылымға қолғабыс еткен Әли Оразұлына және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, редакция құрамына алғысын білдірді. Ал мұндай кітаптардың жарық көруі жастардың бойында тұлғалық қасиеттердің дамуына ықпал етері сөзсіз. Ал тарихты дұрыс бағамдай білген ұрпақ өз бағытанан адаспайды.

 

Осы басқосу аясында таныстырылымы өткен «Абай университеті. 90 жылдық тарихынан» зерттеу еңбегін белгілі тарихшы ғалым, академик Мәмбет Қойгелді тарихи фактілер мен құжаттарға негіздей отырып, Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының қандай қиыншылықтармен ашылғаны, қалыптасу кезеңі, ұлт қайраткерлерінің осы білім ордасын дамытудағы ерен еңбектері туралы мазмұнды мағұлматтарды ұсынған.

 

 

Академик Тоқмұхамед Садықов туралы жарыққа шыққан «Тәлімгер портреті. Протрет наставника» кітабы және университеттің 90 жылдығына арналған «Тұңғыш университет» фото альбомымен қатар университет ғалымдарының «Шернияз Жарылғасұлы шығармалары», «Алтын арқау», «Ұлттық рух және шығармашылық даралық» зерттеу еңбектері тартымды мәліметтермен толықтырылса, «Ұлағат» сериясының алғашқы басылымы «Қалдырған ізін мәңгілік» кітабы университеттің дарынды түлегі Әбдімәжит Өтешұлының еңбек жолына арналыпты. Білім ордасының мерейтойына орайластырып жарыққа шыққан кітаптардың қатарында университет қызметкері Мырзахан Ахметовтың «Парасат пен парыз» танымдық кітабы оқырмандар үшін тағылымды мазмұнмен толыққан. Осы басқосу аясында студенттер ұйымдастырған Campus журналының да таныстырылымы өтіп, ғылым жолындағы алдыңғы буынның батасын алды.

 

 

Мазмұны терең басылымдардың таныстырылымына қатысқан Серік Қирабаев, Әли Оразұлы, Нұрлан Оразалин, Хангелді Әбжанов, Талас Омарбеков, Жарқын Өтешқызы, Гүлнар Жандосова, Майдан Мәлікқызы, Бақыт Әділгереев, Қали Сәрсенбай, Бауыржан Жақып, Жаңабек Шағатай, Нұртөре Жүсіп, т.б.білімнің қара шаңырағын мерейлі мерейтойымен құттықтап, білімнің ізгі жолындағы жоспарларына сәт-сапар тіледі.

 

Авторы: Эльвира Серікқызы

02.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz