қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Хабарландыру
27.10.2022

1 қарашада «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2022» республикалық конкурсы басталады


«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2022» республикалық конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 қарашадан басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Конкурс жеңімпаздары 6 миллион теңгеден астам сыйақы алады.


Конкурсқа жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі (кемінде 5 жыл), оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс.


Конкурстың мақсаты - оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуға ынталандыру болып табылады.


Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар ақпараттық жүйе арқылы электрондық форматта қабылданады. Бұл конкурстың ашық өтуін қамтамасыз етеді.


«Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы үміткердің сандық және сапалық көрсеткіштерін екі бағыт - оқыту сапасы және ғылыми-зерттеу қызметі бойынша бағалайды. Сараптау тобының қорытындысы негізінде жоо комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде құрылған комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді», - деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.


Айта кетейік, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар төсбелгіге де ие болады.

 



180

Кері оралу