қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Хабарландыру
03.04.2024

Абай университетінде Ғылым декадасы - 2024

 

Ғылым декадасы - Абай университетіндегі ғылым қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі іс-шара!

 

Биыл Ғылым декадасы 4-13 сәуір аралығында өтеді. Жыл сайынғы іс-шараның мақсаты - ғылыми қызметке тарту ғана емес, сонымен қатар университет оқытушылары мен білім алушыларының әртүрлі білім салаларында жаңа зерттеулер жүргізуге ынталандыру болып табылады.

 

Ғылым декадасы - 2024 4 сәуірде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландырылатын «Постқалыпты кезеңдегі исламның рухани, мәдени, саяси, әлеуметтік феномен ретіндегі әсері мен болашағы: Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» бағдарламалық-нысаналы ғылыми жобаның аясында Саясат, мәдениет және дін мәселелерін зерттеу орталығының салтанатты ашылуымен басталады.

 

Барлығы 6 модульге бөлінген жалпы саны 117 ғылыми іс-шара өткізу жоспарлануда: «Педагогикалық зерттеу университетіне трансформация», «Ғылым және инновация», «Ғылыми байланыс: университет-колледж-мектеп», «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық», «Республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграция» және «Өнер және спорттың ғылымдағы рөлі». Іс-шаралардың арасында жас зерттеушілердің ғылыми жолындағы тәжірибелерімен бөлісуге арналған Open talk; гранттық қаржыландыру конкурстарына өтініш беру стратегиясын түсінуге көмектесетін GrantBoost воркшоптар сериясы; халықаралық конференциялар; ғылыми шығармашылықты ынталандыратын олимпиадалар; зияткерлік шоулар және басқа да көптеген іс-шаралар болады.

 

Ғылым декадасы аясында интеграциялық және халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға арналған Университет грантына конкурстар, жас зерттеушілерге, сондай-ақ университет оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған Ректор грантының ғылыми жобалар конкурстары өткізіледі. Сонымен қатар, 12-13 сәуірде университет студенттері арасында StartUp жобалар конкурсы өтеді.

 

9 сәуірде «Ғылым декадасы - 2024» салтанатты іс-шарасы өтеді, онда ғылым ардагерлері мен жетекші ғалымдардың 2023 жылғы ғылымдағы жоғары жетістіктері үшін түрлі номинациялар бойынша естелік сыйлықтармен марапатталады.

 

Алдағы «Ғылым декадасы-2024» қызыққа толы болатынына сенімдіміз. Хабарландыруларды қадағалап, маңызды іс-шараларға қатысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!