қазақша · русский · english
 
 
 
15.01.2021

Профессор Т.Қ. Оспановтың 80 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік тимбилдинг

 

2021 жылы 15 қаңтарда Педагогика және психология институтында профессор Оспанов Төлеген Қаражанұлының 80 жылдығына арналған жаңа форматтағы іс-шара - ғылыми-әдістемелік онлайн-тимбилдинг өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева құттықтау сөз сөйледі. Ол танымал отандық ғалымның еңбектерін атап өтті. Іс-шараның шетелдік қонағы - Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры Марина Романова Т.Қ.Оспановтың оқулықтарының ерекшеліктеріне талдау жасады.

 

«Ұстаз салған жолменен» айдарында профессор Төлеген Оспановтың 80 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген кіші мектеп жасындағы оқушыларға арналған өлкетану математикалық есептері бойынша студенттердің I Халықаралық байқауының қорытындысы айтылды. Осы байқаудан жүлделі орындар алған «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттері аталмыш тимбилдингте өлкетанымдық математикалық есептерімен таныстырды.

 

«Ұстазы жақсының - шәкірті озық» айдарында Төлеген Қаражанұлы Оспановтың оқулықтарынан логикалық есептерді шешу бойынша педагогтар арасында брейн-ринг өткізілді. Логикалық тапсырмалары бар видеоны оқушылар мен олардың мұғалімдері: Алматы қаласының Иштван Қоңыр Мандоки ЖББ № 154 мектебінен - Гулнара Байларова және Карлыға Байжұманова; Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназиядан - Айқүміс Бесірова; NGS жаңа ұрпақ мектебінен - Елена Хузина және Снежана Абдикова дайындады. Сол оқушылардың ұсынған есептерін тимбилдинг қатысушылары Jambord онлайн тақтасында шығарып, қызыға, белсене жұмыс жасады.

 

Келесі кезекте тимбилдинг модераторлары доцент Әсел Ақпаева және 3 курс докторанты Жұпат Астамбаева Б.А.Әлмұхамбетов, Р.А.Құл-Мұхаммед, А.А.Қдырбаева, Н.К.Сәтпаева, Л.А.Лебедева және А.Х.Сүлейменовалардан тақырып аясында сұхбат құрды.

 

Сонымен қатар, тимбилдинг қатысушылары мерейтой иесіне арналған «Мерейтойыңызбен» онлайн тілек кітабын толтырды. Профессор Оспановтың өмірі мен жетістіктері туралы «Quiz-викторина» команда жұмысының тәжі болды. Тимбилдинг жұмысын «Бастауыш білім беру» бағдарламаларының жетекшісі, профессор Әзия Жұмабаева қорытындылады.

 

Қатысушылардың бірлескен белсенді әрекетіне бағытталған тимбилдинг жұмысы осылайша нәтижелі әрі сәтті өтті. Университет ұжымы тимбилдинг қатысушыларына алғысын білдіреді және профессор Төлеген Қаражанұлы Оспановтың 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.

 

   

 

   




Кері оралу