қазақша · русский · english
 
 
 
11.11.2021

Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту бойынша мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары аяқталды

 

2021 жылғы 1-11 қараша аралығында үшінші рет «Бастауыш сыныптарда математиканы оқытуды ұйымдастырудың мазмұны мен әдістемесінің ерекшеліктері» республикалық біліктілікті арттыру курстары өткізілді.

Курс бағдарламасын бастауыш мектепке арналған математика оқулықтарының авторлары, «Бастауыш білім беру» білім беру бағдарламалары кәсіптік даярлау бөлімінің доценттері Асель Ақпаева, Лариса Лебедева әзірледі. Олар Абай атындағы ҚазҰПУ Бастауыш білім беру бағдарламалары кәсіби даярлау бөлімінің аға оқытушысы Жупат Астамбаевамен бірге мұғалімдермен онлайн форматта дәріс сабақтарын өткізіп, тыңдаушыларға арналған өздік жұмыс тапсырмаларын дайындады.

Курс бағдарламасының мақсаты - бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға математиканы оқытуда қиындық тудыратын тақырыптарды қарастыру, сондай-ақ әртүрлі цифрлық ресурстарды пайдалана отырып, онлайн оқыту дағдыларын дамыту болды.

 

Курс қатысушылары - бастауыш сынып мұғалімдері Абай атындағы ҚазҰПУ Біліктілікті арттыру және қашықтан білім беру орталығының сертификатын алады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылды. Курс 80 сағатқа есептелген. Курс тыңдаушылары онлайн қатысты, курстың тапсырмаларының біраз бөлігі модерациямен өзіндік практикалық жұмыстары барысында орындалды. Сабақтарда қатысушылардың интербелсенді өзара әрекеттестігі ұйымдастырылды. Мұғалімдер бірлесе жұмыс жасап, таныстырылымдар мен тест тапсырмаларын дайындады, бір-бірінің тестерін және дәріс бойынша ұсынылған тесттерді орындап отырды, бастауыш мектеп математикасы курсының әртүрлі тақырыптарының тапсырмаларына аудио мен видео түсіндірмелер дайындады.

 

Мұғалімдер өздерінің қорытынды портфолиосын ұсына отырып, курс оларға өз білімдерін кеңейтуге, цифрлық ресурстарды қолдану біліктерін жетілдіруге көмектескенін атап өтті. Дәрістерді интербелсенді әдістермен диалогта оқу формасы да қызықты болды.

 

Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінің №283 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Тлесова Марал мен Алматы қаласы №149 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мақұтова Гүлбану: «Бұл курстан көп нәрсе алдық, білімімді толықтырдым. Математикалық терминдерді, ұғымдарды қайта есіме түсірдім. Бір апта бойы өте жақсы дәріс бердіңіз. Шаршамаңыз, еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Екіншіден, дәріс оқып отырған Жұпат Канапьяновнаға білмеген нәрселерімізді үйреткені үшін рахмет айтамыз. Алдағы уақытта курс офлайн түрде ұйымдастырылса деген ұсыныс айтамын.», - деп алғыстарын білдірді.

 

   

 

   

 

   

 

   




Кері оралу