Бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен жобаларының III байқауы
2025 жылғы 12 сәуірде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен жобаларының III байқауының финалдық кезеңі өтті. Дәстүрге айналған бұл іс-шара университет қабырғасына жас зерттеушілерді, олардың жетекшілері мен ғылыми ойлауды ерте жастан дамытуға мүдделі оқытушыларды жинады.
Байқауға Алматы қаласы мен Алматы облысының 1-4 сынып оқушылары қатысты. Барлығы 42 өтінім қабылданды. Алдын ала іріктеу нәтижесінде финалға 17 жұмыс өтті: кіші жас тобы бойынша (1-2 сыныптар) 12 жұмыс және үлкен жас тобы бойынша (3-4 сыныптар) 5 жұмыс. Қатысушылар экология, математика, мәдени мұра, технологиялар және күнделікті өмірдегі зерттеулерге байланысты әртүрлі өзекті тақырыптарда жобаларын ұсынды.
Байқау комиссиясының жұмысын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Азия Жумабаева және педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Әсел Ақпаева басқарды. Қазылар алқасының құрамына Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бастауыш білім беру кафедрасының жетекші оқытушылары, сондай-ақ серіктес мектептердің педагог-зерттеушілері кірді, олар: бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қдырбаева Азаткүл, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Лариса Лебедева; философия докторы (PhD), аға оқытушы Жупат Астамбаева; философия докторы (PhD), аға оқытушы Жанар Жұмаш, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Базарбекова Рабиға, педагогика магистрі, аға оқытушы Бекбаева Марьям, педагогика магистрі, оқытушы Самбет Динара; Алматы қаласындағы STEAM мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Боброва; STEAM мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Елена Хузина; Алматы қаласындағы №46 гимназияның мұғалімі, 1 курс магистранты Рамира Кебирова; «Бакалавриат» мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Омбаева Арайлым, 1 курс магистранты Кристина Дегтярева; сондай-ақ «Бакалавриат» мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Ксения Косилова.
Финалистер өздерінің зерттеу жобаларын таныстырып, жоғары деңгейдегі аналитикалық ойлау, креативтілік, дербестік және өзіне деген сенімділіктерін көрсетті. Іс-шараның ерекше атмосферасын екінші курс студенттері - «Бастауыш білім беру бизнес инновациялармен» білім беру бағдарламасының модераторлары қамтамасыз етті, олар техникалық және ұйымдастырушылық жағынан қолдау көрсетті. Жеңімпаздарға атаулы дипломдар, жетекшілерге алғыс хаттар және жартылай финал қатысушыларына арналған сертификаттар дайындалды.
Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқау дарынды балаларды анықтау мен қолдауға арналған, сондай-ақ университет пен жалпы білім беретін ұйымдар арасындағы тиімді өзара әрекеттестікті көрсететін маңызды алаңға айналды.
Ұйымдастыру комитеті барлық қатысушыларға, педагогтерге және ата-аналарға белсенді қатысқандары және бастауыш мектеп жасынан бастап зерттеу мәдениетін дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдіреді. Мұндай іс-шаралар еліміздің саналы, жауапты және бастамашыл азаматтарының жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоғары деңгейдегі белсенділік танытқан - дуальді оқыту бойынша серіктес мектеп - «NGS Жаңа ұрпақ мектебі» және бастауыш білім беру кафедрасының түлектері жұмыс істейтін «Giraffe Primary School» жеке меншік мектебінің оқушылары. Сондай-ақ, байқауға қатысушыларды дайындаумен айналысқан 3 және 4-курс студент-практиканттарын да ерекше атап өткен жөн, бұл олардың жобалық оқыту технологиясын тәжірибеде қолдана алу құзыреттілігін растайды.
Байқау нәтижелерінің хаттамасы QR-код арқылы қолжетімді. Байқауды ұйымдастыруға жауапты тұлғалар - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастауыш білім беру кафедрасының оқытушылары: Әсел Ақпаева, Лариса Лебедева, Жупат Астамбаева.

