қазақша · русский · english
 
 
 
15.04.2025

Stem-фестиваль: Ғылым жолындағы мектеп пен университет серіктестігі


2025 жылдың 14 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен базалық мектептер арасындағы дуалды серіктестік аясында STEM-фестиваль сәтті өткізілді. Іс-шаралар «Үркер» және «Prometeus» мектептерінің 3-сынып оқушыларына арналды.


Фестиваль «Көптілді бастауыш білім беру» және «Бизнес-инновациялармен бастауыш білім беру» мамандықтарының 1 және 2 курс студенттері ұйымдастырды. Бұл іс-шара профессор Асель Акпаеваның «Бастауыш сынып оқушыларын оқытудың әдістері мен технологиялары» пәнін оқу нәтижесі ретінде және болашақ педагогтардың практикалық даярлығын арттырудағы маңызды кезең ретінде өткізілді.


Бастауыш сынып оқушылары интерактивті шеберлік сағаттарына, қызықты тәжірибелерге, STEAM-ойындарға, робототехникаға және шығармашылық тапсырмаларға белсене қатысты. Оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігі іс-шара барысында жоғары деңгейде байқалды.


Фестивальге бастауыш білім беру кафедрасының оқытушылары - профессор Асель Акпаева, педагогика магистрі, аға оқытушы Марьям Бекбаева, педагогика магистрі, оқытушы Динара Самбет, сондай-ақ «Бастауыш білім беру» білім беру бағдарламасының эдвайзері Ақгүл Сихаева қатысты. Эдвайзер серіктес мектептерде өткізілетін практикалық жұмыстардың мазмұны мен ұйымдастырылуын зерттеу мақсатында келді.


«Prometeus» мектебі - бастауыш білім беру кафедрасының дуалды серіктесі болып табылады. Бұл мектеп базасында 1 курс студенттері оқу жылының басынан бастап білім алып келеді. Олар ұстаздардың тәжірибесін жүйелі түрде зерттеп, мектептегі оқу және тәрбие үдерістеріне белсенді қатысуда.


«Үркер» мектебі - университеттің тәжірибе базасы ретінде жұмыс істейді. Мұнда 2 курс студенттері оқу жоспарына сәйкес тәрбие жұмысы және сыныптан тыс іс-шаралар бойынша педагогикалық тәжірибеден өтуде.


Сонымен қатар, «Мектеп пәндерін оқытудағы АКТ» пәні аясында үш жылдық оқу бағдарламасының 2 курс студенттері оқытушы Динара Самбеттің жетекшілігімен фестивальден бейнематериал түсіріп, оларды өңдеумен айналысты. Бұл студенттердің цифрлық педагогикалық дағдыларын дамытуға нақты мүмкіндік берді.


1 курс дуалды оқитын студенттердің ұйымдастырушылық жұмыстарына кафедра профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Лариса Лебедева жетекшілік етті.


STEM-фестиваль университет пен мектептер арасындағы табысты ынтымақтастықтың айқын көрінісі болды. Бұл болашақ мұғалімдерге теориялық білімдерін практикада қолдануға, ал оқушыларға ғылым әлеміне қызыға енуге мүмкіндік берді.


«Prometeus» мектебіне - дуалды серіктес ретінде, «Үркер» мектебіне - тәжірибе базасы ретінде алаң ұсынып, бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіреміз!

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 




Кері оралу