қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.06.2019

Педагогикалық білім берудің заманауи бағыттары

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі мұғалім кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының базалық орталығы болғандықтан, жаңа ғасырдың жаңа педагогтарын даярлау жөніндегі тың ойлар мен бастамалар осы университеттен бастау алатыны бекер емес. Бұл жаңашылдық өзінен-өзі келмейтіні ақиқат. Ол педагог кадрларын жаңаша дайындауға бағытталған тың ізденістерден, зерделі зерттеулерден, озат тәжірибелерден, шетелдік жоғары оқу орындарында өмірге келген инновацияларды енгізуден туындайтын құндылықтар.

 

Осыған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаевтың бастамасымен оқу орнында екі жылдан бері заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа мұғалімдер даярлаудың жолдары мен әдістерін іздестіруге батыл қадамдар жасалып отыр. Өткен мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Ресей, Беларуссия, Армения, Қазақстан және Қырғызстан, ТМД құрамындағы басқа да мемлекеттердің педагогикалық жоғары оқу орындарында жас педагогтар даярлаудың жайына арналған халықаралық жиын өткізілсе, ал енді маусым айында Абай университетінде «Педагогикалық білім берудің қазіргі заман үдерістері» тақырыбында өткен халықаралық форумда да бұл өзекті мәселе түбегейлі талқыланды. Кембридж (Ұлыбритания), Магдебург (Германия), Окаяма университеттері (Жапония), Чжэ-цзян политехникалық университеті (ҚХР), Шяуляй университеті (Литва), Ювяскюл университеті (Филяндия), Түркияның Ускудар, Гази, Ахи-Евран университеттері, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей), Назарбаев университеті мен көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл жиын Алматыдағы «Рахат палас» қонақ үйінің мәжіліс залында өтті. Форумды ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Т.Балықбаев күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.

 

ХХІ ғасыр - жаһандық жаңа технологиялар мен инновациялар ғасыры, жаңаша ойлау және әлемде болып жатқан өзгерістерге жаңа көзқарастар қалыптастыру ғасыры, -- деді Т.Балықбаев. - Бұл өзгерістер немен байланысты? Біріншіден, бұл білім беру парадигмасының негізі болып табылатын оқытудың жаңа шарттары мен белсенді әдістерін жасау; екіншіден, жедел өзгермелі әлемнің талаптарына сәйкес сыни ойлайтын және функциональдық сауатты тұлғаны дайындауға деген талаптардың өсуі; үшіншіден, мектепте оқыту мен оны оқу үдерісін жаңарту, педагогтардың инновацияларға, өзін-өзі дамытуға, жетілдіруге, корпаративтік өзара іс-қимылға дайындығы деген сөз. Бүгінгі білім берудің жүйесі ашық болуға тиіс. Оның мақсаты - оқу үдерісі субъектісінің барлық пікірін ескере отырып жұмыс істеу. Біз ұлттық педагогикалық білім беру жүйесінің басында отырғандықтан білім саясатын дамытуға, отандық білім жүйесін алға жылжытуға бағытталған оқытудың жоғары сапалы технологиясы мен жаңа әдістемелерін енгізуге ұмтылудамыз. Біздің бүгінгі тренд - бұл цифрлық революцияға қол жеткізу деген сөз. Болашақ педагогтар жаңа цифрлық құзіреттілікке креативтік элементтерге, коммуникативтілікке зәру. Сондықтан бүгінгі педагогтан жалпы орта білім берудің жаңартылған стандарттарын, мазмұнын, методологиясын қабылдау, оқу үдерісін бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз ету талап етіледі.

 

Жапонияның Окаяма университетінің профессоры Хироки Фуджи, Түркияның Ускудар университетінің профессоры Нурпер Ульку, Финляндияның Ювяскюля университеттер тобының жетекші сарапшысы Яакко Скантси, Германиядағы Магдебург университетінің кеңесшісі Карлос Мачадо, Литвадағы Шяуляй университетінің профессоры Стефания Алишаускиене, Назарбаев университетінің профессры Элайн Шарплин, АҚШ-тағы KS Global Partners компаниясының директоры Джон Ким және басқалар жаңа заманның жаңа педагогтарын даярлау туралы өз тәжірибелері мен ұстанымдарын ортаға салды. Форумның келесі күнінде өткен әр алуан шеберлік сыныптарында, пікір алмасуларда, дөңгелек үстелдерде жаңа педагог даярлаудың басқа да тың тәсілдері мен әдістері туралы пікір алмасылды.

 

26.06.2019 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz