қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
08.11.2019

Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:«Білім - біздің өмір сүруіміздің басты факторы»

 


 

- Такир Оспанұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінде Қазақстан Республикасындағы білім беру сапасын арттыруға баса назар аударған болатын. Ол отандық мамандар дайындау жүйесінің нақты еңбек нарығынан алыстап қалғанын, жыл сайын 21 мыңдай мектеп түлегі жоғары және кәсіптік оқу орындарына түсе алмайтынын атап өтті. Бұл мәселелердің туындау себебі неде деп ойлайсыз?


- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында нақты шешілуі тиіс бірқатар өзекті мәселелерді атап көрсетті. Отандық мамандар дайындау жүйесі экономикадан ғана емес, нақты еңбек нарығынан да алыстап қалғаны туралы айтқан сөзінің жаны бар. Бұл олқылық, әсіресе, орта білім беру жүйесінде айқын аңғарылады. Өйткені, балалардың әрі қарай білім алуы мен өмірге бейімделуінің іргетасы осы кезеңде қаланады. Талапкерлердің отандық жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін анықтайтын қажетті мамандарға берілетін мемлекеттік тапсырысты да естен шығармаған жөн. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегінің жоғары және кәсіптік оқу орындарына түсе алмауының да өзіндік себептері бар. Айталық, биыл мемлекет тарапынан 55 мың грант бөлінді. Алайда, оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер саны екі есе артық болды. Мемлекеттік тапсырысқа ие кәсіптік-техникалық оқу орындарында да дәл осындай жағдай. Аталмыш оқу орындарында да талапкерлер саны жыл санап көбейіп келеді. Осыған байланысты балалардың барлығының бірдей арнайы мемлекеттік тапсырыс (грант) бойынша жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан уақыт жоғалтпас үшін, олар ақылы бөлімге оқуға түседі. Ал ақылы оқуды қалтасы көтермейтін ата-аналардың балалары оқуға түсуді келесі жылға қалдырып, бір жыл үйде отыруға немесе жұмысқа орналасуға мәжбүр болады. Сөйтіп бұл да бір қоғамның өзекті мәселесіне айналады. Аталған мәселені шешу бағытында мемлекет тарапынан қандай шаралар қолға алынуда дегенге келсек, төрт жыл бұрын Елбасының бастамасымен баршаға ортақ алғашқы тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы қабылданған еді. Онда тегін оқумен алғашқы кезекте жұмыссыз және өз бетімен жұмыс жасап жүрген жастарды, арнайы кәсіптік білімі жоқ еңбекке қабілетті жандарды қамтамасыз ету қажеттігі атап көрсетілген. Осылайша балаларға мемлекет есебінен жұмысшы мамандықтарын тегін игеруге жағдай жасалды.


Сонда жолы болмаған 21 мың түлек қайдан шықты деген заңды сұрақ туындайды. Менің ойымша, мұның екі себебі бар. Біріншісі - жоғары оқу орнына түсе алмаған түлек техникалық оқуға барғысы келмеді, екіншісі - келесі жылы тағы да бағын сынап көрмек. Бұл колледждер, мектептер мен жергілікті органдар тарапынан кәсіби бағдарлау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінің салдары деп ойлаймын. Сондықтан, мектептерде оқушылардың өз білімі мен мүмкіндігіне лайықты мамандықты таңдау қажеттігін саналарына құя беру қажет.


- Кез келген жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектің алдынан кездесетін басты мәселе - жұмысқа орналасу. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы елдегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана түлектерінің жұмысқа орналасуын 60 пайызға қамтамасыз ететінін айтқан болатын. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы қандай жұмыстар атқарып жатыр?


- Бұл бағыттағы жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай десем, қателеспеймін. Биылғы түлектеріміздің 97 пайызын мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруға ықпал жасадық. Университеттегі Мансап орталығының тынымсыз жұмысының нәтижесінде көптеген жұмыс берушілермен тиімді қарым-қатынас орнатылған. Мысалы, биыл Абай атындағы ҚазҰПУ-да ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесіне 120-дан астам компания қатысып, біздің түлектердің арасынан өздеріне қажетті мамандарды таңдап алды. Сонымен қатар арнайы жасақталған «Mansap» мобильдік қосымшасының да жұмысқа орналасу мәселесінің тезірек шешілуіне көмегі көп. Студенттер қосымша арқылы өтінімдерін қалдырып, жақсы маман қажет болып жатқан компаниялармен тікелей байланысқа шыға алады. Сөйтіп осындай жаңа технологиялардың көмегімен түлектеріміз оқу бітірер шамада жұмыс берушілерден нақты ұсыныстар алып отырады.


- Ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен халықпен кездесуіңізде қазіргі заманғы жоғары оқу орнының басты мақсаты кәсіби біліктілігі жоғары профессорлық-оқытушылық құрамды қалыптастыру екенін айтқан едіңіз. Университетіңізде ол жағы қалай?


- Жуырда ғана 90 жылдық торқалы тойын атап өткен Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - тарихы бай, өзіндік дәстүрлері қалыптасқан оқу орны. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты болып тұрған кездің өзінде-ақ еліміздегі кәсіби біліктілігі жоғары педагогтар мен мұғалімдер дайындайтын бірден-бір орталық болатын. Педагогика және гуманитарлық-жаратылыстану саласындағы алдыңғы қатарлы мамандар осы қарашаңырақта дәріс берді. Бұл игі дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Университеттегі 900 оқытушының ішінде 140 ғылым докторы мен профессор, 14 академик пен ҚР ҰҒА-ның мүшесі, 45 қоғамдық академиялардың академигі еңбек етеді. Бұлардың барлығы да ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан абыройлы жандар. Біздің оқытушылар мен ғалымдар еш уақытта өздерінің біліктіліктерін дәлелдеуден жалыққан емес. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасының үздік ұстазы атанған 200 мұғалімнің қатарында біздің университеттен 7 педагог болғанын мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, оқу орнының оқытушылары шетелдік тағылымдамалардан өтіп, семинарлар мен ғылыми конференцияларға қатысады, түрлі ғылыми жүлделер мен шәкіртақылардың иегері атанып жатады. Ұлттық рейтинг көрсеткішінде республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында тұрақты түрде көш бастап келеміз. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, Білім беру сапасын қамтамасыз ететін тәуелсіз агенттіктің «Білім беру» бағыты бойынша Институционалдық рейтингте біздің университет бірінші орынды жеңіп алды. Педагогикалық бағдар бойынша 31 білім беру бағдарламамыз Тәуелсіз аккредитациялау және рейтинг агенттігінің білім беру бағдарламаларының ТОП-3 рейтингіне енді. Аталған агенттіктің ҚР жоғары оқу орындарының сұранысқа ие болу көрсеткіші бойынша Ұлттық рейтингте бесінші орындамыз. 2019 жылы университет Білім беру сапасын қамтамасыз ететін тәуелсіз агенттіктің Институционалдық аккредитациясынан өтіп, өзінің мықтылығын дәлелдеп шықты. Абай атындағы ҚазҰПУ-да педагогтар дайындау барысында жаңартылған мазмұндағы орта білім беру мен мұғалімнің кәсіби біліктілігіне баса мән беріледі. Осыған орай бүгінгі таңда 187 пәннің мазмұны жаңартылған, жаңа оқу пәндері, оқыту әдістері мен технологиялары енгізілген. Білім берудің халықаралық деңгейіне саймыз десек, артық айтқандық емес. Университет жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтында жергілікті оқытушылармен қатар, Франциядан арнайы келген профессорлар да дәріс береді. Оқытушылар құрамын магистратура мен докторантура түлектері есебінен толықтырып отырамыз. Ағымдағы жылы осындай 40 түлек қызметке алынды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, жаңалық ашуға ниетті профессор-зерттеушілерге байқау жариялап, қаржы бөліп, жағдай жасаймыз. Отандық ғылымды дамытуға өз үлестерін қосады деген мақсатта ғылыми жарияланымдары ең жоғары Хирша индексіне ие болған және ішкі рейтинг бойынша алдыңғы 70 орыннан көрінген ғалымдарымызға да материалдық тұрғыда қолдау көрсетіп отырамыз.


- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында «Сапалы білім берудің орнына диплом сатумен айналысатын университеттердің бар екені жасырын емес» деген сөзі бар. Абай атындағы ҚазҰПУ-да білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізілуде?


- Бізде университет басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін және студенттерді мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуге бағытталған біртұтас бағдарлама бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Бұдан басқа құрамына үш комиссия - Академиялық адалдық бойынша комиссия, Тәуекелді бағалау комиссиясы және Өтініштерді қарау комиссиясы енген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету кеңесі жұмыс істейді. Оған қоса оқу ғимараттарындағы жағдайды сараптау мақсатында студенттердің арасында сауалнама жүргізіліп тұрады. Басшылық тарапынан кез келген сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу туралы қатаң талап қойылған оқу орнында мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмек емес. Университеттегі әрбір әрекет мейлінше ашық және мөлдір. Оқытушылар мен студенттердің іс-әрекеттері, тестілеу мен емтихан тапсыруы «UNIVER» автоматтандырылған жүйесі арқылы қатаң бақылауда болады.

 

Тәртіп бұзған студенттер оқудан шығарылады. Тек студенттер ғана емес, оқытушыларға да мейлінше қатаң шара қолданылады. Мысалы, жуырда студенттер арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша, өз кітаптарын оқушыларға сатқан бірнеше оқытушы жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ, осы мақсатта таяуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып «Парасат» орталығын аштық. Мұнымен қатар заңдылықтың сақталуын бақылап отыратын «Комплайн офицердің» жұмысына студенттердің өздері тартылатын болады. Қаладағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған «Мейірімділік акселераторы» жобасын іске қостық. Жоба аясында Алматы қаласының әкімдігі ұсынған жеті отбасыға арналған көмекті біздің студенттерден құралған еріктілер тобы тарататын болады.


- Сіздің ректор болып тағайындалғаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Дейтұрғанмен, «Шапағат» орталығының ашылуы, Қысқы және Жазғы мектептер арқылы жүйелі түрде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруды енгізу, академиялық еркіндік форматында жаңа 295 білім беру бағдарламаларын жасақтау сияқты оң өзгерістер Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асып жатқанын білеміз. Алда тағы қандай жоспарлар бар?


- 2017-2018 оқу жылында біз университеттің даму стратегиясын қайта қарап, оны алға қойған мақсаттарға сәйкестендіру туралы шешім қабылдадық. 2025 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын жасадық. 2025 жылға дейін әлемнің үздік 450 университетінің қатарына енуді және ТМД елдерінің педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында үздік атануды мақсат етіп қойдық. Бұл - бірінші бағыт. Екіншісі шетелдік студенттердің үлес салмағын 5 пайызға дейін арттыруға бағытталған. Ал үшіншісі - қос дипломды білім беру бағдарламасын 15 пайызға жеткізу. Қазір осы межелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зерттеу институты болуды мақсат тұтқан университет «Жол картасы» аясында алдымен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, ғылыми зерттеулер санын көбейтуді жоспарлап отыр. Екіншіден, университетті толығымен цифрландыруға көшіру көзделуде. «UNIVER» жүйесі туралы жоғарыда айттым, бүгінде барлық құжат айналымы электрондық нұсқаға аударылып, студенттік жатақханаларды бөлу жүйесі автоматтандырылды. Сонымен қатар, алты жылға есептелген біртұтас цифрландыру тұжырымдамасы жүзеге асырылып келеді.


- Биылғы талапкерлердің ішінде, әсіресе, PhD-докторантураға тапсырғандардың арасында ағылшын тілін жетік меңгермегендер көп болуына байланысты бөлінген мемлекеттік гранттар игерілмей қалған деген ақпарат бар. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін гранттар саны келесі жылы азайып кетпей ме немесе тіпті бөлінбей қалуы мүмкін бе?


- Иә, бұл өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, магистранттар үшін арнайы IELTS және TOEFL сынақтарына дайындық курстарының ұйымдастырылғанына қарамастан, аталған сынақтардан өте алмағандар көп болды. Нәтижесінде докторантураға бөлінген гранттардың 60 пайызы ғана иегерілді. Бұл өте төмен көрсеткіш екенін түсінеміз. Бүгінгі таңда ағылшын тіліне қойылар талап жоғары екенін ескере отырып, студенттерімізді соған дайындауға жете көңіл бөлудеміз. Көпшілігінің тіл үйренуге ынтасы болғанмен, қалтасы көтермейді, сондықтан, университет тарапынан оларға мүмкіндік беруіміз қажет. Осыған байланысты өз студенттеріміз бен магистранттарымыз үшін университет есебінен ағылшын тілін үйрету курстары ашылуда. Студенттің төлем мүмкіндігі төмен болса, университет жалпы соманың 50 пайызын өтейді. Келесі жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі бөлген гранттар толығымен игеріледі деген сенімдемін.


- Менің соңғы сауалым философиялық пайымдар тұрғысынан болмақ. Ұлы ойшылдардың бірі «Ұлттың дамуын тежеу үшін ілім-білімнен айыру қажет» деген екен. Осы орайда Сіздің ойыңызды білсек...


- Менің ойым бұдан да тереңірек. Егер ұлтты ілім-білімнен айырса, тежелу былай тұрсын, ол мүлдем жойылып кетеді. Қазіргідей қарқынды дамып жатқан заманда үздіксіз оқу-білімсіз өмір сүру, даму, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Білім - біздің өмір сүруіміздің басты факторы. Жақында менен студенттерім: «Жастарға не тілер едіңіз?» деп сұрады. Ең алдымен, оларға оқуға деген құштарлық пен сапалы білім қажет. Кез келген ұлт алдыңғы қатарлы білім беру жүйесінің арқасында ғана дамып, жетіліп, көркейіп, бәсекеге қабілетті бола алады. Біздің еліміз, соның ішінде, әр сала, әр адам балалардың ең жақсы, ең сапалы білім алуы жолында еңбек етуі қажет. Қазіргі таңда неге біз ағылшын тілі туралы көп айтамыз? Өйткені, атааналардың көпшілігі балалары әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде білім алып, еліне пайдасын тигізсе деп армандайды. Бірақ, ол үшін ағылшын тілін тиісті деңгейде меңгеріп, басқа да әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша жақсы білімі болуы тиіс. Ал оған тек сапалы білім беру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бүгінде көп айтылып жүрген төртінші өнеркәсіптік революцияға кіретін инновация, технология, идеология, смартжүйелердің барлығы да білім беру жүйесіне негізделеді.


- Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан
Бахтияр Тохтахунов,
Айгүл Ахметова

 

08.11.2019 ж.

Ақпарат көзі: zanmedia.kz