қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.12.2019

Ф.Ш. Оразбаеваның 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция

 

   

 

2019 жылдың 29 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесi, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Педагогика ғылымдары Халықаралық академиясының академигі, ҚР Президентіне үміткерлерден мемлекеттік тілден емтихан алушы, Лингвистикалық комиссиясының хатшысы Оразбаева Фаузия Шәмсиқызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Коммуникативті лингвистика және сөзтаным» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-да профессор Оразбаева Фаузия Шәмсиқызының мерейтойы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

 

Жалпы білім беретін мектептердің «Қазақ тілі» пәні (қазақ мектептері, өзге тілді мектептері) мұғалімдерінің арасында «Сөйлесім әрекетін меңгерту заманауи парадигмалар мен инновациялық технологиялар тоғысында» тақырыбында панорамалық сабақтан республикалық байқау өткізілді. Байқауға бірнеше облыстан 20 шақты өтініш келіп түсті.Олардың ішінен байқау талаптарына сай үздік 10 панорамалық сабақтың бейнетаспасы таңдалып алынды. Байқаудың нәтижесін арнайы құрылған әділ қазылар алқасы анықтады. І, ІІ, ІІІ орын жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлық берілді.

 

25-28 қараша күндері ҚазҰПУ-да профессор Фаузия Шәмсиевнаның 70 жылдық мерейтойы аясында «Оразбаева апталығы» өтті. Апталықта «Ф.Оразбаева мектебінің» шәкірттері «Профессор Фаузия Оразбаева тағылымы: тұлға қалыптастырудағы 4К моделі» тақырыбында жүйелі шеберлік сыныптар ұйымдастырылды.

 

Шеберлік сыныптары «Интерпретациялық талдау - 4К моделін жүзеге асырудың көрсеткіші», «Тілтаным мен сыни ойлауды сабақтастыру жолдары», «Профессор Ф.Ш. Оразбаева еңбектеріндегі 4К моделін қолданудың жолдары», «Эссе жазудың тиімді жолдары», «Тіл үйретуде сөйлесім әрекетінің түрлеріне қатысты тапсырмаларды дайындау жолдары», «Шағын ғылыми жанр түрлері бойынша білім алушылардың жазылым дағдыларын қалыптастыру әдістемесі», «Әдеби шығармаларды оқытудың креативті тәсілдері» тақырыптарында өтті.

 

Іс-шараларға Алматы қаласы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, мектеп мұғалімдері, ізденушілер, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. 28 қараша күні апталықтың жабылу салтанатында 72 сағаттық шеберлік сыныбына қатысқаны үшін тыңдаушыларға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сертификаты табысталды.

 

Ғалым Ф.Ш.Оразбаеваның 70 жылдық мерейтойына жиналған ғылыми мақалар 2 томдық жинақ болып басылды. Конференцияға қатысушылардың мақалалары тегін жарияланды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Академик С.С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы