қазақша · русский · english
 
 
 
26.02.2021

М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттарының ғылыми тағылымдамасы

 

2021 жылдың 25 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология және көптілді білім беру институты академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өткен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «7М02310-Филология» мамандығының 1-курс магистранттарымен ғылыми-тәжірибелік вебинар өткізілді.

 

Ғылыми-тәжірибелік вебинарға Филология және көптілді білім беру институтының директоры Алуа Таңжарықова, институттың ғылыми істер жөніндегі орынбасары Алмас Найманбаев, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Нағима Ильясова, ф.ғ.д., профессор Темірхан Тебегенов, ф.ғ.д., профессор Қаламқас Қалыбаева, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Саян Жиренов; М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Филология факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым, ф.ғ.д., профессор Болатбек Тлеубердиев, ф.ғ.к., доцент Нұрлыбек Омаров және ғылыми тағылымдамадан өткен магистранттар қатысып, ғылым мен білімнің сабақтастығы жайында ой бөлісті.

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистранттары Пернехан Ақжан, Мадина Маден, Дидар Баяндиевалар кафедраның профессор-оқытушылары Темірхан Тебегенов, Қаламқас Қалыбаева мен Саян Жиренов т.б. өте тәжірибелі ұстаздардың дәріс, тәжірибелік сабақтары деңгейінің өте жоғары, ғылыми деректердің танымы мен тағылымы мол екендігіне тоқтала отырып, алдағы уақытта да кафедра профессор-оқытушыларының дәрістеріне онлайн режимінде үзіліссіз қатысуға мүмкіндік жасалса деген ұсыныстарын білдірді. Ғылыми тағылымдама барысында тіл білімі ғылымының антропоцентристік бағыттары, оның ішінде аксиология саласы бойынша ғылыми жоба презентациясымен таныстырды.

 

Екі университет профессор-оқытушылары кәсіби құзыреттілігі жоғары маман даярлауда атқарылатын жұмыстар, екіжақты ғылыми жобалар жасау, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мәселелерін жан-жақты талқылады.

 

Ғылыми-тәжірибелік вебинардың қорытынды кезеңінде институт директоры Алуа Таңжарықова М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистранттарына университет сертификатын табыстады.

 

Вебинар модераторлары: Роза Бақбергенова - ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, Нурила Халикова - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.

 

   




Кері оралу