қазақша · русский · english
 
 
 
03.06.2021

Дипломдық жобаларды қорғау сәтті басталды

 

Дипломдық жоба- бітіруші түлектердің мамандықтарына сай алған кәсіби білімін нақты тәжірибеде шығармашылық бағытта қолдану білігі. Биылғы оқу жылынан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бітірушілерге ғылыми жоба қорғау талабы қойылған. Филология және көптілді білім беру инситутының стратегиялық жоспарында білім үрдісіндегі цифрландыру саясатын жүзеге асыру мақсатында информатиктермен бірлесе жоба қорғау жоспарланған болатын. Соны жүзеге асыру мақсатында бүгін «5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы 4 курс студенттері Ж.Лукпанова, А.Нұрланова және «5В011100-Информатика» мамандығы студенттері Р.Зуфарова, А.Мавлудова бірлесе орындаған «Орта мектепте Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын цифрлық технологияларды пайдаланып оқыту әдістемесі» кешенді дипломдық жоба (ғылыми жетекшілері: п.ғ.к., доцент Б.Т.Қабатай; п.ғ.к., қауым.профессор м.а. Н. Т. Ошанова) қорғалды. Үкімет құжаттарында білім саласы алдында екі өзекті мәселе ерекше қойылып отырғаны белгілі: ізгілендіруді алға тарту және цифрландыруды жолға қою. Аталған ғылыми жұмыста осы мәселе кешенді тұрғыда қарастырылып, жалпы адамзатты, оның ішінде мектеп оқушыларын ізгілендіруде Абайдың тұжырымдары темірқазық ретінде алынып, оны оқыту үрдісінде қолдануда цифрлық технологияны пайдалану тетіктері жасалған. Практикалық бөлімдегі Padlet, Story jumper, Learningapps, Kahoot, Kitap.kz, Bandicam бағдарламаларында орындалған «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша сабақтар, сыныптан тыс оқу, әңгіме сағаттары, постер қорғау, эссе жазу т.б. жұмыс түрлері цифрландыру арқылы жанданып, оқушыны Абай әлеміне кіруге жетелейді. Алматы қаласы Ш.Уәлиханов атындағы 12 мамандандырылған гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, п.ғ.к. Р.Сәкенова төрайымдық жасаған комиссия құрамы ғылыми жобаның практикалық құндылығын атап өтті және сәтті орындалған жұмыс деп бағалады. Қазіргідей «Цифрлық Қазақстан» құру реформасы қарқынды жүріп жатқан білім саласында аталған жұмыс зор сұраныспен қолданылатынына сенім білдірілді.

 

   

 

   

 

   




Кері оралу