қазақша · русский · english
 
 
 
29.11.2021

Профессор Ж.Т. Дәулетбекованың 60 жылдығына арналған «Сөз мәдениеті: Ғылым. Білім. Әдістеме» семинары

 

2021 жылдың 23 және 25 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институты, «Латын» ғылыми-практикалық орталығының «Тілтұмар» бірлестігі, академик С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ҚР білім беру ісінің үздігі, «Үздік оқытушы» мемлекеттік грантының иегері, профессор, танымал ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Сөз мәдениеті: Ғылым. Білім. Әдістеме» тақырыбында екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-семинар өткізді.

 

23 қарашада «Әдістеме - шеберлік әлемі» сұхбат алаңы болды. Сұхбат алаңын ұйымдастырудың мақсаты - педагог-ғалым Жанат Дәулетбекованың ғылыми-әдістемелік ізденістерінің нәтижесінде жинақталған мол тәжірибесін тарату болды.

 

Аталған шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы «Латын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Фаузия Оразбаева жүргізді.

 

Сұхбат алаңына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология және көптілді білім беру институтының директоры Алуа Таңжарықова қатысты.

 

Сұхбат алаңында ұлағатты ұстаз Жанат Дәулетбекова ана тілі мен оны оқытудың ұтымды жолдары туралы республиканың ЖОО оқытушылары, мектеп мұғалімдері, докторанттар мен магистранттар, ізденушілер мен студенттерге «Тілді оқыту әдістемесі: заманауи тенденциялар мен парадигмалар» тақырыбында ашық дәріс өткізді.

 

Аталған шара аясында Алматы қаласы № 135 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мұхамеджанова Балнұр «Терминдерге мән бере оқыту», №95 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қосынғали Аршын «Ұлттық діл қалыптастыруға мән бере оқыту», ҚазҰПУ Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс магистранты Рүстемова Махаббат «Ережелерге мән бере оқыту», Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3-курс студенті Жолдас Айдана «Функционалдық сауаттылық қалыптастыруға мән бере оқыту» тақырыптарында әдіскер-ғалым Жанат Тұрарбекқызының «Мән бере оқыту» технологиясы бойынша панорамалық сабақтар көрсетті.

 

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Сөз мәдениеті: Ғылым. Білім. Әдістеме» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-семинардың екінші, 25 қарашада пленарлық мәжіліс өтті. Мәжілісті Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология және көптілді білім беру институтының директоры Алуа Таңжарықова жүргізді. Пленарлық мәжілісте отандық және шетелдік танымал ғалымдар профессор Жанат Тұрарбекқызының шығармашылығы, ғылыми-әдістемелік зерттеу бағыттары, тілді оқытудың парадигмалары туралы баяндама жасады. Атап айтқанда: ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Фаузия Оразбаева, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразова, Назарбаев Университетінің профессоры Гүлтас Құрманбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбай, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова баяндама жасады.

 

Сонымен қатар салтанатты мәжілісте Түркия Республикасы Анкара қаласы, Гази университетінің профессоры, Томар тіл орталығының директоры - Незир Темур, Афион қаласы Қожатепе университетінің профессоры Хусейн Мутлу Қахарманның баяндамалары тыңдалды.

 

Отандық және шетелдік ғалымдар, жоо оқытушылары, мектеп мұғалімдері мен білім алушылардың қатысуымен профессор Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Сөз мәдениеті: Ғылым. Білім. Әдістеме» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-семинарға 180 адам қатысты. Халықаралық-онлайн семинарға 100-ден аса мақала жиналды. Соның ішінде 25 мақала профессор Ж.Т.Дәулетбекованың ғылыми-зерттеу бағыттары мен әдістемелік, шығармашылық еңбектеріне арналған.

 

Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-семинарды ұйымдастырушылар: Филология және көптілді білім беру институтының директоры Таңжарықова А.В.; қауымдастырылған профессорлар А.Қ.Рауандина және М.С.Әлібаева; профессор Р.С.Рахметова; аға оқытушы Ф.Қ.Юсуп.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   




Кері оралу