қазақша · русский · english
 
 
 
21.12.2021

Тәуелсіздік - мәңгілік ел көгінде

 

2022 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына орай Филология және көптілді білім беру институты академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасындағы «Сөзтаным» ғылыми-танымдық клубының жетекшісі, аға оқытушы Роза Бақбергенованың және клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік - мәңгілік ел көгінде» мерекелік іс-шара болып өтті.


Кештің шымылдығын Таңат Ақнұр «Қазақ елі осындай» әнімен ашып, ән соңы ізгі тілектермен жалғасты. Айтулы мерекенің құттықтау сөз тізгінін «Сөзтаным» ғылыми-танымдық клубының жетекшісі алып, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бидана Қабатай желтоқсан оқиғасын еске алуымен, желтоқсаншы тұлғаларды білімгерлерге таныстыруымен жалғастырды. Іс-шара барысында университетіміздің студенттеріне Қыздығой Егемова, Қуаныш Шохманова, Гүлмира Абдрахманова, Гаухар Калиакпарова, Раушан Ибраева, Жанар Укеева сияқты жоғары санаттағы мұғалімдер тәуелсіздік үшін барған жанкештіліктерін айтып, желтоқсан оқиғасының маңызын университет студенттеріне түсіндірді. Танымдық кеште доцент Ерсайын Молдасанов қазақ елінің азаттық алу жолындағы өткерген белестерін тебіреніспен еске алып, М. Шахановтың «Желтоқсан тағылымы» өлеңін оқыды. Академик С.Қирабаев атындағы кафедрамыздың оқытушылары Қарлығаш Сейталиева желтоқсан оқиғасында көргендерін тебіреніспен еске алып, Серікбол Сыздықов, Шоқан Құттыбаев, Жарқынай Қоқанова сынды белді оқытушылар тәуелсіз елдің жастарына ізгі тілектерін білдірді.

 

Танымдық кеште филология факультетінің белсенді студенті Бағашар Аружан дайындаған «Тәуелсіздік жолында» бейнежазбасы көрсетілді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіненің белсенді студенттері мен аға оқытушы Нұрила Халикова, Қарақалпақ елінен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының Түркі тілдер факультеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ырысты Құттымұратова және институттың 2-3 курс білімді де өнерлі студенттері қатысып, тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Азизбек Асантаев, Жумабекова Арай жылы лебіздерін өлең жолдарымен білдірсе, Ретханова Ақбота домбырада ойнап, қазақ еліне деген ыстық ықыластарын жеткізді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ерубай Арайлым тәуелсіз елімізге өз арнауын арнады. Университетіміздің филология факультетінің 4-курс үздік студенті, «Сөзтаным» клубының Координаторы Ортай Гаухар студенттерге жүрек жарды тілегін білдірді. Белсенді студент Үмбет Дильназ өз жанынан «Тәуелсіздікке тарту» атты өлеңін шығарса, Исман Мадина «Тәуелсіздікке арнау» әнін нақышына келтіре оқыды. Аталмыш шараның жүргізушісі, клубтың 3-курс бойынша Координаторы Даулетова Диана «Желтоқсан желі» әнін жанды дауыста орындап, кеш қонақтарын тебірентті.


Айтулы іс-шара соңында белсенді студент Маскатов Даулеттің Тәуелсіздікке арнаған авторлық видеосы қойылды. Танымдық кештің ұйымдастырылуына 2-ші курс студенттері бойынша клуб координаторы Анар Ақынғали, Алтын Мендыбаевалар көркемдік жағынан ұйымдастырлуында белсенділік танытты.

 

Тәуелсіздік мерекесіне арналған танымдық кеш тек университет деңгейінде ғана емес, халықаралық дәрежеде өтті. Студенттер мерекелік кештің куәсі болып қана қоймай, өнегемен өрілген қаншама ғұмырдың тірі тарихын жан-дүниесімен сезіне алды.

 

       

 

   




Кері оралу