қазақша · русский · english
 
 
 
25.04.2022

Ұлт ұстазын ұлықтаған сайыс


2022 жылдың 22 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология институты академик С.Қирабев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «6В01701-қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған «А.Байтұрсынұлы тағылымы» республикалық интеллектуалды сайыс болып өтті.

 

Интеллектуалды сайыстың негізгі мақсаты - ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы мұрасы мен ұлт руханиятына қосқан үлесін жас ұрпаққа кеңірек насихаттау, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру болатын.

 

Сайысқа А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінен «Адамдық диханшысы», І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен «Ұлағат», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен «Әбілхаят», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен «Жұмыр қылыш», «M.S.Narıkbaev atyndaġy KAZGUU Unıversıteti» АҚ «Сарф», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен «Маса», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан «Алаш баласы» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттен «Кемеңгер» командалары бақ сынасты.

 

Сайыстың «Таныстырылым», «Интеллектуалды сайыс», «SWOT талдау» кезеңдері бойынша шарттар түсіндіріліп отырды.

 

Әділқазылар алқасының Төрайымы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, ф.ғ.к., доцент Имаханбет Райхан Сахыбекқызы, ал әділқазы мүшелері әр топтың жеткшілері болды.

 

«А.Байтұрсынұлы тағылымы» интеллектуалды сайысқа белсене қатысып, терең білім, ұтқыр ой және зияткерлік қабілетімен дараланған топтарға жүлделі орындар берілді. Сайыс қорытындысы бойынша І орын - Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен «Зияткер» тобы, ІІ орын - «M.S.Narıkbaev atyndaġy KAZGUU Unıversıteti» АҚ «Сарф» тобы; М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен «Жұмыр қылыш» тобы, ІІІ орын - Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен «Маса» тобы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан «Алаш баласы» тобы; А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінен «Адамдық диханшысы» тобы иеленді.

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Әбілхаят» тобы «Цифрландырудың үздігі»; І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Ұлағат» тобы «Интеллектуалды жаңшыл топ» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Кемеңгер» тобы «Шығармашыл топ» номинацияларына ие болды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   




Кері оралу