қазақша · русский · english
 
 
 
Соғыс жылдары,соғысқа дейінгі және кейінгі кезең

Соғысқа дейінгі жылдар Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты үшін қалыптасу мен дамудың ең бір маңызды кезеңі болды. ҚазПИ-дің оқытушы-профессорлары мен студенттері жетілу, кемелдену сынағынан абыроймен өтті. Институт атағы бүкіл республикамен қатар одан тыс жерлерге де таралып,белгілі болды. Осы кезеңде ҚазПИ қабырғасынан түлеп ұшқан мұғалім мамандардың саны артып, кадрлар даярлау сапасы жақсарды, студент жастарды оқыту мен тәрбие беру дәстүрлері нығайып, бекіді. Институт республикадағы ғылыми ой орталықтарының біріне айналды. Мұнда Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиетінің даму мәселелері зерделеніп, жаратылыстану ғылымдары саласында іргелі зерттеулер жүргізілді.
Тәжірибе жинақтау, материалдық-техникалық базасының жақсаруы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюіне байланысты ҚазПИ-дің республикада жоғары оқу орындарын, Ғылым академиясын және басқа да білім, ғылым, мәдени мекемелер қатарын молайтып, оларды өркендетіп дамытуға үлесі мол.


Ұлы Отан соғысы жылдары ұжым үшін ең бір ауыр, сындарлы кезең болды. Институтта оқыту мерзімі қысқартылып үш жылдыққа көшірілді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан студенттер білім алуда белсене және табандылықпен еңбектенді. Жақсы оқу әркімнің патриоттық борышы болып саналды. Соғыстың алғашқы жылдарында оқытушылар саны күрт азайып кеткендіктен, КСРО-ның әр түрлі қаласынан Алматыға қоныс аударған көрнекті ғалымдармен педагогикалық қызметке тартылды. Олардың қатарында академиктер И.И. Мещанинов, В.И.Чернышев, Ф.Г.Фисенко, КСРО ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.Н.Баранский, профессорлар А.А.Глаголев, П.М.Рубинштейн, Д.И. Макеев, Г.А.Какиев, т.б. бар болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлік және еңбектегі ерлігі үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері орден және медальдармен марапатталды Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қаныш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рақымжан Тоқатаев, Ахмедияр Хұсайынов, Сәду Шәкәрім Отанымыздың жоғары наградасы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.


Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде маман мұғалім кадрларына деген қажеттілік күрт өсті, сондықтан студентер қабылдау, әсіресе сырттай оқуға қабылдау саны артты. Егер 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсна 362 студент қабылданса, сол жылы институтты сырттай 60 адам ғана бітірді. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент оқуға түссе, сырттай оқуды 594 адам тәмамдады.
ҚазПИ өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды. Бұл кезде институттың 39 кафедрасында 400 оқытушы, оның ішінде 16 ғылым докторы мен профессорлар, 200 ғылым кандидаты, доценттер жұмыс істеді.

Кеңес Одағының батыры
Ахмедьяр Хусаинов

Кеңес Одағының батыры
Канаш Хамзин
Кеңес Одағының батыры
Кудайберген Сураганов
Кеңес Одағының батыры
Саду Шакиров
Кеңес Одағының батыры
Малик Габдуллин
Кеңес Одағының батыры
Лесбек Жолдасов
Кеңес Одағының батыры
Рахимжан Токтаев

 

 

1999