қазақша · русский · english
 
 
 
15.09.2025

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СЕМИНАР ӨТТІ


2025 жылдың 11 қыркүйегінде М. Әуезов атындағы стадионда жеңіл атлетика бойынша семинар ұйымдастырылды. Семинарды Дене шынықтыру және спорт кафедрасының педагогика ғылымының магистрі, аға оқытушысы Ш.Меңдіғалиева жүргізді.

 

Іс-шара барысында жүгіру кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне ерекше көңіл бөлініп, жаттығуларды орындау барысында қандай іс-қимылдарға назар аудару қажеттігі түсіндірілді. Төменгі старттағы дұрыс тұру позасы, старттан шығу техникасы және екпін алу әдістері егжей-тегжейлі қарастырылды. Сонымен қатар мәреге жетудің тиімді тәсілдері көрсетіліп, тәжірибеде көрсетілді.

 

Қысқа қашықтыққа жүгіру шартты түрде төрт негізгі фазаға бөлінеді: старт, қарқын алу, қашықтық бойынша жүгіру және мәрелік кезең. Спринтте максималды жылдамдыққа қол жеткізу және жүгіруді тез бастау мақсатында төменгі старт техникасы қолданылады. Старттан жылдам шығуға көмектесетін станок пен колодкалар пайдаланылады. Жүгіру барысында жоғары жылдамдықты ұстап тұрып, мәре сызығын жылдамдықты жоғалтпай кесіп өту маңызды.

 

Сонымен қатар, бір орнынан ұзындыққа секіру техникасы төрт негізгі фазадан тұрады: орнынан серпілуге дайындық, серпілу, ұшу және жерге түсу. Бұл фазалар семинар барысында нақты көрсетіліп, суреттер арқылы түсіндірілді.

 

Семинарда қатысушылар арасында өзара пікір алмасулар мен талқылаулар жүргізілді. Іс-шараға Дене шынықтыру және спорт кафедра меңгерушісі Н.Төлегенұлы мен факультет оқытушылары қатысты.

 

 

  alt=  

 

 

  alt=  

 

 




Кері оралу