Геометрия 7–11 оқулықтарының авторы, профессор В.А. Смирновтың “Геометрия туралы” дәрісі
2025 жылдың 25 қыркүйегінде университетте 7–11 сыныптарға арналған геометрия оқулықтарының авторы, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің элементар математика және сандар теориясы кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор В.А. Смирновтың дәрісі өтті. Дәріс КазҰПУ-дың математика, физика және информатиканы оқытудың әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі А.Е. Абылкасымованың және геометрия оқулықтарының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, университет профессоры Е.А. Тұяқовтың кіріспе сөздерінен кейін басталды. Дәріске педагогикалық бағыттағы «Математика», «Математика және физика», «Физика» мамандықтарының студенттері, магистранттары, докторанттары мен кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Профессор Смирнов «Геометрия туралы» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан мен Ресейде қолданылып жүрген оқулықтардың мазмұндық ерекшеліктері туралы айтып берді. Ол сонымен қатар геометрияны оқыту әдістемесіне, кеңістіктік ойлауды қалыптастыру тәсілдеріне және геометрия оқулықтарын жазудағы ғылыми негіздерге ерекше назар аударды. Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер белсенді түрде пікірталас жүргізіп, сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ашық және еркін пікір алмасу атмосферасы дәрісті мазмұнды әрі шабыттандырарлық етті.
Бұл іс-шара қазіргі заманғы оқу-әдістемелік кешендердің авторларымен нәтижелі ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды.



