қазақша · русский · english
 
 
 
20.06.2017

         2017 жылдың 9 маусымында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті  Филология және көптілді білім беру институты қазақ тілі кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ тіл білімінің негізін салушы, осы университеттің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов атындағы дәрісхана ашылу салтанаты өтті. Дәрісхананың ашылу лентасын Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры М.Ермағамбетов пен  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, ғалымның ұрпақтары: профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов пен Ажар Ахметқызы Жұбановалар қиды. Дәрісхананың ашылу салтанатына ғалымның ұрпақтары және Алматы, Ақтөбе, Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, тілші ғалымдар мен әдіскерлер қатысты. Дәрісхананың ашылу салтанатын Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы жүргізді.

          Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д. Ж.Т.Дәулетбекова дәрісхананың мазмұндық-құрылымдық жүйесімен таныстырды. Дәрісхана Құдайберген Жұбановтың өмірі мен ғылыми еңбектерінен мағлұмат беру мақсатында көркем безендірілген, ақпараттық-танымдық бағыттағы тақталар  кешенімен жабдықталған. Кітап сөрелерінде ғалымның, жұбановтанушылар мен оның ұрпақтарының әр жылдарда жарияланған еңбектері мен көрнекті тұлғаның өмірдеректерін айғақтайтын құжаттар, бейнематериалдар арнайы  айдарлар бойынша топтастырылып  қойылған. Қ.Қ.Жұбановтың ғылыми-шығармашылық фотошежірелері арнайы альбом түрінде жинақталған.

         Дәрісхананың ашылу салтанаты «Рухани жаңғыру: профессор Құдайберген Жұбанов мұрасын зерделеудің заманауи бағыттары» тақырыбындағы  «Дөңгелек үстелге» жалғасты. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы,  профессор Ф.Ш.Оразбаева ғалымның мұрасы жөнінде баяндама жасады. Мерейлі іс-шараға қатысқан ғалымдар мен ізденушілер ғалым мұраларының өткені мен болашағы жөнінде келелі ой қозғап, пікір бөлісті.  

              Университет әкімшілігі мен ғалымның ұлы Асқар Жұбанов, туысы Ажар Ахметқызы Жұбанова дәрісхананы ашуға тікелей ат салысқан қазақ тілі  кафедрасының  меңгерушісі  п.ғ.д., доцент Ж.Т.Дәулетбековаға,  кафедра оқытушылары: п.ғ.д. профессор Ф.Ш.Оразбаеваға, п.ғ.д., доцент  Р.С.Рахметова, ф.ғ.к. доцент М.Жүнісова, педагогика магистрі А.Юсупқа   ризашылықтарын білдірді.

             Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті оқытушылары мен Жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Б.Хасанұлы дәрісханаға кітаптар мен бағалы сыйлықтарын тарту етті.

           Арнаулы ғылыми зерттеу еңбектерімен және заманауи жабдықталған дәрісхананың ашылуы жөнінде республикалық «Қазақстан» телеарнасындағы жаңалықтарда арнайы хабар берілді.

       Дәрісхананың ашылу салтанатынан көріністер: 

 

      Абай атындағы (сол жақтан оңға қарай) ҚазҰПУ-дың проректоры М.Ермағанбетов, Қ.Жұбановтың ұлы ф.ғ.д., профессор Асқар Жұбанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек дәрісхананы ашуда. 

Филология және көптілді білім беру институтының директоры Б.Әбдіғазиұлы дәрісхананың ашылу салтанатын жүргізуде.

Ғалымның ұрпақтарына тартулар жасалды

Жұбановтанушы - профессор Б.Хасанұлы 

 

Жұбановтанушы М.О. Миров

Қ.Жұбановтың перзенті, ф.ғ.д., профессор Асқар Жұбанов және Ахмет Жұбановтың қызы б.ғ.д.,

профессор Ажар Жұбанова


«Рухани жаңғыру: Профессор Құдайберген Жұбанов мұрасын зерделеудің заманауи бағыттары» тақырыбындағы  «Дөңгелек үстелге» қатысушылар

 

Қазақ тілі кафедрасының осы оқу жылында жарияланған оқулықтары мен оқу құралдарының тұсаукесері ұйымдастырылды

Бірнеше ғылыми орталықтар мен баспаханалардан, ЖОО-ынан ғалымдар қатысып, дәрісхананың болашағына игі телектер мен тың идеялар айтып, гүл шоқтары мен сыйлықтар ұсынды

Ғалым ұрпақтарын ортаға алып, естелік суреттерге түсті.


 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 




Кері оралу