қазақша · русский · english
 
 
 
11.02.2019

Біздің мол тәжірибеміз

 

Аз ғана уақыт бұрын университетіміз шетел университеттерінде Академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша семестрлік білім алуға байқау жариялаған болатын. Жаңа ел көріп, жер көріп, өз білімі мен тәжірибесін жетілдіргісі келіп, байқауға қызығушылық танытқандар көп болды. Іріктеу өте қатал жүргізілді. Алайда, жолы болғыштар қатарынан табылып, жолым болды.


Польша Республикасы туралы ақпараттар жинастырыла бастады. Жаз сарғая күтумен өтті. Міне, қыркүйек айының соңында жолға да шықтық.


Бірінші күні бізді Помор Академиясының проректоры Данута Герчинск панидің өзі қарсы алды. Профессор Герчинскпен бұған дейін 2018 жылдың мамыр айында Абай атындағы ҚазҰПУ-де өткен конференция кезінде таныс боп қалған едім. Проректор біздің үйлестірушіміз Мариола панимен таныстырды. Ол кісі академия, сабақтар жайлы ақпарат беріп, әрқайсымызды өз факультетімізге жіберді. Ол кісінің ыстық ықыласы мен көмегіне алғысымыз шексіз.


Неофилология институтында көптеген профессорлар мен студенттермен таныстық. Біз түскі ас ішетін асхананың аспаз паниі де ерекше жан.


Мен 6М012200 мамандығы бойынша орыс тілді емес мектепте орыс тілі мұғалімі болуға дайындалып жүргенімде бұл сапар маған үлкен көмегін тигізді. Мұнда мен өз мамандығым бойынша теориялық білім алумен қатар тәжірибе де жинап қайттым. Бізге көп көмектері тиген ізгі жандар: Неофилология институтының директоры профессор Г.Лисовская пани, орыс әдебиеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Галина Львовна Нефагина, профессор Катаржина Мулцан пани, профессор Тадеуш Осух пан. Дәрістер мен семинар сабақтары өте қызғылықты өтті. Біз үшін тың білім жүйесімен танысу пайдалы да болды.


Студенттер ашық-жарқын, жайдары балалар. Біз оларға орыс тілін, олар бізге поляк тілін үйретіп, емін-жарқын араласып кеттік. Жолдасымыз Мажена отбасымен қарсы алатын Рождество мерекесіне шақырды.


Мерекелік демалыстарды пайдаланып Польшаның бірқатар қалаларын араладық. Бұл елдің де өзіндік бай тарихы мен қонақжайлылығы естен кетпес естеліктер сыйлады.


Өз университетіміз бен Слупск қаласындағы Помор академиясы ұйымдастырған оқу семестрін шетелде өткізу және жаңа білім, тәжірибе жинақтауға берген мүмкіндігіне алғысым шексіз.

 

   

 

  

 

6М012200 мамандығы бойынша 2 курс магистранты
Мадина Молдағали




Кері оралу