![]()
27.12.2024 ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аbai University-де кездесу өткізді 2024 жылдың 26 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы келіп, университеттің профессор-оқытушылар құрамымен, жас ғалымдармен және білім алушы жастармен кездесу өткізді. Кездесудің модераторы Басқарма төрағасы-университет ректоры Болат Тілеп болды. Кездесу барысында ведомство басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2029 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын ұсынды және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Саясат Нұрбек өз сөзінде: «Біз жоғары білім беру саласындағы сегіз негізгі бағыт бойынша жұмысты бастадық. Басты назар демографиялық жағдайға аударылады. Биылғы жылы ҰБТ тапсыратын және жоғары оқу орындарына түсетін мектеп түлектерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға артты. Қазірдің өзінде қаңтар айында 200 мыңға жуық студент тіркелген және біз бұл толқынға белсенді дайындалып жатырмыз. Сегіз бағыттың кем дегенде төртеуі демографиялық өсуге дайындалуға бағытталған: бұл білім берудің қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ шетелдік университеттер мен инвесторларды тарту».
Министр гранттар санын көбейтудің маңыздылығын атап өтіп, білім берудің қолжетімділігіне ерекше назар аударды. Мысалы, өткен жылы 94 мыңға жуық грант бөлінді, оның 78 мыңы бакалавриатқа арналған. Жаңа оқу жылында 104 мыңға жуық грант бөлу жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келетінін айтты.
«Алайда, бұл мәселені толығымен шешпейді. Біз гранттармен қатар қосымша төрт механизмді іске қосамыз. Солардың бірі - «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі, оны келесі жылдан бастап енгізе бастаймыз. Осы жүйе шеңберінде баланың атына арнайы шот ашуға болады, онда Мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балалар үшін) мөлшерінде бастапқы капиталын салады. Кейіннен бұл шотта ата-аналардың ерікті жарналары, жыл сайынғы 5-7% мемлекеттік сыйлықақылар және инвестициялық кіріс жинақталады. «Келешек» жүйесі барлық қазақстандық отбасылар үшін қолжетімді болады», - деді министр.
Кездесуде Саясат Нұрбек министрлік ғылыми қызметті қаржыландыруды ұлғайтуға, жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашуға және отандық жоғары оқу орындарына жасанды интеллект бағдарламаларын енгізуге басымдық беретінін атап өтті.
Тағы бір маңызды бағыт қазақстандық университеттерде қытай тілінде оқытуды дамыту болды. Министр бүгінгі таңда Қытай университеттерімен 241 келісімге қол қойылғанын, оның шеңберінде көптеген білім беру және ғылыми-зерттеу жобалары іске асырылып жатқанын атап өтті. Мақсаты - Қазақстан мен Қытай арасындағы студенттермен алмасу бағдарламаларын кеңейту, қосымша ғылыми зерттеулерді іске асыру, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлермен алмасуды ұйымдастыру, сондай-ақ жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу.
Естеріңізге сала кетейік, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультетінде «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасы ашылды. Кафедраны құрудың мақсаты - тілдік және мәдени құзыреттілікті дамыту, екі дипломдық білім беру бағдарламаларын енгізу, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ Қытай университеттерімен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы байланысты нығайту.
|