қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
28.01.2025

Абай университетінің профессорлық-оқытушы құрамы мен қызметкерлері арасында «Спартакиада - 2025» өтті


2025 жылдың 25 қаңтарында Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушы құрамы мен қызметкерлері арасында «Спартакиада - 2025» спорттық шарасы өтті.

 

Шараның ашылу салтанатына университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов, университет қызметкерлер Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Ибраимов қатысты.

 

Университеттің профессорлық-оқытушы құрамы, сала мамандары мен қызметкерлерінің жұмыс уақытынан тыс кезде салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене белсенділігін арттырып, ұжымдық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған жарыста ойыншылар арқан тарту, шахмат, үстел теннисі және волейбол секілді спорттың төрт түрінен бақ сынады.

 

Спартакиадаға Математика, физика және информатика, Педагогика және психология, Филология, Жаратылыстану және география, Өнер, Тарих және құқық, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеттерінен құралған командалар мен Сорбонна - Қазақстан институты және университет әкімшілігінен құралған Ректорат командалары қатысып, озық ойын үлгісін көрсетті.

 

Осылайша тартысты өткен бәскеде І орынды университет әкімшілігінен құралған Ректорат командасы иеленсе, ІІ орынды Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің командасы алды. Ал ІІІ орынды Математика, физика және информатика факультетінен құралған команда місе тұтты. Сонымен қатар, жарысқа белсенді түрде қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсете білген Өнер, Филология, Жаратылыстану және география, Педагогика және психология факультеттерінің командалары мен жүлделі орын иегерлеріне Басқарма төрағасы-ректордың атынан алғыс хаттар, дипломдар мен қаржылай сыйлық жүлде қорлары табысталды.

 

Шара соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қызметкерлерінің Кәсіподақ ұйымына «Спартакиада - 2025» спорттық шарасына көрсеткен қолдауы мен демеушілігі үшін алғыс білдірді.

 

Сондай-ақ, барлық қатысушы командалар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, осындай спорттық шаралар ұжым арасындағы бірлікті нығайтып қана қоймай, дәстүрлі шаралардың біріне айналсын деп тіледі.

 

Салауатты өмір салтын ұстанып, бірге жеңістерге жетейік!

 

Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент

 

 

 

  alt=   alt=

 

  alt=   alt=

 

  alt=