қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.02.2018

ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ

 


 

Almaty Arena мұз сарайында жасөспірімдер, жастар, және қыздар арасындағы каратэ-до кекушинкайдан Абай атындағы ҚазҰПУ-ның 90 жылдығына арналған ашық Қазақстан чемпионатының жалауы желбіреді.

 

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі республикалық және алматылық каратэ-до кекушинкай Федерация өкілдерінің қатысуымен өтті. Сондай-ақ, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері кішігірім концерттік бағдарлама ұйымдастырып, көрермендерге өз өнерлерін паш етті. Олар қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.

 

 

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Чемпионаттың нәтижелері бойынша іріктелген үздік спортшылар Қазақстан құрама командасының қатарын толықтыратын болады. Олар xалықаралық Әлем, Азия және Еуропа чемпионаттары сияқты байрақты бәйгелерде ел намысын қорғайды. Бүгінгі шара осы спорт түрінің елімізде бұқаралық дамуына ықпал етеді деген сенімдеміз. Бүгінгі спорттық мерекені ұйымдастыруға ат салысқан ұйымдар мен азаматтарға алғысымды білдіремін, - деп атап өтті каратэ-до кекушинкай Қазақстан Федерациясының президенті Мұxтар Жолдасов.

 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жалпы 500 спортшы Алматыда бас қосып, өзара мықтыны анықтады. Қызықты да тартысты жекпе-жек чемпиондарына спорт шеберінің кандидаты, ал 15 жастан жоғары жеңімпаздарға спорт шебері атақтары беріледі. Яғни, бұл жарыс қатысушылардың шеберліктерін арттырып қана қоймай, әрі қарай дамуына мүмкіндік береді.

 

- Екі жекпе-жекті де жеңіспен аяқтадым. Қарсыластар өте мықты болғанымен, олардан басым түскеніме аса қуаныштымын. Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Мен аяқтан, іштен ұру сияқты тәсілдерді қолдандым. Жалпы, қатысушылар осал емес, маған бұл бәстесулер қиын берілді, - деп бөлісті Жаңаөзен қаласынан келген қатысушы Аманxан Қыдыржан.

 

 

Ел біріншілігі Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, республикалық ұлттық каратэ-до кекушинкай Федерациясы, сондай-ақ, Алматы мен Алматы облысының «Favourit.kz» Федерациясының қолдауымен өтті.

 

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, кубок және медальмен марапатталды. Сонымен қатар, «үздік техника», «жеңіске деген жігерлігі», «үздік балуан», «үздік төреші» номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

 

Авторы: Т. Төлегентегі

27.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz