Абай университеті ерлік көрсеткен қос студентіне алғысын білдірді
Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова өртеніп жатқан үйден отбасы мүшелерін құтқарып, «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталған ағайынды университет студенттері Нұрасыл Әлімтаев пен Ернар Тұрғынды қабылдап, көрсеткен ерліктері үшін Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілептің арнайы Алғыс хатын табыстады.
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті сіздерге өрт кезінде көрсеткен батылдығыңыз бен ерлігіңіз үшін шынайы алғысын білдіреді. Сіздердің жылдам әрі жанқиярлық іспен жасалған әрекеттеріңіз - өзгелердің өмірін сақтап қалуға зор үлес қосты. Өрттен зардап шеккен отбасына көмектеріңіз - жеке батылдығыңызбен қатар жоғары адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттеріңізді дәлелдейді. Көрсеткен ерліктеріңіз - баршамыз үшін үлкен үлгі!»,-деді Бану Нарбекова.
Естеріңізге сала кетейік, 2 наурыз күні Алматы қаласының Жетісу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, студенттер қатты түтін мен лапылдаған жалынға қарамастан, шұғыл түрде 112 қызметіне хабарлап, кейін от ішінен адамдарды алып шыққан болатын. Үйде көмексіз қалған - 64 жастағы әйел мен 17 және 6 жастағы қыз балалар құтқарылды.
ТЖМ бұл ерлікті ерекше атап, студенттердің батылдығын ескере отырып «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.
Айта кетейік, өз өмірлерін қатерге тігіп, қоғамдық жауапкершілік пен батылдықтың жарқын үлгісі болған Нұрасыл Әлімтаев Өнер факультетінің 4 курс студенті болса, ал Ернар Тұрғын Дене шынықтыру және спорт факультетінің 3 курс студенті.


