қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
18.09.2025

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ «АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ


Ауыл шаруашылығы - ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп келеді, алайда салада әлі де талқылауды қажет ететін мәселелер бар. Осы өзекті тақырып Хабар арнасының «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының кезекті шығарылымында сөз болды.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері Жарылқасынов Арман және Нығыметханова Жайдарыагросаланың азық-түлік қауіпсіздігі мен ел тұрақтылығы үшін маңызын атап өтті. Олардың дерегінше, мемлекеттен лизингтік бағдарламаларға - 114 млрд теңге, субсидияларға - 260 млрд теңге, жеңілдетілген несиелерге - 86,2 млрд теңге бөлінген. Барлығы 12 бағыт, 51 түр бойынша қолдау қарастырылған. Дегенмен, қаржы бөлінгенімен, салада шығындар азаймай отырғанын айтып, студенттер субсидия беру талаптарын қатаңдату қажеттігін алға тартты. Олардың пікірінше, бұл тәжірибе Еуропа, Қытай, АҚШ секілді елдерде жақсы нәтиже берген.


Сондай-ақ олар құрғақшылыққа төзімді дақылдар мен су үнемдеу технологияларын қолдану, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, ауылдық аймақтардағы әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, «ақылды ауыл шаруашылығы» технологияларын қолдау және агрономдар мен ветеринарлардың санын арттыруды ұсынды.


Астана халықаралық университетінің студенттері назарды инфрақұрылымға аударды. Олардың айтуынша, көкөніс қоймаларының 60%-ында тоңазытқыш қондырғы жоқ, ал 30%-ы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің 35-40%-ы ысырап болады. Бұл жағдайды түзету үшін олар трансшекаралық және аймақтық қоймалар жүйесін құруды, сондай-ақ логистиканы цифрландыруды - смарт-логистика, блокчейн арқылы автоматтандыру және онлайн-платформалар енгізуді ұсынды.


Бағдарлама қазылар алқасы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин және «Qazaq Debate» қозғалысының құрылтайшысы Ерболат Мұхамеджан болды. Жарыс нәтижесінде жеңіс Абай университетінің студенттеріне берілді.

 

 

  alt=  

 

 

  alt=