қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
01.04.2019

Өнер, мәдениет және спорт институтының түлектері бас қосты

 

2019 жылдың 29 наурызында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өнер, мәдениет және спорт институтының құрылғанына 50 жыл толуына орай Түлектермен кездесу өтті. Кездесуді Түлектер қауымдастығы мен Өнер, мәдениет және спорт институты ұйымдастырды.

 

Түлектер қауымдастығы ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен университет пен оның түлектері арасында өзара ұтымды қарым-қатынас орнату, оқу орнында өткізілетін іс-шараларды қолдау, сонымен бірге бүгінгі студент-жастарға тұлғалық тәрбие беру мақсатында құрылған.

 

Іс-шараға ректор Такир Балықбаев, қауымдастықтың атқарушы директоры Болатбек Нұрбатыров, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Тоққожа Қожағұлов, институттың әр жылдардағы бітірген түлектері: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Байтұрсын Өмірбеков, Педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов, Қазақстандық дизайнер, суретші, стилист, «Құралай» сән үйінің басшысы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Сән Палатасының атқарушы директоры Құралай Нұрқаділова, «Қазақ үні» газетінің Президенті, ақын Иса Қазыбек,ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмира Ақүрпекова  және тағы басқа да түлектер қатысты.

 

Кездесуді университетіміздің ректоры Такир Балықбаев ашты.

 

- Біз Сіздерді Өнер, мәдениет және спорт институының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жинап отырған себебіміз, біріншіден, осы шаңырақтан қанат қаққан түлектерімізбен мақтану, екіншіден 50 жылдық мерейтойдың іс-жоспарларын Сіздерге таныстыру, ой бөлісу болатын. Біздің университетімізді бітірген, бүгінде түрлі салада өздерінің қолтаңбасын қалдырып жүрген түлектермен кездесулер, спорттық жарыстар, танымдық дәрістер, кештер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған шаралар студенттеріміздің алдыңғы лек ағаларына қарап бой түзеп, тұлға болып қалыптасуына, өздері білім алып жүрген алтын ұяларын мақтан тұтуына көмегін тигізетіні де сөзсіз, - деді ректор.

 

Тоққожа Қожағұлов институттың сонау 1969 жылы ашылған күнінен бастап, бүгінгі таңға дейін жүріп өткен даңқты жолдарына, осы жылдары қанат қаққан дарынды шәкірттеріне, қазіргі кездегі шет елдермен орнатылған тығыз әріптестік қарым-қатынастарына, алдағы міндеттеріне кеңінен тоқталды. Баяндамадан кейін Тоққожа Мұқажанұлы институттың 50 жылдыққа арналған медиа-жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар осы мерейтой қарсаңында Өнер, мәдениет және спорт институтының оқу ғимараты жөндеуден өтіп, оның алдағы уақыттағы көрінісі таныстырылып осы жоспар туралы түлектердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

 

Сондай-ақ кездесуде Өнер, мәдениет және спорт институтын әр жылдары бітірген Байтұрсын Өмірбеков, Берікжан Әлмұхамбетов, Құралай Нұрқаділова, Иса Қазыбек және тағы басқа да түлектер қызыққа толы студенттік жылдарын еске алып, өздеріне зор құрмет көрсетіп отырған университет ректоры Такир Балықбаевқа және институт ұжымына алғыстарын білдіріп, алдағы болатын шараларға өзіндік көмектерін беретінін айтты. Құттықтау сөздерден кейін қонақтар мен университет ұжымына Өнер, мәдениет және спорт институты дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім