қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
28.10.2015

Өнерліге есік ашық


     Бүкіл әлем тарихында адамның өмірі өнермен байланысты өтеді.Сондықтан қазіргі уақытта жастарға көркем білім беру өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
    Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Азия-Тынық мұхит аймағы ЮНЕСКО обсерваториясының катысуымен « ЮНЕСКО жолымен: Әлем. Көркемдік білім. Жастар» атты екікүндік Халықаралық симпозиум өтті. Оны ұйымдастырған Абай атындағы ҚазҰПУ, Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебі, қолдау көрсетушілері-ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы, Алматыдағы Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыстан ЮНЕСКО кластерлік бюросы, Түрік халықаралық ынтымақтастық агенттігі, қатысушылары - Бангкок ЮНЕСКО бюросы, Қазақстан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті.
     Симпозиумның басты мақсаты көркем білім беру аймағының барлық деңгейлерінде - жалпы білім беру және өнер мектебі, бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша тәжірибе алмасу, Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша ЮНЕСКО обсерваториялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту болатын.
     Абай атындағы ҚазҰПУ, Өнер, мәдениет және спорт институты профессор-оқытушыларының шығармашылық көрмесі қойылған фойеде университет оркестрінің орындауында әсем күй ойналып жатқанда қонақтарды ұлттық киім киген қыздар қарсы алды. Симпозиумның салтанатты ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Кенжебаев Ғабит Қапезұлы қатысушыларды құттықтап, оларға жемісті жұмыс тіледі. Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Сергей Аркадьевич Лазарев, ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Петровна Шер, Орталық Азия мәдениетаралық және шығармашылық оқыту бойынша ЮНЕСКО обсерваторияның жетекшісі Ханзада Әзімханқызы Есенова құттықтау сөз сөйледі. Симпозиумға қатысушылар Бангкок ЮНЕСКО бюросының өкілінің бейнеарнауын тыңдады.
    Пленарлық отырыста Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың, Өзбекстандағы Ұлттық өнер және дизайн институтының профессоры Ч. Д. Бектеміровтың, Түркиядағы Эрзинджан университетінің профессорлары Хусейн Хусну Бахар, Эрсан Чифтчи, Илхан Акдениз, Танер Улучай, Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы « Бейнелеу өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры О.В. Батуринаның және басқа да әртүрлі елдің қатысушыларының баяндамалары тыңдалды.
   Өнердің қай түрі болса да адамның дүниетанымын, ішкі жандүниесіндегі құбылыстарды бейнелейді. Өнер жеке тұлғаның, әсіресе жастардың жан-жақты дамып-жетілуіне, олардың интеллектуалды өсуіне ықпал етеді. Сондықтан симпозиумда жастар арасындағы көркемдік білімді қалыптастыру жайында озық тәжірибемен бөлісу және ынтымақтастықты жетілдіру жөнінде жұмыстар жалғастырыла бермек.

 

Фарида Амангельдіқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз орталығының қызметкері.