қазақша · русский · english
 
 
 
12.04.2021

Көрнекті ғалым және ұстаз С.Р. Рахметованы құрметтеу

 

2021 жылы 9 сәуірде көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рахметова Сағира Рахметқызының 90 жылдық мерейтойына арналған «Парасатты ғұмыр иесі» ғылыми-тағылымды кездесу болып өтті.

 

Сағира Рахметқызы - саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының дамуына арнаған ұстаз-ғалым. Ол заман талабымен өмірге келген 2-4-сыныптарға арналған «Ана тілі» жаңа буын оқулықтарының, оқу-әдістемелік кешендердің жетекші авторы болған.

 

Ғалым қаламынан туған 200-ден астам ғылыми еңбектердің ішінде жоғары оқу орны бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының студенттеріне арналған «Қазақ тілі әдістемесінің теориясы мен технологиясы» мен педагогикалық колледж білім алушыларына арналған «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты оқу құралдары, «Кіші жастағы оқушылардың жазу тілін дамыту», «Бастауыш сыныптарда оқушылардың тілін ұстарту» және т.б. оқу-әдістемелік құралдары және әр кезеңнің сұранымына лайық жарық көрген ғылыми мақалалары бар.

 

Ғалым Сағира Рахметқызының шәкірттерін бұл күнде Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ, еліміздің барлық ауылдары мен қалаларынан кездестіруге болады. Ұстаздарының жолын қуып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүргендері қаншама.

 

Сағира Рахметқызын құттықтауға бір ұжымда жұмыс атқарған әріптестері, шәкірттері, мамандық студенттері келді.

 

Кездесудің ашылу салтанаты институтымыздың директоры Абаева Галия Аскербековнаның құттықтау сөзімен бастау алды. Тағылымды іс-шара барысында «Ұлағатты ұстаз» ғылыми-танымдық фильмі көрсетілді. Мерейтой иесімен п.ғ.маг., аға оқытушы Жұмаш Жанар Еркінқызының өткізген сұхбаты іс-шараның көркін аша түсті. Ғалымның өмір жолы, қызметі, ғылыми еңбектері, шәкірт даярлауда атқарған дара жолдары аясында «Ойлы болсаң, озып көр!» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды. Сайыс жеңімпаздарына ғалымның құнды кітаптары тарту етілді.

 

Кездесудің «Жылы жүрек, жақсы тілек» шеруінде университет профессорлары Фаузия Оразбаева, Берікжан Әлмұхамбетов, Несібелі Құрман жылы лебіздерін білдірді.

 

Аталған іс-шараны Педагогика және психология институты бастауыш білім беру бағдарламалары бөлімі ұйымдастырды.

 

  

 

  

 

  

 

 

 




Кері оралу