қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
07.05.2020

Ғылым мен ұстаздықты ұштастырған ғалым

 


 

Көк аспанды еркін жүзген ақша бұлттай, өткел бермес тулаған өзендей зымырап сырғыған уақыт. Қолыңа ұстауға келмейтін сынаптай жылыстап күн артынан күн, жыл артынан жыл өтуде. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» демекші, уақыт сырғыған сайын тарих қойнауына сіңіп, бұлдыраған сағымдай бірте-бірте сөніп жатыр. Бірақ осы тоқтау бермес уақыт талай заманның куәсі екені ақиқат. Өйткені осы уақыт парағы арқылы мемлекеттің, елдің ірге тасы қаланып, ертеңгі күннің тарихы жазылып жатыр. Осы желдей жүйткіген уақытта адам баласына аз ғана ғұмыр кешуге мүмкіндік берілген. Аз дейтініміз, біздің осы өміріміз кешегі бала, бүгінгі аға, ертеңгі ата деп бөліп қойғандай үш кезеңнен тұратын секілді. Өзімізге білінбегенімен балалық шақтан, көктемдей уылжыған әсем кезеңнен байқалмай жаз өтіп, егделік шақ күздің қалай жеткенін аңғармай қалып жатамыз. Дегенмен осы өткен күндеріміз ертеңгі қариялық кезеңде сағына еске алатындай, мазмұнды болуы адам баласының өз қолында. «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету арманым» деп, бұрынғылар айтқандай, ел құрметіне бөленген сыйлы азамат болудың өзі жас күніңдегі ұзақ ізденіс пен қажырлы еңбектің негізінен қаланатыны сөзсіз. Адам баласының өмір жолы шырғалаңы көп, ұшы-қиыры жоқ бұралаң жолдардан, қым-қиғаш мазмұнға толы күрестерден тұрады. «Сен де, бір кірпіш дүниенің, кетігін тап та, бар қалан» деп, хакім Абай айтқандай, осы бұралаң жолдар мен сұрапыл кедергілерге толы күресте тек алдына ұлы мақсат қойып, жігерін қайрай білетін азаматтар ғана биік шыңдарға шығып, көздеген жетістігіне қол жеткізеді. Ал осы өмір күресінде адалдық биік парасаттан аттамай, ұлы адамгершілік пен терең ізгілікті өзіне серік еткен жандар ғана келешекке үлгі болып, ел жүрегінде мәңгі қалады.

 

Біздің өмір сүріп жатқан заманымызда өз салалары бойынша биіктерді бағындырып жүрсе де, адамгершілік жолдан ауытқымай, қарапайымдылықты өзіне басты бағдар еткен жандар аз емес. Солардың бірі химия саласының білгірі, химия ғылымдарының кандидаты, жер ғылымдарының докторы, профессор, қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Нышанұлы Жанбеков.

 

«Болар бала он бесінде баспын дер» деп дана халқымыз айтқандай, Хайрулла Нышанұлы мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің ұстаздарына үздік оқуымен, үлгілі тәрбиесімен таныла білген азамат. Ол сонау жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы Балтакөл ауылында алғаш ашылған 10 жылдық мектепті тұңғыш рет алтын медальмен бітірген алғашқы қарылғаштарының бірегейі болатын. Жастайынан білімге құмар талантты жас мектепті үздік бітірген соң, 1976 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университеті химия факультетінің студенті болуға бел буады. Химия ғылымдарының Қазақстандағы тұңғыш ұйымдастырушысы, елімізде бұл ғылымның дамуына зор үлес қосып, оны қазақ тілінде сөйлеткен және жастарды тәрбиелеуде еңбегі орасан, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, сол кездегі химия факультетінің деканы, химия ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың алдында емтихан тапсырады. Оның үлген ғалымның алдында жүрексінбей емтихан сұрақтарына тұшымды жауап беруі мен ол кісінің алғаш рет ауыл баласының қолынан қысып «студент атануыңмен» деген ыстық лебізі әлі күнге есінде. Бұл сол жылдары еліміздің түпкірінде дүниеге келген ауыл балаларының қолы оңайлықпен жете бермейтін факультет болатын. Олай дейтініміз, ол жылдары бұл факультетте мүйізі қарағайдай, сонау Мәскеуден келген орыс ғалымдарынан дәріс алу, орыс тіліді бағдарламамен қамтамасыз етілген әдебиеттерден білімін жетілдіру қиынның-қиыны. Себебі ол жылдарда химия ғылымдары саласында қазақша аударылған кітаптар некен-саяқ, тіпті жоқ десек де дегендей еді. Сондықтан ауыл балаларының бұл мамандықтың иесі атануға жүрегі даулай бермейтін. Бірақ сол ауыл балаларының бірі болып өскен талантты жас Хайрулла Жанбеков бұл мамандыққа түсіп қана қоймай, өзінің ізденімпаздығымен үлкен ғалым-профессорлардың назарына іліге білді.

 

«Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, Хайрулланың үздік оқушы, үлгілі студент атануы ең алдымен мектептегі білім ғана емес, отбасындағы тәлімі мол әке тәрбиесінен дарығаны анық. Өйткені әкесі Нышан өз әкесінен тым ерте айрылса да, заманның ауыр соқпағына қарамай терең білім алып, өзіндік жолын таба білген. Ең алғаш үш жылдық училищені тәмамдап өз туған ауылына яғни Оңтүстік Қазақстан облысы Хантағы ауданында мұғалім болған ол осы біліммен тоқтап қана қоймай, Қызылордадағы пед.институттың химия-билология факультетін бітіріп, білікті маман атанған болатын. Өмірінің бар жалынды жылдарын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздың шаңырағында өмірге келген Хайрулланың мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнының студенті атануы да заңғар әкенің, аяулы ананың үлгілі тәрбиесінің арқасында.

 

Әкесі Нышанның үкілі үмітін жалғаған талантты ұл С.М.Киров атындағы университеттің химия факультетін үздік бітіреді. Бұл да, болса ұзақ жылғы әкенің өлшеусіз еңбегінің бір жемісі болатын. Сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласының төрінде орналасқан университетті бітірген жас маман өзінің білімі мен білігін одан әрі шыңдау үшін өнер мен ғылымның қазаны қайнаған бұл қалада қалып, 1981 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Органикалық катализ және электрохимия институтында еңбек жолын бастайды. Білім ордасын үздік бітірген жас маманға институттың ғылыми-зертханалық жұмыстары қиындық туғызбай, қайта оның түрлі тәжірибелер жасап, өзінің шеберлігін арттыруға, білім қорын байытуға жол ашады. Озық біліммен жан-жақты қаруланған жас маман басшылықтың өзіне жүктеген міндеттемелерін жоғары деңгейде орындап зор ықыласқа бөленді. Ғылыми институттың ауқымды жұмысымен өзінің зерттеу жұмысын қатар ала жүріп, 1992 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Бұл, әрине, ұзақ жылғы көздің майын тауысар қажырлы еңбек пен тынбай ізденушіліктің арқасында қол жеткізген биік жетістігі. Осы алғашқы жетістік тек өзінің ғана емес, ауылдағы әкенің де абыройын асқақтата түскен еді. Өйткені туған баласының жұлдызы оңынан туып, биік мінбеден көрінуі қай әкенің болмасын асқақ арманы екені даусыз.

 

Хайрулла Жанбеков өзі еңбек жолын бастаған Органикалық катализ және электрохимия институтында 13 жылдан аса қызмет етіп, өзінің кандидаттық атағын алған соң, одан әрі 1994 жылы еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде еңбек жолын жалғастырады. Бұрын тек зерттеу жұмыстарымен өзінің кәсіби деңгейін арттырса, мұнда шәкірттер алдында сол жинаған білімі мен шеберлігін көрсетуге тура келді. Жаңа жұмыс орнында әріптестері мен шәкірттерінің ықыласына бөлену, ғылыми жұмысты педагогикамен ұштастыру сияқты қыруар жұмыс күтіп тұрса да, талмай ізденіп абырой биігінен көрінді. Өйткені шәкірттердің жүрегіне білім шамын жаға білу аса күрделі кезеңге сәйкес келген уақыт еді. Қиын-қыстау кезеңде шәкірттердің білімге деген қызығушылығын оята білу үлкен жауапкершілікті қажет етті. Сесбебі ол кез еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы уақыттарда көптеген өндіріс орындары тоқтап, мәдени ошақтар мен білім ордалары тоқырап, ел азаматтары күн-көрістің қамы үшін қара базар жағалап кеткен уақыт болатын. Бұл тек білім саласында ғана емес, еліміздің барлық салаларында белең алған жағдай еді.

 

Хайрулла Нышанұлы Абай университетінде шәкірттерге дәріс бере жүріп, өзінің ізденушілік қабілетінің арқасында білікті ғалым атана білді. 2002 жылы 22 ақпанда ҚР ЖАК шешімімен доцент атанды. Осы атақ оның ғылым айдынында еркін қанат сермеуіне жол ашты. Олай дейтініміз, Хайрулла Жанбеков көп ұзамай 2003 жылы ҚР ЖАК шешімімен 03.00.16-химия ғылымдары бойынша экология мамандығына жеке жетекшілік ету құқығына ие болды. Бұл дегеніміз бұрын жай ізденуші ғалым болса, ендігі жерде тұтастай экология ғылымы бойынша университет ғалымдарына басшылық ету деген сөз. Осы салаға басшылық еткен оған 2007 жылы наурыз айында университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен бірауыздан профессор атағы берілді. Міне, оның ғылымдағы баспалдағы ұзақ ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде шыққан биігі болатын.

 

Х.Жанбеков қызметте де өзінің жауапкершілігінен танған емес. Оның жай қызметкерден басшылық сатыларына дейінгі өсу жолы осы сөзіміздің дәлелі. Профессор атағын алғаннан кейін ол көп ұзамай, 2007 жылы география және факултетінің оқу ісі жөніндегі декан орынбасары, 2008 жылы химия және биология факультетінің оқу ісі бойынша декан орынбасары, 2011 жылы жалпы университеттік пәндер орталығының директоры, 2012 жылы химия-биология факультетінің деканы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқара білді. Осы жылдар аралығында ол әріптестері мен университет басшылығына өзінің білікті ұйымдастырушылық қабілетімен танылды.

 

2013 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің факультеттері заман талабына сай оңтайландырылған болатын. Бұл дегеніміз, бұрынғы ұсақ факультеттердің өзара біріктіріліп, ірі-ірі институт болып қайта құрылуы еді. Осы кақытта бұрынғы көптеген факультеттер университет ішінде ірі 7 институт болып жаңадан қалыптасты. Ендігі жерде оларды басқаратын басшылар сол институт құрамындағы қызметкерлердің дауыс беруі арқылы сайланатын болып шешілді. Өзге институттар секілді жаңадан құрылған Жаратылыстану және география институтының оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері өз басшыларын жабық түрде дауыс беру әдісі бойынша таңдады. Сол уақытта өзгелермен бірге дауысқа түсіп, бағын сынаған Х.Жанбековті институт қызметкерлері мен профессорлары бірауыздан қолдап, жаңа құрылымның басшылық қызметін сеніп тапсырды. Құрамына 2-3 факультет пен орталықтар біріктірілген үлкен институттың алғашқы басшысы атану оңай шаруа емес. Дегенмен осы уақытқа дейін басшылық жұмыстарда болып, әбден ысылып, мол тәжірибе жинақтаған ол бұл жұмысты да дөңгелетіп әкетті.

 

Осы аралықта институтта «Қосдипломдық» бағдарлама аясында химия мен биология мамандығы бойынша Ресей Федерациясы педагогикалық университеттерімен байланыс орнатады. Сол ғылыми байланыс бүгінгі таңда өз жемістерін беріп, университетіміздің PhD докторанттарының, магистранттарыдың, студенттер мен профессор-оқытушыларының білімі мен тәжірибесін жетілдіруге үлкен жол ашылды. Институт студенттері шетелдік және отандық ғылыми жобаларға қатысып, грант иегерлері болуына жағдай жасалып, студенттердің ғылыми шығармашылығын дамытуға зор мүмкіндіктер жасалды. Сонымен қатар, институт кафедраларының профессорлары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ғылыми зерттеу институттарының ботаниктерімен, зоологтарымен, биотехнология және адам физиологиясы мамандарымен, ҚР ботаникалық бағымен, Алматы қаласы Юннаттар станцияларымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті институттарымен, ҚР ҰҒА А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтымен бірігіп көптеген зерттеу, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп едәуір жетістікке қол жеткізді. Институт болып құрылу бір бөлек, оның ары қарай дамыту, шәкірттерге сапалы білім беру, Абай атындағы ҚазҰПУ құрылымдары арасында белді орыннан көрінуі Х.Жанбековтің ұжымда қолайлы ауа райы орната білуінің нәтижесі. Ол басқарған уақытта институт аккредитациядан табысты өтіп, білім сапасы жөніндегі рейтингтерде алдыңғы орыннан көрінді. Әсіресе, Мәскеу, Санкт-Петербург ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс жасаудың арқасында институттағы жас ғалымдардың білімін шыңдауға жасаған қамқорлығы да орасан. Тәрбие жұмыстарына байланысты институтта көптеген игі шаралар өткізіліп, белсенді студенттерді және әлеуметтік аз қамтылған жастарды ынталандыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып отырды. Сөйтіп Жаратылыстану және география институтының алғашқы құрылған уақытта басшылық жұмысын атқарған профессор Хайрулла Нышанұлы оны заман талабына сай оқу ордасына айналдырды. Институтты 3 жылға жуық басқарған оған 2016 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016-2019 жылдары мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту керек деген ұсынысына сәйкес университеттте арнайы құрылған Дайындық факультетінің жұмысын жүргізу тапсырылды. Бұл аса жауапкершілікті қажет ететін жұмыс болатын себебі дайындық факультетін ашу бар да онда оқитын студенттерді тарта білу қажырлы еңбекті талап етеді. Мамыр айында ашылып күзгі жаңа оқу жылына дейін өзінің оқу бағдарламасымен және оқытушыларымен қатар онда оқитын студенттері болу керек міндеті алдында тұрған кезде осы жұмыстарды Хайрулла бір өзі жүгіріп жүріп табандылықпен орындай білді.

 

Күз айында өзге институттар секілді бұл факультет те өзінің оқытушыларымен, студенттерімен оқу үдерісін бастап кетті. Бұл факультеттің міндеті межелі балл жинай алмай қалған талапкерлерді қайтадан тереңдете дайындап химия, биология, физика, математика пәндері бойынша ағылшын тілінде білім алатын студенттерді даярлап шығару. Хайрулла Жанбеков оқытушыларға қатаң талап қоя білуімен қатар әрбір студентті өзінің жеке қабылдауына алып, олардың білім деңгейін, тәртібін, жатақханадағы жүріс-тұрысын да назардан шығарған емес. Сонымен қатар студенттермен пікірлесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, оқу бағдарламаларын солардың сұранысына сай тереңдетіп отырды. Ұжымдағы оқытушылар да бүгінгі еткен еңбек ертеңгі өздерінің алар абыройы екенін терең сезініп, бар ықыласымен еңбек етті. Жыл соңында факультетке қабылданған 100-ге жуық студент мемлекеттік тестлеуден жоғары нәтижеге қол жеткізіп барлығы да жоғары оқу орнының студеттері атанды. Биік абыройды тынымсыз екбекпен жинаған ол 2017 жылы университетке ректор болып жаңадан келген Такир Оспанұлы Балықбаевтың басшылығымен құрылған Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры болып тағайындалды. Жаңадан құрылған бұл департаменттің негізгі міндеттері: оқу үдерісін кредиттік жүйе негізінде ұйымдастыру және басқару; оқу үдерісін ұдайы жаңарту, оқу барысындағы қызмет көрсету сапасын арттыру; білімді бақылау жүйесінде баллдық рейтинг жүйесін одан әрі тиімді жетілдіру (аралық, қорытынды білімді бақылау); оқу үдерісін ғылымның соңғы жетістіктерімен, техникалық, инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету; барлық оқу бағдарламасын үнемі дамытып отыру; тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық бәсекелестік пен еңбек нарығында да білікті бакалавр, магистр, PhD мамандарын дайындауды қамтамасыз ету; үш циклды жүйедегі «бакалавр-магистр-PhD» дайындығын халықаралық оқу бағдарламасымен бірігіп дамыту; талапкерлерді қабылдауда жаңа концепцияны және бітірушілерді жұмысқа орналастыру барысында жаңа механизмді жақсарту; ҚазҰПУ-дың әлемдік білім кеңістігіне енуі, ҚР басқа университеттер арасында жетекші дәрежеге жету үшін университетті оқу қызметтерімен қамтамасыз ету еді.

 

Ректор Такир Оспанұлының бастамасымен қолға алынған «Академиялық адалдық» кодексін студенттер мен профессор-оқытушыларға түсіндіру міндетін Х.Жанбеков басқарған құрылымдық бөлім ойдағыдай жүзеге асырды. Бұл кодексті қабылдаудағы мақсат университетіміздің студенттерін тек қана өз күшімен ғана жетістікке жете алатын мықты кадр етіп даярлау болып табылады. Егер біздің студенттеріміз жоғарыда атап өткендей сабақ барысында өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, ғылымның белесіне тек өз күшімен ғана ұмтылар болса университетіміздің атақ-даңқы тек қана елімізде ғана емес, шетелдерде де абыройға бөленетіні анық. Осы аталған «Академиялық адалдық» кодексіне сәйкес студенттерімізге қойылатын талаптар мен міндеттерді күшейте отырып, олардың сапалы білім алуына, кәсіби білімді терең меңгеруіне, оқытушыларымыздың өз жұмыстарын адал атқаруын үйлестіруде университет басшылығымен бірге Хайрулла Жанбеков те қажырлы еңбек етіп келеді.

 

Жауапкершілігі көп тынымсыз басшылық жұмыспен қатар өзінің ғылыми жұмысын қатар алып келе жатқан бүгінде арал аймағының экологиялық зиянды заттардан тазарту жолында Жапония мемлекетінің Цукуба университеті профессорларымен бірлесіп зерттеу жүргізіп жүрген ірі ғалым. 140-тан астам ғылыми еңбектің авторы. 10 авторлық куәлік пен РФ және ҚР патенттеріне ие, өзінің жеке 4 оқулығы жарыққа шыққан. Оның жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты, жиырмадан астам магистранттар мен PhD докторанттары ғылым айдынына қанат қақты.

 

Оның 2007 ж. ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», 2008 ж. университет ректорының бұйрығымен мамандарды даярлауда қажырлы еңбегі үшін «Үздік ұстаз» төс белгісімен, 2013 жылы «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Д.Айнақұлованың «Алғыс хатымен» марапатталып, 2015 жылы ҚР Президентінің «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелiк медалімен наградталды. 2017 жылы ҚР тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Ә.Рахымжановтың «Алғыс хатымен», 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің «Алғыс хатымен», сонымен қатар университетіміздің 90 жылдығы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталуы ұзақ жылғы өлшеусіз еңбегінің әділ бағасы.

 

Жалпы, «Жақсы адамның артында із қалады, жаман адамның артында сыз қалады», деп дана халқымыз айтқандай бүгінде 60-тың төріне шығып отырған Хайрулла Нышанұлына қызметте абырой, отбасына береке, өзіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Өзінің өмір жолын ұстаздыққа арнаған оның шәкірт жүрегінде үлкен жүректі адам ретінде қалары сөзсіз. Білікті педагог-ғалым, шебер ұйымдастырушы Хайрулла Жанбеков әлі де еліміз үшін көптеген ғылыми еңбектерді дүниеге әкеліп, талай шәкіртті өз ісінің маманы атандыратынына сенімдіміз.

 

 

Авторы: Жақсыбаев Мелдебек,

Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті

химия ғылымдарының докторы, профессор

07.05.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaquni.kz