қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
15.12.2020

«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді

 



Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.


Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай жарық көрген кітаптың авторлары Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д, профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділов.

 

Үш тараудан тұратын көлемді еңбекті Абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес деуге болады. Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын морфологиялық, фонетикалық және лексикалық ерекшеліктер анықталған.

 

Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік cияқты көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды. Сонымен қатар, орта ғасырда жарық көрген ескерткіштердің және ақын-жыраулардың шығармашылығымен сабақтастығын осы жерде қарастырып өттік. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды, - дейді академик Шерубай Құрманбайұлы.

 

Сондай-ақ, кітапта кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына да мән берілген.

 

Абайда шет тілдерден, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқалармен салыстырылып зерттелді. Мысалы, бихабар - бейхабар, ғафыл қалма - қапы қалма, ежтиһат - марқұм, мүмин - момын мұсылман сияқты нұсқаларда берілді, - дейді академик.


Мамандардың айтуынша, Абай қара сөздерінде де тілдік ерекшеліктер көптеп кездеседі. Бұл ақынның қара сөздерін сол кезеңге тән қазақтың ескі жазба тілінде, яғни шағатай жазуымен байланысты көрінеді.

 

Академик сөз арасында бұл кітапты жазуға шәкірті Мәрлен Әділов те үлкен үлес қосқанын атап өтті.

 

Қазақстандық білім беру жүйесінде, яғни ескерткіш, қолжазбаны талдау жұмыстарын жүргізу ерекшеліктерінде Түркия университеттерінен үйренеріміз көп. Шәкіртіміз Мәрлен Еуразия ұлттық университетін бітіргеннен кейін Түркияда білім алды. Сол кезде қолжазбалармен жұмыс істеуге жақсы машықтанды. Кейін көне жазба ескерткіштерді салыстырып, олармен жұмыс істегенде оның біліктілігі көрінді, - дейді Шерубай Құрманбайұлы.


Кітап авторының бірі Мәрлен Әділов Абай өз шығармаларының біразын қазақтың ескі жазба әдебиетінде немесе шағатай тілінде жазғандықтан, онда бүгінгі күні қолданыла бермейтін өзгеше фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер көптеп кездесетінін айтады.

 

Біз сол ерекшеліктерді түркі тілдері және көне түркі мұралары негізінде салыстырып, зерттедік. Бұл еңбегімізді Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы мерейтойы аясында шығып жатқаны және қара шаңырақ Абай университетінде басылғаны біз үшін үлкен қуаныш, - дейді Мәрлен Әділов.

 

 

 

15.12.2020 ж.

Ақпарат көзі: baq.kz



477

Вернуться назад