қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
22.04.2021

Абай тағылымы шығыс әлемінде

 

2021 жылдың 21 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру инcтитуты шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушысы Рая Оразованың ұйымдастыруымен «Абай тағылымы шығыс әлемінде» онлайн-дөңгелек үстел өтті. Республика деңгейінде өткен бұл шараға республиканың әр тарабынан 6 университет өкілдері қатысып, пікір алмасты. Негізгі спикерлер Н.В. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі шығыстанушы, арабист, аудармашы Самал Төлеубаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қытайтану кафедрасының доценті P&D Нурхалық Абдрахын, Абай атындағы ҚазҰПУ шығыс филологиясы және аударма кафедрасының доценті Ерғали Есбосынов болды.

 

Спикерлер араб, қытай, түрік тілдеріндегі ғылыми деректерді пайдалана отырып, мазмұнды баяндамалардың мазмұнын кеңейте түсті. Абай өмірі мен шығармашылығына арналған шетелдік ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасап,көптеген қызықты да тың мәліметтерді ұсынды, өзекті тұстарына назар аударды, баяндамаларын иллюстрациялық материалдармен толықтырып отырды. Фараби университетінің докторанты, университетіміздің түлегі Жумадилова Айгерім Абай шығармашылығындағы философиялық ілімдермен сабақтасатын тұстарын діни-терминологиялық тұрғыда талдап, тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды. Дөңгелек үстел қонақтары М.Әуезов атындағы ОҚПУ профессоры Сандыбай Боранбаевтың, Алматы менеджмент университетінің профессоры Шолпан Ибжарованың және кафедра оқытушыларының тұжырымды ой-пікірлері кездесудің көркін ашты. Онлайн-кездесуде Хакім Абайдың шығармаларының шығыс тілдеріне аударылу жағдайы кеңірек сөз болды, аударма ғылымы мен аударма барысы жайында да сындарлы пікірталас пен ғылыми негіздемелі мазмұнды әңгіме болды.

 

Жоғары дәрежеде өткен ғылыми семинар тыңдаушысын қызықтыра білді, қатысушы магистрант, докторанттарға Абай шығармашылығы зерттеулеріне байланысты өз саласы аясында тың мәліметтер ұсынып, берері көп болды.