қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
02.06.2021

Дәйекті зерттеулер қажет

 


 

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен «Азаматтық алаң» отырысында тарихшылар мен қоғам белсенділері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесін талқылады.

 

«Тар заман: қуғын-сүргін құр­бандары қаншалықты ақталып жатыр?» тақырыбында өткен алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов төра­ғалық етті. 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңыздылығына тоқталып өткен вице-министр өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, қазіргі кезде үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Әрі қарай жиынға қатысушыларды таныстырып, алғашқы сөзді тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Хан­гелді Әбжановқа берді.

 

Академик қазақ тарихында қанмен жазылған жылдардың құрбаны болған жандардың саны бүгінде жүз мыңдап саналады деп атап өтті. «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың ерекшелігі - оларды толық ақтауды жүзеге асыруға ұмтылатындығымызда. Қазір осы ақтаудың он бағыты қолға алынды. Алдымызда үлкен меже тұр», деген академик былтыр басталған бұл істің баяу жүріп жат­қан­дығына қатысты ойын ортаға салды. Мұның басты себебін сая­си жаңа құжаттың қабылданбай тұр­ған­дығымен байланыстырған Х.Әбжанов 1993 жылы қабылданған заң міндетін атқарды дей отырып, жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты.

 

- Осы істің басы-қасында жүрген азаматтар Қазақстанның қуғын-сүргін тарихнамасының өте бай екенін ескере бермейді. Дегенмен де осы уақытқа дейін істелген жұмысты жоққа шығармай, қуғын-сүргінге байланыс­ты барлық шараны шетелдіктер емес, өзіміз атқаруға тиіспіз, - деді академик.

 

Х.Әбжановтың айтуынша, қуғын-сүргін құжаттарының кем дегенде 90 пайызы елімізде жатыр әрі бұл мәселені бізден артық білетін мамандар жоқ. Уит-крофт та, тіптен Сара Кэмерон да біздің мамандар білгеннің оннан бірін білмейді. Сондықтан да тарихшы бұл мәселені өз ресурстарымызбен, өз мамандарымызбен, өзіндік дерективпен әлемдік деңгейде шешіп, күн тәртібіне қоя аламыз деді. Ал нақты нәтижеге қол жеткіземіз десек, мына бағытта қолға алынған жұмысты қорытындылап тастауымыз керек. Біріншіден, бар кінәсі бай болғаны, малды болғаны үшін кәмпескеге ұшырағандарды ақтау. Олар мылтық ұстаған жоқ, қырып-жойған жоқ. Сонымен қатар халық көтерілісіне қатысып жазаланғандарды да сөзбұйдаға салмай-ақ ақтап жіберуге болады. Жазықсыз жапа шеккен дін иелерін молда болғаны, сәлде таққаны үшін қудалады. Ата-анасы «халық жауы» болып, үйінен айырылып, «Алжир»-ге айдалғандарды жапа шеккендер ретінде ақтап алу да уақыт күттірмейді. Бүгінде олардың да қатары сиреп барады.

 

Ұлт-азаттық қозғалыстың биік шыңы - Алаш қозғалысының мәр­тебесін саяси түрде танып, кеңестік саяси тоталитаризмге саяси баға беру керек. Осы мәселеге орай «Еgemen Qazaqstan» газетінде де тұщымды пікірін білдірген тарихшы Қазақстан қуғын-сүргіннің ошағы болғандықтан, Қарағандыда ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтерген еді. «Қарағанды - Қарлагтың отаны. Ал Орталық Қазақстан - ашаршы­лықтан ең ауыр жапа шеккен өңір. Олар мыңдаған шақырым түгіл, қасындағы Қарағандыға жете алмай жол бойы өліп кетті. Бүгінде Қараған­дыда қуғын-сүргін, ашаршы­лықпен айналысқан тамаша ғалымдар мектебі, университет бар. Ол тез арада жұмысын бас­тауы керек. Осы жұмыс­тар қолға алынатын болса, тарих ғылымында әдістемелік бетбұрыс жасай аламыз. Методология өзгермей, ғылы­мымыз өзгермейді. Оны ұлт­тық мемлекеттік мүддеге жексек, ғылы­мымыз да, тарихи санамыз да, әділет­тілігіміз де орнына келген болар еді», дейді тарихшы.

 

Бүгінде коммунистік диктатура жасаған қылмыстар туралы толық емес зерттеулер мәселесі жайында сөз қозғаған тарих ғылымдарының докторы Ерлан Медеубаевтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін тарихы - ел тарихының ең қайғылы беттерінің бірі. 1930-1950 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін саяси озбырлық пен заңсыздықтың символына айналды. Саяси қуғын-сүргін тақырыбын қозғағанда, өлім жазасына кесілген ұлт элитасын жою туралы айтып отырмыз. Үлкен террордың құрбандары Қылмыстық кодекстің 58-бабы бо­йынша ғана емес, ешқандай бапқа қатысы жоқ сотталған мыңдаған адам болды. Сондықтан да қазақ тарихының алдында сталиндік қуғын-сүргін салдарын терең зерттеумен байланысты жұмыстар күтіп тұр.

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы материалдарға ҰҚК архи­­віндегі құжаттар негізінде терең зерт­теу­лер жасап жүрген Абай атын­дағы ҚазҰПУ Тарих және құқық инс­титуты «Қазақстан тарихы» кафе­д­ра­сының аға оқытушысы Шәмек Ті­леубаев қазақ қоғамы үшін өзекті мәселе қуғын-сүргіннің кейбір мәселелеріне әдістемелік дұрыс көзқарас қажет екенін құптады. Ол репрессияның ХХ ғасырдың басында басталғандығына назар аударып, Ахмет Байтұрсыновтың 1910 жылы ішкі істер министріне жазған он беттен тұратын хатына тоқталып өтті. Онда зиялылардың мақсаты қоғамға білім беру, көзін ашу болатындығы жайында айтылған еді. Өкінішке қарай, жандармерия, саяси билік олардың соңына түсіп, қамап отырды. Тарихшының айтуынша, бұл пат­шалық кезеңдегі саяси қуғын-сүргін­нің басы болатын.

 

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Талдамалық және әдістемелік қамта­масыз ету басқармасының сарапшысы, тарих ғылымдарының канди­даты Гүлмира Cұлтанғазы атап өткен­дей, бірнеше жылдар бойы қуғын-сүргін тақырыбы өзектілігін жоймай келеді. «Өткен ғасырдың 90-жылдары архивтердің ашылуымен тарихшылар мен қоғамдастық өкілдеріне негізгі құжаттар белгілі бола бастады. Саяси репрессияға шығармашылық интеллигенцияның өкілдері ғана емес, қатардағы азаматтар да тартылды. Бұл қатарда байлар да, экономикалық белсенді азаматтар, яғни азамат соғы­сынан, революциядан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру міндеті тұрған қатардағы қоғам мүше­лері де болды. Ал қазақ зиялылары сандық жағынан аз болды, дегенмен де олар зияткерлік тұрғыдан алғанда Кеңес Одағына үлкен қауіп төндірді. Бұл мәселені тарихшылар зерттеп қана қоймай, оны жариялау жағына мән беру керек», деген тарихшы осы орайда жаңа мемориалдық мәде­ниет қалыптасуы керектігін алға тартты.

 

Ал бүгінгі қоғам, жастар жағының Алаш арыстары жайындағы білімі мен білігі қандай? Осы тақырып төңірегінде ой қозғаған тарихи тақы­рыптарда мақала жазып жүрген журналист, «Айқын» газетінің жауапты хат­шысы Амангелді Құрметұлы өз зерт­теулері негізіндегі деректерге сүйенді. Журналистің айтуынша, мектеп оқушылары оқу бағдарламасы төңірегінде жақсы біледі, алайда үлкен өмірге қадам басқандардың бұл тақы­рып жайында терең білетіні күмән ту­ғызады. Осы тақырыпқа жүргізіл­ген сауалнама нәтижесінде жастар­дың төрттен үш бөлігінің ашар­шылық тақырыбынан бейхабар еке­ні белгілі болған. Бұл жайт­тың се­бептері бір жағынан алған­да, жастар­дың әлеуметтік желіге көп­теп наза­ры ауып кеткендігімен де байланыс­ты. Дегенмен де әлеуметтік желіде қазақ тіліне қарағанда, орыс тілін­дегі контенттің мазмұндырақ екенін алға тартқан А.Құрметұлының айтуын­ша, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығының заманауи жастардың өміріне қанша­лықты ықпал ететіндігі - әлі де зерттеуді қажет ететін тақырып. Ал Алаш арыстарының қазақ журна­лис­тикасындағы насихаты тұрғы­сында «Шалқар» радиосының дирек­торы, философия ғылым­дарының кандидаты, «Мәңгі жас - Алаш идея­сы» кітабының авторы Болатбек Төлепберген баяндама жасады.

 

Бұл тақырып жылда 31 мамыр кезінде бұқаралық ақпарат құрал­дарында кең көлемде көрініс береді. Дегенмен де Алматы маңындағы Жаңа­лық ауылы, «Алжир» кешені, ашар­шылық, саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарының ұрпақтары сияқты мазмұн­ды тақы­рыптардың жетіспеу­шілігі байқалады. Тақырыпты тереңі­рек насихаттау үшін телеар­на­лардағы өнім­дерге көбірек көңіл бөлу қажет. Жастар арасында насихаттау үшін мектептердегі оқу материалдары аздық етеді. Ол үшін электронды материалдар, саяси репрессия құрбандары жайын­да фотоальбомдар шығарудың маңызы зор.

 

Репрессия салдарын зерттеудің өзекті мәселелерін бір ғана жиын төңіре­гінде айтып тауысу мүмкін емес. Оның түп-төркіні, салдары, тарих сах­насындағы саяси маңызы ма­мандар атап өткендей, өзіндік методо­логия аясында жүзеге асатыны анық. Ал өскелең ұрпақтың халқы­мыздың өткен тарихын біліп өсуі - қоғамдық-саяси өмірден бөліп-жарып қарауға болмайтын келелі мәселе.

 

 

02.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz