қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
18.10.2021

Мақтағали Бектемесов: «Университетіміздің «Ұстаздар ұстаханасы» аталуына толықтай негіз бар»

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті туралы «Qazaq» газетінде мақалалар мен сұхбаттар жиі жарияланатынын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ал, қазақтың тұңғыш кәсіби газетінің қазақтың тұңғыш университетімен шығармашылық байланыста болуы заңды. Осы бұрыннан қалыптасқан дағдымен «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бектемесов Мақтағали Әбдімәжитұлымен сұхбаттасып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге жауап алдық.


«ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН АЛҒАШ 1985 ЖЫЛЫ АТТАДЫМ»

 

- Мақтағали Әбдімәжитұлы, Сіз ұзақ та үлкен өмір жолынан, еңбек баспалдағынан өттіңіз. Еңбек жолыңыздың осы қарашаңырақтан басталғанынан хабардармыз. Тіпті, еңбек өтіліңіздің 30 жылын ұстаздар ұстаханасына арнап келесіз. Сол жолыңыз қалай басталып еді? Таңдауыңыз неге осы білім ордасына түсті?

 

- «Ұстаздар ұстаханасы» дегенге келсек, университетіміздің бұлай аталуына толықтай негіз бар. Иә, қазақтың тұңғыш қарашаңырағы - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты деп аталатын. Мектептегі мұғалімдердің көпшілігі осы институттан маманданып шығатын. Математик болсын, физик, әдебиетші, тарихшы болсын қарашаңырақтан түлеп ұшқан соң, мектепке барып, педагогикалық ұстанымдарын сақтай отырып, біліктіліктерін ұстаздықпен дәлелдейтін.

 

Шынымды айтсам, осы білім ордасында жұмыс істеймін деген ойда мүлде болған емеспін. Десе де, мектеп қабырғасында жүргенімде бір қызық жайттың орын алғаны бар. «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш») конкурстық есептер жинағы шықты. Конкурс 6-7 сынып оқушыларын сырттай физика-математика мектебіне қабылдау үшін ұйымдастырылған екен. Содан не керек, есептерді шығарып, шешімін конвертпен пошта арқылы салып жібердік. Көп ұзамай ұйымдастырушылардың жауабы да келді. «Сіз Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай физика-математика мектебіне оқуға түстіңіз» деп жазылыпты хабарламада. Бұл 1976-1977 жылдар еді. Сөйтіп, өз мектебіммен қатар сырттай физика-математика мектебінде де үш жылға жуық оқыдым.

 

Мектепті бітірген соң, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Үшінші курстан бастап физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазПИ-дің ректоры Құлжабай Әбдіхалықұлы Қасымовтың ғылыми семинарларына қатыстым. Оқу орнында тәлім алып жүрген біздер ұстаздар ұстаханасының не екенін түсіне бастадық. Ондағы оқытушылардың ғылымда да, педагогикада да өзіндік жолы, өзіндік рөлі бар екенін көрдік. Нәтижесінде, үздік оқу орнын бітірген мені Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына жолдамамен жас маман ретінде жұмысқа жіберді.

 

Ол тұста білім саласында қазіргідей бір емес, екі министрлік болатын. Педагогикалық институт - Оқу-ағарту министрлігіне, Қазақ ұлттық университеті - Жоғары білім министрлігіне қарайтын. Тоқ етерін айтқанда, бір министрліктің жолдамасымен екінші бір министрлікке жұмысқа бардым. Бұл күн әлі есімде, қарашаңырақтың табалдырығын жас маман ретінде 1985 жылдың 1 тамызында аттадым. Содан бері ұстаздар ұстаханасында еңбек етіп келемін. Әрине, арасында жеті жылдай уақыт ауыс-түйіспен басқа да қызметтер атқардым. Дегенмен, Абай атындағы ҚазҰПУ-да маман ретінде қалыптастым. Физика-математика факультетіне алғашында тәлімгер болып келіп, аспирант, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, деканның орынбасары, декан, оқу ісі жөніндегі проректор сынды бірқатар қызметтер атқардым. Ғылым жолында Новосибирск мемлекеттік университетінде кандидаттық, ҚазҰУ-де докторлық диссертацияларды қорғадым.

 

«ПЕДАГОГТАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ДЕ, ЖАЛАҚЫСЫ ДА АРТТЫ»

 

- Иә, бір жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетін басқардыңыз. Демек, министрліктің жұмысын бір кісідей білесіз. Ал, министрліктің қазіргі жұмысына қандай баға берер едіңіз? Білім-ғылымға қатысты қай реформа сәтті жүргізілді?

 

- Өте орынды сұрақ. Әрине, баға беру оңай емес, ол үшін жұмысты жан-жақтан білу қажет. Біліп қана қоймай, салыстырмалы талдау жасаған орынды. Мен істеген жылдары комитет жемісті жұмыс атқарды деп айта аламын. Елбасының тапсырмасымен бұрынғы кандидаттық-докторлық диссертация қорғау жүйесі алынып тасталып, жаңа жүйеге көштік. Оған сәйкес, PhD докторлық диссертация қорғау жүйесіндегі талаптарын өзгертіп, ғылыми атақ беру мәселесінде де алғашқы жұмыстар атқарылды. Сол уақыттың көзқарасымен қарасақ, әрине, бұл жаңашылдық болды. Сонымен қатар, 2011 жылы еліміздің әр өңірінен Білім беру мен ғылым саласындағы бақылау комитетінің департаменттері ашылып, екі жүздей маман - мемлекеттік қызметкер жұмысқа тартылып, бюджеттен қаржы бөлінді.

 

Әрине, министрліктің бүгінгі жұмысына оң баға беремін. Себебі, министрлік ұзақ мерзімді жоспармен жұмыс істеп келеді. Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның алғашқы тұжырымдамасын 2011 жылы жасаған едік. Көріп отырғанымыздай, қазір бұл заң жобасы іске асты. Еліміз бойынша педагогтардың мәртебесі де, жалақысы да көтерілді. Мектеп мұғалімдері бұрынғыдай өзге қоғамдық жұмыстарға тартылмайтын болды. Ұстаздар қауымының әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы қазіргі министрліктің жемісті жұмыстарының нәтижесі. Демек, бұл министрліктің жұмыстары бірізділікпен сабақтасып келе жатқандығын білдіреді.

 

Бүгінде министрлік жаңа форматта басқарып, өзгерістер жасап жатыр. Жаңа бағытта жұмыс істеп жатқандықтан, оған түсетін жүктің салмағы да ауыр. Пандемия кезінде министрлік дәстүрлі оқыту жүйесін қашықтан оқыту жүйесіне ауыстыруға мәжбүр болды, бұл қиындықты жеңе (еңсере) білді. Тек ЖОО-ларда ғана емес, мектеп, колледждерде де қашықтан оқу жүйесін ұйымдастыра алды. Әрине, білім алушыларға да, білім берушілерге де өзгеріске бейімделу оңайға түскен жоқ. Өйткені, қашықтан оқытудың әдістемелері дайын емес еді. Бұл мәселені біз университетте 2005-2007 жылдары «Шағын мектептерді қашықтан оқыту» атты жоба жасаған да байқаған едік. Сонда арнайы курстар өткізгенбіз. Бірақ, бұл жоба арнайы шағын мектептерді ғана қамтыды. Ал, министрлік пандемия кезінде жаппай қашықтан оқытуды ойдағыдай іске асырды.

 

- Төрт жылдан бері тұңғыш университетте проректорсыз. Осы ұстаздар ұстаханасының қазіргі тынысы қандай? Жаңа оқу жылында оқыту форматы қалай ұйымдастырылды?

 

- Математик болған соң сандарға баса мән беремін. Бәрі дұрыс. Бірақ, мұның алдындағы төрт жылда да қарашаңырақта бірінші проректор, оның алдында оқу ісіндегі проректоры болдым. Сондай-ақ, арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші проректор, экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры болғаным бар.

 

Енді сұрағыңызға жауап берейін. Университеттің бүгінгі жағдайын жақсы деп айтуға болады. Қыркүйектің бірінен бастап 3-4 курс студенттерін аралас форматта оқытуды бастадық. Дәрістерді онлайн өткіздік. Себебі, ол кезде Алматы қаласы «қызыл» аймақта тұрғандықтан, аудиторияда студенттердің жиналмауын құп көрдік. Ал, семинар сабақтарын, практикалық, лабораториялық жұмыстарды оффлайн форматта өткізуді жөн санадық. 1-2 курстардың сабақтарын 6 қыркүйекте бастадық. ЖОО оқытушыларының басым көпшілігі вакцина алды. Қалғандары арнайы медициналық анықтамаларына сәйкес жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қысқаша айтқанда, университеттің эпидемиологиялық ахуалды сақтауы тұрақты әрі жақсы. Тіпті, біз соңғы кездері кейбір мәжілістер мен жиналыстарды офлайн форматта өткізіп жатырмыз.

 

Университеттің басқару жүйесіне келсек, қазіргі жағдайда бізде басқару жүйесі басқарма аясында жұмыс атқарады. Басқарма Директорлар кеңесіне қарайды. Кеңес Білім және ғылым министрлігіне бағынады. Басқарманың төрағасы ректор, мүшелері проректорлар болып табылады. ЖОО-дағы кез келген мәселе басқарманың шешімімен шешіледі. Әрбір шешім басқару құрылымына сай жан-жақты талқыланады.

 

Биылғы оқу жылындағы оқу барысының бірінші айналымы мәресіне жетіп қалды деп айтуға болады. Студенттер аралас форматтағы оқу жүйесіне бейімделіп, білім алуда. Төртінші курс студенттері болса, 15 қыркүйекке дейін аралас форматта оқып, мектептерге тағылымдамаға жіберілді. Бұл үрдіс университетімізде соңғы екі-үш жылда пайда болған жаңалық. Университет басшылығы студенттер ұстаздыққа мамандану үшін тағылымдама мерзімін ұзартуды дұрыс деп шешті. Бұған мен де келісемін. Себебі, университет бітірген түлекте мектепке барғанда тәжірибе жетіспеуі мүмкін. Ал, тоғыз ай тағылымдамадан өткен студенттің тәжірибесі өзін сенімді сезінуге, қарым-қабілетін толық көрсетуге жеткілікті болады. Әрине, бітірушілерді мектептерден тағылымдамадан өткізу бұрын да болған. Оны жоққа шығармаймын. Алайда, бұрын төртінші курс студенттері небәрі бір-екі ай ғана одан өтетін еді.

 

Қазіргі таңда қарашаңырағымыз мектептермен тығыз қарым-қатынаста. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында мектеп мұғалімдерінің қатысуымен 84 білім беру бағдарламалары жаңартылды. Университетімізде жалпы саны 2 492 студент-практикант бар. Былтыр университет түлектерінің 97 пайызы жұмыспен қамтылды. 10 мектепте кафедраларымыздың филиалдары бар.

 

«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛМЕСЕ,
БҰЛ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУШЫЛАР САНЫ АРТПАС ЕДІ»


- Мақтағали Әбдімәжитұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойылған міндеттерді қалай іске асырып жатырсыздар?


- Жолдаудың бағыты, түйіні, философиясы өзгеше болды. Сондықтан да, болар көңілге қонымды тұстары көп. Университет қабырғасында Президент Жолдауын онлайн-оффлайн форматта талдап, жиналыс өткіздік. Жолдауда Мемлекет басшысы: «Біз экономикалық қалыпты жағдайда тұрмыз», - деді. Яғни, біздің университет те экономикалық қалыпты жағдайда тұр деген сөз. Себебі, биыл біз үшін оңтайлы жыл болды. Бакалавриатқа 5 703 адам оқуға түсті. Соның 4 562-сі педагогика мамандығын таңдағандар. Міне, көріп отырғаныңыздай, іс пен сөздің арасы жақын тұр. Жолдауда педагог мәртебесі өскенін, жалақылары көбейгенін атап өтті. Мұны біздің статистика да растап отыр. Педагог мәртебесі көтерілмесе, бұл мамандықты таңдаушылар саны да өспес еді. Қарашаңырағымыз сапалы педагогтарды көптеп шығарса, Президент Жолдауында қойылған міндеттер де орындалады деп есептеймін.

 

Жолдауда тағы бір жақсы мәселе көтерілді. Президент: «Кәсіптік және техникалық білім беру колледждерде тегін болсын», - деді. Мұны үлкен бастама деп білемін.

 

Сонымен қатар, Жолдауда іргелі зерттеулер жүргізу үшін ғылыми гранттардың мерзімін ұзарту туралы мәселе көтерілді. Бұл біздің университетімізге тікелей қатысты. Өйткені, оқу орнындағы оқытушылар педагогикалық жұмыстармен қатар, ғылыми жұмыстармен де айналысады. Қарашаңырақтағы көптеген ғылым докторлары, PhD докторлар, ғылым кандидаттары Жолдауда көтерілген мәселеге оң көзқараспен қарады. Бір сөзбен айтқанда, Президент Жолдауы көңілімізден шықты.

 

- Білім сапасын арттыру үшін университетте қандай нақты шаралар қабылданды?

 

- Шынын айтқанда, білім сапасының өлшемін анықтау өте қиын дүние. Оны метрмен, километрмен немесе тоннамен өлшей алмайсың. Бір күнде сапасы өзгеріп, жақсарды деу қиын әрі қисынсыз. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Университеттегі білім сапасын көтеру шаралары министрлік берген академиялық еркіндіктің аясында жүзеге асып жатыр. Соған сәйкес, академиялық үстемдік орталығы ашылмақ. Оның аясында 2021-2023 жылдар аралығында оннан аса жаңа зертханалық кешен ашуды жоспарлап отырмыз. Атап өтсем, STEAM-қалашығы, Киберпедагогика зертханасы, Оқу-эксприменталдық полигоны, Арт-білім беру зертханасы, Инклюзивті білім беру зертханасы, Көптілді педагогика зертханасы. Одан бөлек, білім сапасын арттыруда әлемдік үрдістен кенже қалмауды да естен шығармадық. Сол мақсатта білім берудегі интернационализациялауды тұрақты жүргізіп келеміз. Мәселен, әлемнің 33 мемлекетіндегі оқу орындарымен 140-тан астам халықаралық келісімдер жасадық. Әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кіретін 20 оқу орнымен келісім жасалды. Атап айтқанда, Пенсильвания штаты университеті, Сассекс университеті, Бейжің біріккен университеті, Сорбонна университеті, Париж Сите университеті және тағы да басқа университеттер.

 

Он бір халықаралық қос бағдарлама дайындадық. Солардың бірнешеуін атап өтсем артық болмас. Польша, Түркия, Румыния, Словакия, Франция, Литва және Германиядағы жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп ЭРАЗМУС+ МКМ бағдарламасы жасалды. Хайдельберг университетінің педагогтарымен бірлесіп DAAD бағдарламасын іске қостық. Сондай-ақ, Нийде, Ахи Евран, Мармара, Мұғла университеттерімен бірігіп MEVLANA бағдарламасы жасалды. Біздің 150-ден артық студентіміз 17 серіктес ЖОО-ларда білім алуда. 2019-2021 оқу жылдарында 43 студентімізге Франция, Германия, Польша, Түркия, Қытайдың іргелі ЖОО-ларында білім алуларына мүмкіндік берілді.


«СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖЕҢІЛДІКТЕР ОЛАРДЫҢ АЛАҢСЫЗ БІЛІМ АЛУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ»

 

- Үш жыл бұрын «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатыңызда таяу арада қарашаңырақтағы оқытушылардың барлығы үш тілді игереді дедіңіз. Бүгінде оқу орнындағы оқытушылар бұл мақсатқа жетті ме?

 

- Иә, олай айтқаным есімде. Орынды сұрақ. Мысалы, біз ертеректе ауылдан қалаға келгенімізде, қаладағы қазақтардың көбі орысша сөйлейтін. Қазақшаға шорқақ болатын. Бірақ, төрт-бес жыл бірге оқығаннан кейін, бір-бірімен араласа келе, ауылдың балалары орысша, қаланың балалары қазақша үйренетін. Ал, қазіргі уақытта жастардың көпшілігі екі-үш тілде еркін сөйлейтінін байқаймын. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да ойларын жеткізе алады. Бұған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үш жыл ғылыми диссертациялық кеңестің төрағасы болып жүргенімде көзім анық жетті. Көз алдымда елудей жас ғалымдар докторлық диссертация қорғады. Солардың басым көпшілігі үш тілде еркін сөйледі. Ішінде диссертацияны қазақша жазғаны бар, орысша, ағылшынша жазғаны бар, қай тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беріп қайран қалдырды. Сондай-ақ, бұрын «техника мен математиканың терминдерін қазақ тіліне аударуға және түсіндіруге келмейді» деп сылтау айтатындар көп еді. Бірақ, сол жолы диссертацияларын ағылшын тілінде жазып, қазақ тілінде қорғағандарды көріп таңғалдым. Риза болдым. Тоқ етерін айтқанда, қазақтың жастарына үш тұғырлы тіл саясаты қиындық тудырып жатқан жоқ деп есептеймін.

 

Бүгінде ұстаздар ұстаханасындағы оқытушылардың басым бөлігі үш тілді игерген деп айтуға әбден болады. Алдағы уақытта пайыздық мөлшері тағы жоғарылайтыны сөзсіз.

 

- Дархан Нұрланұлы қорытынды есебінде 2020-2021 оқу жылында университеттің 1 237 білім алушысына жеңілдіктер тағайындалғанын айтты. Осы тақырыпты тарқатып айтсаңыз. Студенттерге әлеуметтік қолдау қалай ұйымдастырылды?

 

- Бұл іспен университетіміздің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры айналысады. 1 237 студентті аз да, көп те деп айта алмайсың. Бірақ, бұл білім алушылардың әрқайсысы белгілі бір санатқа жататындар. «Алтын белгі» немесе оқу үздігі, жетім, жартылай жетім, мүгедек санатына кіретін білім алушылар іріктеліп алынады. Әрине, бұл олардың алаңсыз білім алуына біршама септігін тигізетіні рас. Оқу ақысын төлеуде 10-15 пайыздық жеңілдіктер де беріледі. Сонымен қатар, қаржылай көмек те беріліп отырады. Ал, жетім, жартылай жетім, мүгедек санатына жататын білім алушыларға жатақхана бірінші кезекте беріледі. Себебі, білім алушының ең басты мәселесі осы.

 

- Жатақхана демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жатақхана мәселесін көтерген болатын. Сонда Тұңғыш Президент ЖОО-лардың жыл сайын грант санын көтергенде, жатақхана орындары ескерілмегендіктен, жатақхана тапшылығы туындап отырғанын алға тартты. Қарашаңырақта бұл мәселе бар ма? Бар болса қандай шаралар атқарылып жатыр?

 

- Иә, бізде де мұндай мәселе бар. Елбасы орынды мәселе көтерді. Бұл мәселе тек грант санын көтеруден ғана туындап отырған жоқ. Демографиямыз жыл сайын өскендіктен, мектеп бітірушілердің де саны айтарлықтай өсті. Сол үшін де грант саны көбейтілді. Бұрын студенттер саны қазіргімен салыстырғанда аз болғаны рас. Бірақ, мұның еш сөкеттігі жоқ. Өйткені, көптің арасынан сан қырлы сапалы мамандар шығатыны сөзсіз.

 

Елбасы жатақхана салу мәселесін қозғаған соң, бұл мәселені шешу үшін қарашаңырағымыз да жұмыстар атқарып жатыр. Алғашында жатақхананы Әуезов атындағы стадионның жанында салмақ болдық. Бірақ, құрылыс жобасы қалалық қоғамдық тыңдаудан өтпеді. Сөйтіп, қала әкімдігі екінші бір аумақты берді. Енді ол аумақ қоғамдық тыңдаудан өтсе, инвестормен, қаржы орталығымен келісім жасалса, жатақхана құрылысы көп ұзамай басталады.

 

 

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан: Фараби Сәйкенов

18.10.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com, PDF

 



25

Вернуться назад