қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
29.10.2021

Жолдаудың саяси-әлеуметтік мәні

 


 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы пандемия кезіндегі мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелерін шешуге баса назар аударған ауқымды құжат болып отыр. Жаңа Жолдауда қойылған міндеттерді шешу басқарушы органдардың белсенділігіне байланысты екендігі нақты көрсетілді. Сондай-ақ сарапшылар биылғы Жолдаудың әлеуметтік сипаты басымдығын атап айтуда. Президент Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттер және оның маңызы жөнінде Абай атындағы ҚазҰПУ докторантура және магистратура институты философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиковпен сұхбаттастық.

 

- «Халық бірлігі және жүйелі рефор­малар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Президентіміз пандемия кезіндегі мемлекет пен қоғамдағы маңызды міндеттер мен жоспарларды айқындап берді. Бағдарламалық құ­жаттың экономика саласындағы шеші­луге тиіс мәселелерден басталуы тегін емес. Пандемия экономика мен бизнесте тың көзқарас қажеттігін көрсетті, жаңа технологиялар мен цифрландыру қар­қынынан қалмауды міндеттеді. Осы тұрғыда саясаттанушы ретінде қандай басымдықтарды ерекше айтар едіңіз?

 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы негізінен елімізде тұрақты даму арқылы қиындықтарды жеңудің алгоритмін көрсе­туімен ерекшеленеді. Ол осымен екінші рет қос палаталы Парламенттің бірлескен отырысында өзінің ел дамуының барысын, алдағы уақытқа шешуін табуға тиіс өзекті және кезек күттірмейтін мәселелерді атап көрсетті. Биылғы Жолдау құрылысына қарай жеті тараумен тың бес бастаманы көтерген, ел Президентінің жүрекжарды бағдарламасы деп айтуға болады.

 

Тәуелсіз Қазақстанның егемен ел бол­ғанына 30 жыл толып отырған ке­зең­де Тәуелсіздіктің аса қастерлі ұлт құндылығы екендігі Жолдаудың мазмұнын құрайды. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» деп аталатын алғашқы бөлім, аты айтып тұрғандай еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін күшейтуге және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайтуға арналған. Пандемия кезінде мемлекет тарапынан азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсету мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының тиімділігін, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың уақтылы көтерілгендігін атап айту орынды. Жолдауда індет салдарын біршама тиімді еңсеруде өзіміздің елеулі бәсекелік артықшылығымызды пайдаланып келгеніміз айтылды. Сонымен қатар, осы індет кезіндегі қиыншылықтарды еңсерудегі артықшылықтарымыздан айырылып қал­мауымыз керек екендігін дәлелді мысал­дармен өрнектеп, Үкіметке осыған орай нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тұрғыда Президент «Алайда, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес» деп ашып айтты. Жер қойнауы - ұлттың байлығы ретінде қаралуы тиістігі, «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң бойынша жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажеттігі баса көрсетілді. Сонымен қатар, мал шаруашылығы, ветеринария, мал жайылымдары туралы туындаған қиыншылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы керектігі көрсетілді.

 

Бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы - барынша цифрландыру екендігіне орай, «Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасау керектігі жүктелді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Еуразия өңіріндегі орталық цифрлық хабқа айналуға тиіс делінді. Бүкіл әлем құлағын түрген Ауғанстандағы ахуалда назардан тыс қалған жоқ. Президент жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейтінін айтып, қорғаныс қабілетімізді нығайтуды, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуын, сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие екендігін және осыған байланысты қажетті органдар стресс-тест өткізіп, түрлі сценарийлер дайындау тапсырылды.

 

- Жомарт Құдайбергенұлы, қазақ­стандықтар Жолдауда айтылған денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі міндеттерді үлкен үмітпен қабылдап, жіті назар аударып отырғаны мәлім. Коронавирус індеті басталғалы денсаулық сақтау сала­сының қызметі төтенше сипат алды. Осы орайда маңызды құжаттың осы бөлігі жөнінде айтсаңыз.

 

- Президент Жолдауында қазақстандық әрбір жеке азаматқа қатысты осы сала бойынша кеңінен талдау жасалып, нақты ұсыныстармен тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, осы салада елімізде атқарылып жатқан іс-қимылдар мен реформалардың тиімділігімен қатар, кедергі болып жатқан тұстарына да назар аударылды. Әсіресе коронавируспен күрестегі вакцинаның маңызы туралы, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері мен біздің еліміздің ғылыми жетістіктерімен қатар осы саладағы түйткілді мәселелердің бәрін дерлік қамтыды деп айтуға негіз бар. Ал білім саласына келсек, балабақшадан бастап бастауыш сынып пен орта мектеп, жоғары білім беру, жоғары білімнен кейінгі біліктілікті жетілдіру жүйесіне, сол сияқты еліміздің білім және ғылым саласына кезек күттірмес ауқымды міндеттер жүктелді.Бұл уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу керектігін білдіреді.Осы аталған екі сала бойынша Жолдауда көтерілген мәселелер қоғамда қызу қолдауға ие болуда.

 

- Билік органдарының халыққа жақын болуы, арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікір­лерді дұрыс қабылда­уы,шенеуніктердің алдына келген аза­маттардың мәселесіне немқұрайды қарамауы жөніндегі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тұрғындардың қолдауына ие болды. Бұл Жолдауда осы мәселе тағы да жалғасын тапқанын байқадық.

 

- Иә, дұрыс айтасыз. «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» деп аталатын төртінші және бесінші бөлімдерде жалпы билікке, соның ішінде жергілікті билікке қатысты «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты - мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиісті екендігі нақты тапсырма ретінде берілді. Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасауда, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалауда тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізу тәсілін қолданып, билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алу арқылы оңтайландыру керектігі айтылып, Президент Әкімшілігіне осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеу тапсырылды. Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық даму­дағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән берумен қатар, әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу арқылы «Ұлттық даму жоспары» аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Осы міндеттерді жүзеге асыру арқылы өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту қажеттігі көрсетілді. Бюджет үде­рістерінде бюрократияны барынша азай­тып, жоспарлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдануды, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізуді, қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені түбегейлі қайта қарау керектігі кезек күттірмейтін шара екені, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Үкімет пен Есеп комитетіне ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру, онда шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығының жергілікті бюджетке берілуіне орай жергілікті бюджеттердің түсімі жоспардағыдан 25 пайызға артық түсе бастағаны айтылды. Өңірлерді дамытуға тікелей әсер ететін жергілікті бизнесті дамытуға, инвестициялар мен салықтық базаны көбейтуге қызығушылығының артқанын баса көрсетті. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін Үкіметке жыл соңына дейін тиісті ұсыныстар топтамасын әзірлеу тапсырылды. Қазақстандағы орнық­ты урбанизация үрдісі, агломерацияны дамыту, болашағы бар ауылдарды дамыту, шағын қалалардағы тыныс-тіршілік мә­се­­лесі, Жергілікті өзін-өзі басқаруда «Ха­лық қатысатын бюджет» тәжірибесін, Стра­тегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асыру, еліміздегі экология мәселесі, әсіресе, ауаның тазалығы туралы айрықша мәселелермен қатар, су мәселесі айтылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылда жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болатынына болжам жасап отыр, сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. «Су нысандарының эко­жүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл - ауқымды жо­ба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады» деп,Президент нақты стратегиялық жоспардың бар екенін өз аузымен халыққа жеткізді. Осындай ауқымды шаралар болашақтың үлесі екені көңілге қуаныш сыйлайды десе болады.

 

- Сарапшылардың айтуынша, көмір дәуірі аяқталып келеді. Президент елімізде 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы болатынына назар аударды. Демек, қосымша энергия көздеріне сұраныс артады. Осы орайда «бейбіт атом» мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр деп есептейсіз бе?

 

- Қазақстанның орнықты дамуында еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да тұрақты түрде өсіп келе жатуына орай, сапалы қуат көздерінің қажеттігі және оның ең оңтайлы шешімі - бейбіт атом екені анық. Осы аса күрделі мәселеде эмоцияға берілмей, Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіспіз. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет.«Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы - болашағы зор бағыттар, осыған орай Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеу тапсырылды.

 

- Тағы бір маңызды мәселе, панде­мияның еңбек нарығын өзгертуіне орай, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы нәтижесінде көптеген жаңа кәсіптер пайда болды. Қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуына байланысты жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар - осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекет қолдауына мұқтаж болып отыр. Еңбек нарығымызға көші-қон үдерісінің ықпалын зерделей отырып, бізге осының өзі «Кәсіби біліктіліктер туралы» заңның қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек. Еліміз әлеуметтік мемлекет ретінде, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету - басты міндеттердің бірі, бірақ, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісіне жол бермеуге көңіл бөлу қажет. Осыған орай дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керектігі аталған бөлімдердің басты және негізгі тақырыптары болды.

 

- Мемлекет басшысы елде саяси реформалар жүргізу жөнінде биылғы Жолдаудада айтып өтті. Бұл реформа қандай іс-шараларды қамтиды?

 

- «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» және «Ұлттың ұйысуы - одан әрі дамудың басты факторы» атты бөлімдер осы Жолдаудың саяси мәнін ашып тұрғандай. Онда саяси реформалар жалғасатындығы, орнықты демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгерту, сол арқылы мемлекеттілігімізді нығайта түсу, ол үшін барлық өзгерісті елі­міздің өзіне тән ерекшелігіне орай, біртіндеп жүзеге асыру керектігі айтылды. Былтырғы Жолдауда айтылған саяси реформаның негізгі мәселесі ретіндегі ауыл әкімдерін сайлау үдерісі басталып та кетті. Бұл шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы - азаматтық мәдениетті дамытуға үлес қосады.

 

Сонымен қатар, адам құқығын қорғау саласында соңғы екі жылда едәуір ілге­рілеу бар екендігі белгілі. Президент Үкіметтің Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекіткендігін айта отырып, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына да өзгерістер енгізуді ұсынды. Құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістердің басталғандығы сөз болып, мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыру мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастағаны айтылды. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылып жатқандығы, Прокурорлық қадағалаудың жеделдігі, учаскелік инспекторлар мәртебесінің артқандығы, қылмыспен күресудің прак­тикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керектігіне назар аударды. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер - есірткі заттарының, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына байланысты іс-шаралар жүргізу кезек күттірмейді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, әсіресе, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аудару керектігі айтылды. Баршаға белгілі, елімізде сыбайлас жемқорлықтың тұрмыстық түрі кең етек алған. Қатардағы азаматтар кез келген салада туындаған мәселесін шешу үшін сый-сияпат беруді әдеттегі жайт деп қабылдауы қоғам үшін іскерлік сипаттағы жемқорлықпен бірдей қауіпті. Сол себепті тұрмыстық деңгейдегі сыбайластық іс-әрекеттерден арылу жемқорлықпен күрестің бір бөлігі болып есептеледі. Президент өз Жолдауында осының бәрі саяси жүйені және адам құқығын қорғау ісін жетілдіруге бағытталған стратегиялық бағдарымыздың құрамдас бөлігі болып саналады деп баса көрсетілді.

 

- Биыл ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Тәуелсіздіктің бұл кезеңі саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардағы жетістіктермен бірге ішкі тұрақтылығымен де ерекшеленеді. Жолдауда мемлекет басшысы елдегі этносаралық байла­ныстарды нығайтуға баса көңіл бөлінетінін айрықша атап өтті. Қоғамды ұйыстырудың тәуелсіздікті сақтаудағы рөлі ерекше ғой.

 

- Иә, жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болып табылады.Бұрыннан қалыптасқан «Бірлігіміз - әралуандықта» деген басты қағидамыздың өзгермейтіндігі сөз болған мәселеде толеранттылық, этносаралық және конфессияаралық қатынастың негізі боп саналатын қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтап келеміз. Осы Жолдауда тіл мәселесіндегі саналуан алып-қашпа пікірлерге біржола нүкте қойылды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі арта береді, ал орыс және ағылшын тілдерін меңгеру біздің артықшылығымыз. Сондай-ақ қазіргі ғаламтор дәуіріндегі бей-берекет ақпарат тасқынын реттеуде зиялы қауым өкілдерінің күшімен ұрпақ санасын улауға жол бермеу, жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру сияқты бірқатар мәселелер тапсырма ретінде берілді. Осы мәселелерде парасаттылық танытып, өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеу, қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілуі, осы тұрғыда Отанымыз үшін барлық азаматтардың жауапкершілікті сезінуі қажеттігі атап көрсетілді. «Біз бірге болсақ қана, теңдессіз елдік бірегейлігімізді нығайта аламыз.Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет атап өткендей, этносаралық және конфессияаралық татулық - біздің баға жетпес байлығымыз. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз» деген Президент тікелей нақты бастамаларға көшті.

 

- Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекет басшылығының тұрақты назарында. Пандемия жағдайында бұл мәселе өзектілене түсті. Осы тұрғыда Жолдаудың әлеуметтік сипатын нақтылай кетсеңіз.

 

- Президент халықты әлеуметтік қолдау бойынша бірнеше бастама көтеріп отыр. Бұған дейін зейнетақы қорын баспана және басқа маңызды мақсаттарда пайдалану жөніндегі ұсынысы нақты көрінісін тапқан болатын және бұл жұмыс жалғасуда. Ал жаңа Жолдаудағы алғашқы бастама төменгі жалақы мөлшері деңгейін көтеру жөнінде болды.Бұдан былай ең төменгі жалақыны салықтық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды тоқтату қарастырылып отыр. Ал екінші бастама жалданбалы жұмысшылардың еңбекақысын көбейту және осыны жүзеге асырған жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер берілетіні және оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау болатыны айтылды. Үшінші бастама бойынша Президент микро және шағын кәсіпкерлік саласында жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынды.Төртінші бастама әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысын сатылап өсіру, бесінші бастама азаматтардың тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мақсатында бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу сияқты адамзат баласы ғұмырындағы аса құнды мәселелердің оң шешілуінің басты алгоритмін көрсетті. Мемлекет басшысы парламент депутаттарын жауапкершілікке шақыра отырып, отандастарына деген өзінің жүрекжарды ой-пікірін «Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!» деген жалынды сөзімен қорытындылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз халқына арнаған сындарлы кезеңдегі Жолдауын «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» - деген атаумен Егемен елдің тарихи сахнасына ұсынды. Жолдаудағы міндеттерді орындау уақыт еншісінде.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген Дина Имамбаева

29.10.2021 ж.

Ақпарат көзі: aqiqat.kazgazeta.kz