қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
09.11.2021

Инклюзивті білім беру - уақыт талабы

 


Мамандардың айтуынша, елімізде «инклюзия» және «инклюзивті білім беру» терминдері сонау 2000-ыншы жылдардан қолданысқа ене бастады. Оның мәнісі мүгедек балалардың білім алу құқығын қорғау, оларды жалпы мектеп оқушыларына қосып оқытып, қоғамға тарту дегенді білдіреді. Ал арада өткен 20 жылда инклюзивті білім беру алға жылжыды ма, мақсат қалай орындалуда, бұл мәселені жүзеге асыруда қандай проблемалар туындауда?

 

Осы сұрақтарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институтының Арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор АУТАЕВА Ақбота Нұрсұлтанқызына қойған едік.

 

- Дұрыс айтасыз, елімізде инклюзивті білім беру мәселесі көтерілгелі бері арада 20 жыл өтті. Бұл туралы докторлық, магистрлік диссертациялар қорғалып, басқа да ғылыми еңбектер жазылып, жоғары оқу орындарында ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, инклюзивті білім берудің ғылыми негіздері қаланды. Мамандарымыз шетелдерде тағылымдамалардан өтіп, тәжірибе жинақтауда. Мектептерде, кәсіптік білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарында ерекше қажеттіліктері бар балаларды басқа балалармен қосып оқытудың алғашқы тәржірибелері қалыптасып келеді. «Инклюзия» деген сөздің мағынасы - «кіріктіру», қарапайым тілмен айтар болсақ, он екі мүшесі сау балалармен денсаулығында, дамуында ақаулары бар балаларды бір сыныпта оқытып, тәрбиелеу дегенді білдіреді. Бірақ біздің қоғам, жалпы бұқара қауым, инклюзияның мәнісі мен маңызын әлі толық түсініп, қабылдай қоймағаны белгілі болып отыр.

 

Халықтың инклюзивті мәдениеті әлі қалыптасып үлгерген жоқ деуге болады. Мұндай жағдайда «мектеп - мұғалім - ата-ана арасында» дұрыс қарым-қатынас орнамайды. Мысалы, кемтар баланың әке-шешесі оны дамуы толық оқушылармен бірге оқытсам, олар баламды мазақтап, кемсітеді деп қауіптеніп, баласын қоғамнан алшақ ұстауы мүмкін. Сонымен қатар мектеп басшылығы да ерекше қажеттілігі бар кемтар баланы мектепке қабылдауға құлықты бола бермейді. Мұғалімдер де ондай оқушыны оқытып, тәрбиелеу арнайы дефектолог мамандардың міндеті деп, оны біздің мамандарға итере салғысы келеді. Әрине, мұндай қарама-қайшы пікірлер мен түсініктер инклюзивті білім беруді дамытуға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бұл күндері, бірінші кезекте, жалпы бұқараның инклюзивтік сауатын ашу кезек күттірмес міндет деп ойлаймын. Меніңше, бұл істе біз бұқаралық ақпарат құралдарының - теле-радио арналардың, газет-журналдардың көмегіне сүйенуіміз қажет.

 

Үстіміздегі жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасында мамандардың қатысуымен инклюзивті білім берудің маңызы туралы бір жақсы хабар берілді. Бұл үрдісті басқа телеарналар да іліп әкетіп, одан әрі жалғастырар деген үмітте едік, бірақ олай болмады. Еліміздегі бүкіл телеарналар кілең шоу бағдарламалар мен шетелдік бейәдеп телесериалдарға әуес. Ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі деген мәселелер көгілдір экранда өте сирек көрініс береді. Көпшілікке арналған баспасөз беттерінде де инклюзия тақырыбы өте аз жазылады. Жазыла қалса да, онда оқырманын елең еткізерлік мәселе көтеріліп жатпайды. Инклюзивті білім берудегі мәселелерді жалпы халық біліп, хабардар болып отыруы керек. Аты-аналардың да, педагогтердің де инклюзивті білімі мен білігін күшейтетін кез келді. Бұл істе, жоғарыда атап өткенімдей, бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін дұрыс пайдаланғанымыз абзал. Сондықтан еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арасында арнайы байланыс болуы керек деп ойлаймын.

 

Десек те соңғы бес жыл көлемінде мемлекет тарапынан инклюзияға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті көңіл бөліне бастағаны көңілге медет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы халыққа жол тартқан «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауында: «Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндіктер жасауға міндеттіміз», - дей келе, Үкіметке осы мақсатқа 3 жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырғанын айтқан еді. Мемлекет басшысы Мұғалімдердің тамыз кеңесінде де ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беруді дамыту туралы айтқаны есімізде. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов та бұл мәселені әркез назарда ұстап келеді. Міне, мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай қамқорлықтың нәтижесінде елімізде инклюзияға деген көзқарас өзгере бастағаны қуантады.

 

- Үстіміздегі жылы инклюзивті білім беру мәселелері бойынша бұрын қабылданған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданғанынан хабарымыз бар. Бұл заңның инклюзияны дамытуға қандай ықпалы болуы мүмкін?

 

- Осы уақытқа дейін бізде денсаулық жағдайына, ақыл-ойының кемістігіне қарай білім алушылар ерекше білім беруді қажет ететін топқа жатқызылып келді. Ал енді олардың қатары көбейетін болды. Айталық, түрлі шетелдерден тарихи отанына келген қандастырымыз біз қолданып жүрген кириллицаны білмей қиналатыны сөзсіз. Сондықтан ондай балаларға ерекше жағдай жасап, көмектесуіміз қажет. Тұрмысы нашар отбасылардың балалары да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Олай болса жаңа заң бойынша осындай балалар да инклюзиялық топқа жатқызылады. «Білім туралы» Заңның «1-сыныпқа оқуға балалар 6 жастан қабылданады» деп жазылған 31-бабының 1-тармағы былай деп өзгертілді: «Мүмкіндігі шектеулі балалар орта білім алу үшін 6-10 жастан білім беру ұйымдарына қабылдана алады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте, білім беру бағдарламаларына сәйкес бастауыш және негізі орта білім алудың ұзақтығы 10 жылдан кем болмауы тиіс», - делінген.

 

Жалпы, бұл заң мүгедек адамдардың кемсітусіз білім алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында және қолданыстағы заңды «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенцияға (2015 ж.) сәйкестендіруге бағытталып отыр. Сондай-ақ мұнда «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық-психологиялық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы», «Білім туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл аталған құжаттарда ерекше қажеттіліктері бар балаларға мемлекеттік қолдау, оларды оқыту мәселелері заң жүзінде тұжырымдалды. Білім алушының даму ерекшеліктеріне байланысты жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілгені де қуантады. Сондай-ақ мұнда білім беру мекемелері басшыларының инклюзивті білім берудегі жауапкершілігін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Жалпы, бұл заң елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға жол ашады деген сенімдеміз.

 

- Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті баспасөз орталығының журналисі

09.11.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 



22

Вернуться назад