қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
22.09.2022

Заң халық мүддесі үшін қызмет етсе...

 


 

Бір қарағанда Жолдау ел Президентінің бір жылдық жұмысты қорытындылап, келер жылы жүзеге асыруға бағытталған бағдарламалық құжаты секілді көрінгенімен, бұл жолғы құжат мәтінінің мазмұны да, Үкіметке артылар міндеттері де өзгеше.

 

«Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат - бизнес - мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары ­болуына кепілдік береді» дей келе, Президент жаңа онжылдықтың есігін ашқан Тәуелсіз еліміздің іргесін нығайтудың бес бағдарын атап көрсетті.

 

Мемлекеттің басты қағидасы ел экономикасын әртараптандыру мен халқымыздың әл-ауқатын арттыру деген Қ.Тоқаев алдағы уақытта біздің еліміз тек шикізатқа тәуелді болып қана қоймай, оны өзі өңдеп, қолданысқа енгізе алатын жағдайға жеткізу керек екенін тағы да бір ескертті. Бұл, әрине, жәй айта салған сөз емес, біз бұл бастаманы жүзеге асырмай, азаматтарымыздың тұрмысын жақсарта алмаймыз. Әкімшілік немесе монополиялық жолмен бағаны реттеу ел экономикасын алға жылжытпайды. Еркін экономика жоқ жерде халқымыздың табыс көзі де ұлғаймайды. Олай дейтініміз, экономикасы мығым дамудың жаңа белесін бағындырған озық мемлекеттерде бұл жүйе бұрыннан қалыптасқан. Сондықтан да Президент көтерген бұл бастаманы қысқа мерзімде жүзеге асырғанымыз өзімізге тиімді болары сөзсіз.

 

Президент бұл Жолдауда Парламент пен Үкіметке ғана негізгі міндеттер жүктеп қойған жоқ. Еліміздің тұтқасын ұстап отырған өзінің де Заң алдында жауапты екенін тағы да бір көрсетті. 2024 жылға дейінгі уақытқа созылған өз өкілеттілігін тоқтатып, биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізетінін, сонымен қатар ендігі жерде кез келген Президенттің 7 жылдық мерзімге бір-ақ рет сайлана алатынын Заң тұрғысында бекітуді міндеттеді.

 

Заң қашанда жеке адамның немесе белгілі бір топтың мүддесіне емес, сол елді мекендеген барша халықтың мүддесі үшін қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз, Мемлекет басшысының ұдайы айтып отыратын «Халық үніне құлақ түретін мемлекетін» құра алатынымыз сөзсіз.

 

Жолдау бағыттарынан мемлекеттің білім саласы да тысқары қалмады. Бұл салаға ерекше тоқталған Президент білім туралы: «Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс істеледі. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары ­сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды» деп, педагогикалық жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілікті артты. Десек те, бір ғасырға жуық тарихы бар, тұңғыш жоғары оқу орны - Абай университетінің бұл міндетті де оңай еңсерері анық. Қазіргі таңның өзінде білім мен ғылым саласында көптеген жетістіктерге жетіп, еліміздің мектептері мен шетелдік белді университеттерімен бірлесе оқу бағдарламаларын жасап жатырмыз. Бітіруші курс студенттерін болашақ мамандығы мұғалімдікке баулу жолында дуальды оқыту бағдарламасын жүзеге асырдық. Бұл бағдарлама студенттеріміздің мектептерде іс-тәжірибеден өтіп қана қоймай, сол жердің білікті маманы ретінде жұмысқа орналасуына да өз кезегінде көмегін тигізіп жатыр.

 

Сонымен қатар жас ғалымдарды ынталандыру жолында да университетімізде көптеген бастамалар қолға алынды. Бұл дегеніміз, біз тек мектеп мұғалімдерін даярлап қана қоймай, мамандарымыздың ғылым көкжиегінде де өзіндік орнын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз биылғы оқу жылында да көптеген жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Біздің ұжым Президент көтерген жаңа бастамаларды толық орындап, үздіктер қатарынан орын алатынына сенімдімін.

 

 

Авторы: Дархан Біләлов,
«Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Басқарма төрағасы - ректор

22.09.2022 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz