қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
13.02.2014

                                                            Советхан Ғаббасов 75 жасқа толды
Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Советхан Ғаббасов 75 жасқа толды. Осыған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ұлт болашағы - ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Конференцияны ашқан университеттің бірінші проректоры, профессор Мүбәрак Ермағанбетов жазушы, ғалым-ұстаздың еңбектеріне қысқаша тоқтала келіп, мерейтой иесіне шапан жауып, университет ректорының құттықтау хатын тапсырды.
С.Ғаббасовтың ғылым мен әдебиет саласындағы еңбектері жөнінде п.ғ.д., профессор Темірхан Тебегенов баяндама жасады.
Бұдан кейін С.Ғаббасовтың педагогика-психология саласындағы еңбектері бойынша баяндама жасаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев мерейтой иесінің «Баланың ана құрсағындағы тәрбиесі» туралы ғылыми еңбегіне жан-жақты тоқталып, бұл еңбектің құндылығын ерекше атап көрсетті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әдібай Табылдиев Советхан Ғаббасовтың ұлттық тәрбие, халықтың педагогика саласындағы еңбектерін талдап, саралады. Бұдан кейін белгілі ғалымдар Ғабиден Хайрулла, С.Борбасов, Мұрат Мыңбаев мерейтой иесінің ғылым саласындағы ересен табыстары туралы ой толғады. «Руханият» Халықаралық Ислам университетінің професоры Мұрат Мыңбаев оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен С.Ғаббасовқа осы университеттің академиялық профессоры атағы берілгені туралы дипломын тапсырып, профессор мантиясын жапты. Белгілі ақын Шөмішбай Сариев Советхан Ғаббасовқа арнаған өлеңін оқыды.
Мерейтой иесіне Алматы қаласы әкімдігінен, Жазушылар одағынан келген құттықтаулар тапсырылды.