қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
25.05.2018

Қазақстан тарихы ғылымының ақсақалы

 


 

Әділхан Нұрғалиұлы Құдайбергенов 80 жаста


Әділхан Нұрғалиұлы Құдайбергенов Қазақстан тарихы ғылы­мында өзіндік орны және үлкен ізі бар ғалым. Ол бүкіл саналы өмірін Отан тарихы ғылымын дамытуға, еліміздегі жоғары білімді мамандар және кәсіпқой тарихшылар дайындауға арнады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған ғалымды күллі әріптестері шебер ұйымдастырушы, жаңашыл зерттеуші, белгілі тарихшы, айтулы ұстаз ретінде таниды.


Әділхан Құдайбергеновтың ғылы­ми шығармашылық жолы тарих ғы­лымын серік еткен жас-ұрпақ өкілдеріне елеулі өнеге. Тұрақты ізденістерінің, тың тұжырымдарының арқасында Әділхан Құдайбергенов есімі шет елдерге де белгілі. Әлбетте ол ғылымдағы биіктеріне бірден жете қойған жоқ.


ХХ ғасырдың 30 жылдарының соңында дүниеге келген Әділхан Нұрғалиұлының балалық шағы өте ауыр жағдайда өтті. Қазақстандағы ұжымдастыру мен оның көп аймағын қамтыған қолдан жасалған аштықтың зардабы ол кезде кімге тимеді дейсіз? Ата-анасы туған жерін тастап, көрші Ресейдің Омбы облысына лажсыздан қоныс аударды. жетінші сыныпты бітірген Әділхан 1952 жылы Омбы қаласындағы педагогикалық училищенің дайын­дық бөліміне түсіп, 1957 жылы осы арнаулы орта оқу орнын бітіріп шығады. Аталған училищенің жолдамасымен сол жылы Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих және филология факультетіне оқуға түседі. Тап осы кезеңде Әділхан Нұрғалиұлының жоғары білімді тарихшы болу арманы қанат қақты.


Институттың үздік стипендиаты атанды. Жастар арасындағы белсенді қызметімен көзге түсті. 1962 жылы институтты үздік бітірген жас маман аспирантураға қалмай, комсомолдық жолдамамен Керекуге жол тартты. Павлодардағы №3 мектеп-интернатта орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сөйтіп жүріп өзінің ғылымға жақын екендігін сезді.


1965 жылы Алматыға қайтып оралған бойда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты партия тарихы кафедрасына ізденуші ретінде тіркелді, кандидаттық минимумдар тапсырды. 1968 жылы Алматы шеттілдері институтының аспирантурасына қабылданып, ғылыммен айналысуға тікелей жол ашылды.


Мақсатты да жүйелі ғылыми ізденіс нәтижесіз болсын ба? 1972 жылы тарих ғылымдарының кан­дидаты, 1991 жылы тарих ғылым­дарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады, профессор атағын алды. Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигіне сайланды.


Ғылыммен айналысқан жылдарында Әділхан Нұрғалиұлы Қазақстан кіндігі - Алматының бірқатар жоғары оқу орындарында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор ретінде студенттерге дәріс берді. Әсіресе сабақ үстінде тақырыптың жаңалығына, өмірмен өзектілігіне үнемі назар аударып отыратын. Жаңашыл ұстаз ретінде студенттердің пәнге қызығушылығын арттыруды әрқашан басты назарында ұстайтын. Соның арқасында өз пәнінің шебері атанған Әдекеңнің шәкірттерін еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады.


Алматы шет тілдері педагогикалық институты, Қазақ қыздар педагогикалық институтында проректор болды, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінде кафедра меңгеруші қызметтерін атқарды. Жоғары білім беру саласын заман талабына сай дамытуға, оқу әдістемелерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. еңбек еткен жерінің бәрінде өзінің ізін қалдыруға ұмтылды. Мәселен, 1992-1997 жылдары Қазақ қыздар педагогтық институтында ғылым жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарған кезінде Қазақстан тарихы, философия, психология, мәдениет тарихы, биология мамандықтары бойынша аспирантура ашылды. Институтта бұл жылдары барлығы 12 мамандық бойынша аспиранттар дайындалды. 2000-2009 жылдардағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университетінде Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болған кезінде оқу үрдісінің сапасын көтеруге көңіл бөлді. Нәтижесінде кафедра оқытушылар құрамының 98,3 пайызы ғылым докторы мен кандидаты болды.


Биылғы жылы ашылғанына 90 жыл болатын Абай атындағы Қазақ Ұлтық Педагогикалық Университетіндегі 07. 00. 02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша Д 14.15.09 докторлық дәрежесін қорғайтын диссертациялық кеңестің көптеген жылдар бойғы мүшесі, төрағасы ретінде еліміздегі жоғары дәрежелі ғалым-тарихшыларды дайындау ісіне өзіндік үлес қосты. 1994-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Жоғары Аттестациялау комиссиясының тарих және саясаттану ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің мүшесі, ғалым-хатшысы, 2002-2004 жылдары төрағасы болды.


Оның тікелей ғылыми жетекшілігімен екі докторлық, 20-дан астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Шәкірттерінің барлығына жуығы бұл күндері Қазақстан тарихы ғылымының әр бағыттарын зерттеуде айтарлықтай үлес қосып келеді.


Осындай ұйымдастырушылық жұмыстарымен қатар Әдекең өзін бүкіл саналы өмірінің басты мақсаты және арманына арналған тұлғалы да білікті ғалым ретінде көрсетіп келеді. Ол Қазақстан тарихының әр кезеңдері мен тақырыптарына арналған 100-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде көптеген монографиялардың авторы. Шетелдерде, республикамыздың әр ай­мақтарында өткізілетін халық­аралық және республикалық ғылыми конференцияларға, форумдар мен конгрестерге қатысып, баяндамалар жасап, өзінің пікірі мен ұсыныстарын ортаға салып жүр. Сондай-ақ ол Қазақстан тарихын орта және жоғары оқу орындарына оқытуға арналған көптеген ғылыми-әдістемелік бағдарламалар жасауға қатысты. 2005 жылы Қа­зақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген тапсырмаға сай 12 жылдық мектептердегі қоғамдық білімдер беру жобасын дайындауды іске асырды.


Ғалымның зерттеулерінің негізгі тақырыптарының бірі - Қазақ­стандағы ХХ ғасырдың ортасындағы ауыл-село мәдениетін көтеру тарихы мен оған ғылыми тұрғыдағы баға беруге арналды. Қазақстан халық шаруашылығының негізіне айналып отырған ауыл-селолардағы мәдени құрылыстың өткеніне тоқтап, орын алған жетістіктер мен кемшіліктерге талдау жасады. Солардың ішінде қазақ халқының кіндігіне айналып отырған ауылдардағы қазақ ұлттық мәдениетінің даму барысын зерттеді, келешегіне назар аударды. Бұл істі одан ары дамытудың жолдарын көрсетіп, ғылыми ұсыныстар жасады.


Әділхан Нұрғалиұлының зерттеу саласының тағы бір келелі бағыты Отанымыздың тарихындағы өзіндік орны бар тұлғаларды зерттеп, олардың туған халқы үшін сіңірген еңбектерін баспасөз бетінде жариялауға арналған. Яғни, «Тұлғатану» тақырбы оның ғылыми шығармаларының негізіне айналып отыр.


Осы тақырыпта ол көптеген халық­аралық, республикалық, аймақ­тық конференцияларда баяндамалар жасады, ғылыми мақа­лалар дайындады. Түрлі ғылыми жобалар жұмысына да белсене қатысып келеді. Мысалы, 2004-2011 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижелерін насихаттап, бұл салада атқарылар шаралардың алдыңғы легінен көрінді.


Профессор Әділхан Құдайбер­генов Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 2011 жылы Атырау қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Нұр­сұлтан Назарбаев - Түркі әлемінің лидері» атты баяндама жасап, нақты деректер арқылы Қазақстан Же­текшісінің барша түркі елдері ара­сындағы өзара қатынасты ны­ғайту және өркендеу бағытындағы бас­та­машыл ойлары мен нақты іс­терін жариялап, оның маңызын паш етті.


Мұнымен қатар ғалым есімдері мен істері кеңестік жүйе кезіндегі әдейі айтылмаған немесе қарама-қайшылықты баға берілген Қазақ Елінің тарихындағы кемел тұлғалардың есімдерін қайта тірілтуге айтарлықтар үлес қосып келеді. Ғалым осы тұрғыда әсіресе Абылай ханның 300 жылдығына арналып өткізілген республикалық ғылыми жиындардың, пікір-таластардың ортасында болды. Қазақтың Ұлы Ханының өмірі мен қызметіне арналған тың деректер негізінде сүбелі материалдар жариялады. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде, Азаматтық авиация Академиясында, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық Университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жиындар мен дөңгелек үстелдерге қатысып, өзінің ғылыми пікірлерін ортаға салды.


Ғалым қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының тарихындағы айтулы кезең «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған респуб­ликалық ғылыми шараларға белсене қатысты. Дәл осы кезде оның «Алаш Орда» үкіметінің 100 жылдығына орай Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жер мәсе­лесі жөніндегі көзқарасына, Қошке Кемеңгеровтың өмірі мен шығар­машылық мұраларына арнал­ған мақалалары жарық көрді.


Әділхан Құдайбергеновтың Қазақ Кеңес Энциклопедиясында партия, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ш.Шаяхметов, Н.Нұрмақов, Е.Той­бе­ковтердің еңбегі жөнінде жария­ланған мақалалары бір төбе. Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдарда Қазақстанның халық шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі үлкен ұйымдастырушылық қабілеттері мен еңбектерін саралап, оған тарихи тұрғыда баға берді.


Еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков туралы мақалаларында олардың Кеңес дәуірі кезеңіндегі ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан зор үлестерін талдап, ғылыми сараптама жасады. Ал қазақ халқының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ерекше тұлға - Жұмабек Тәшеновке арналған мақаласында оның Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын Ресей құрамына беру туралы Орталықтың (Н.С. Хрущевтың) шешіміне дәлелді тұрғыда тойтарыс беріп, жеріміздің тұтастығын сақтап қалудағы ерен ерлігі, сонымен бірге сол уақыттағы басты қазақ мерзімді басылымдарының қыл үстінде тұрған тағдырына да («Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правда» газетінің аударма көшірмесіне айналуына жол бермей дербестігін сақтап қалдырды) батыл қарсы шыққандығына нақты деректер келтірілген.


Әділхан Нұрғалиұлы «Ұлтшыл тұлға», «Тұла бойы намысқа толы» деген атаулармен жарияланған ма­қалаларында Ақжан Әл Ма­шанидің ұлт мақтанышына айнал­ған әлемдік ғұлама ғалым әл-Фарабидің есімі мен даналығын әлемге танытудағы тынымсыз да нәтижелі еңбегін баяндап берді.


Әдекең Қазақстанның көрнекті тарихшы ғалымдарының аға буын өкілдерінің еңбегіне зор құрмет­пен қарайды. ҚР ҰҒА академиктері С.Б. Бейсенбаев, Р.Б. Сүлейменов, Ә.К. Нұрпейісов, профессорлар Ә.Канапин, Г.Әбішов, А.Құрманбаев сияқты ғалымдардың бай шығармашылық және ғылыми мұраларын зерттеп, қазіргі ұрпаққа жеткізуде өнімді үлес қосып келеді.


Ғалым-профессор Әділхан Нұр­ғалиұлы Құдайбергенов кеңес, партия органдарының және Қазақ КСР Оқу министрлігінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған. ҚР Халық ағарту ісінің үздігі. 2008 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағы берілді. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Құрметті қызметкері».


Ол өзі жоғары білім алып, ұзақ жылдар қызмет істеп келе жатқан Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің биылғы 90 жылдық мерейтойына байланысты өткізіліп жатқан барлық іс-шаралардың бел ортасынан көрініп жүр.


Әділхан Нұрғалиұлы - үлгілі отбасының иесі. Жұбайы Шәпенмен екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Ермек - дәрігер-стоматолог, қызы Айгүл - Германияда ғылыми мекемеде қызметкер, кіші қызы Жанар - әке жолын қуып, тарихшы болды, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті. Әдекең балаларының сүйікті әкесі, немерелерінің қорғаны, арқа тұтып, мақтанар атасы, барша туған туыстарының ақыл-айтып, жол сілтер аға-әкелеріне айналып отыр.


Әдекеңнің өнегелі өмірі, туған халқының игілігі жолындағы атқарған еңбегі міне, осындай.

 

Авторы: Ғани Қарасаев,
тарих ғылымының докторы, профессор

25.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz