қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
21.06.2018

Ізгіліктің ізін жалғап келесің...

 


 

Әдемі аттың иесі

 

Гүлтас... Гүлтас Сайынқызы... Гүлтас Құрманбай... Бүгінгі қазақ жұрты үшін ардақты ат, аяулы есім... Педагогика ғылымының докторы, қазақтың маңдайалды жоғары оқу орны - Назарбаев Университетінің профессоры, сандаған білім стандарттарымен оқу бағдарламаларының, ондаған оқулықтардың, жүздеген ғылыми еңбектердің авторы, көрнекті ғалым... Сөз шеберлігімен оқырманын баураған қаламгер... Қай білім ордасында қызмет етсе де, шәкірттердің жүрегіне жол тапқан ұлағатты Ұстаз... Мемлекеттік тілдің мүддесі үшін, туған әдебиеттің тағдыры үшін талай сында шыңдалған шығармашыл тұлға... Еңбегі жанған, жолы болған, елдің құрметіне бөленген қайраткер... Асыл перзент, адал жар, ардақты ана, аяулы әже... Сүрінсең сүйейтін, адассаң түзейтін, барыңа балаша қуанатын шынайы дос...

 

Иә, Гүлтас, бұл тізімді ары қарай жалғай беруге болады. Бұл тізім сенің өзің сүйген, өзіңді сүйген ортаңдағы ойып алған орныңды, бағындырған биігіңді, Жаратушы бұйыртқан несібеңді айғақтайды. Олардың әрқайсысы туралы құлаш-құлаш мақала да жазуға болады. Бірақ мен бүгін саған шынайы көңілімдегі сырымды шертіп, хат жазуды жөн көрдім. Себебі, мен сенің балалық кезеңіңнен даналық асуыңа дейін жалғасып жатқан талай тірлігіңе, ерлікке пара-пар істеріңе куә болдым. Сондықтан мына әдемі өмір белесіңде замандас құрбы, сыйлас сіңлі, мұраттас әріптес қана емес, өзіңді жақсы көретін Жанатың ретінде ой толғағым келді...

 

Гүлтас... Ең алғаш сенің есіміңді сонау жетпіс тоғы­зыншы жылы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түскен кезде естіп едім. Мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ берген ұстазым - Шекер ағайымның (Шекер Оразымбетовтің) құлағымызға құйып, санамызға сіңірген «адамның аты Алладан бұйырады, әркім өз атына лайық болуы керек» деген өмірлік қағидасынан тәлім алған мен кімнің болса да, бірінші атына мән беруді әдетке айналдырып ем. Сол әдетіммен өзіңді көрмей жатып, атыңа елеңдегем... Жай елеңдеп қойғам жоқ, осындай әдемі аттың иесі де ерекше болуы керек деп, іздеп барып, сыртыңнан көріп, көңілім орныққан. Себебі, сенің ашық жүзің, еркелей күле қарағанда ерекше нұрланып тұратын көз жанарың, талдырмаш бітімің мен сұңғақ бойыңа көрік бере арқаңда бұлаңдаған қос бұрымың әдеміліктің үндесіміндей екен. Осындай қыздың атына «гүл» деген сөзді қоспау күнә сияқты. Ал ешкімді жатсынбайтын ашық мінезің мен еркін болмысың осал еместігіңді бірден мойындататындай.... Өзіңе деген сенімділігің, жарқын даусың, нық басқан жүрісің, істеген ісіне жауап бере алатын, өмірлік ұстанымына «тастай» берік ару екеніңді айғақтап тұрғандай еді.

 

Оқушыларымды қимаймын

 

Шындығында, Гүлтас, сенің ортаң да өзгеше болды. Мысалы, мен өзім білетіндей, сендердің курстарың ерекше курс еді. Сайдың тасындай кілең марғасқа жігіттер мен сұлу да кербез қыздарды бір ортаға әдейі жинаған секілді көрінетін. Оған қоса шетіңнен өнерлі, думанды курс бол­дыңдар. Әнші де, күйші де, биші де сендердің орталарыңда. Сол топтың арасында сенің өлең оқу мәнерің де ешкімге ұқсамайтын дара еді... Кейін де жатақханада, оқу корпусында, әр түрлі студенттік жиындарда, ақын-жазушылармен кездесулерде сыртыңнан қарап, көңілім толып, көзім қуанып жүретінмін. Біз үшінші курсқа көшкен жылы сендер оқуды бітіріп, жан-жаққа кеттіңдер. Бірақ сол кезде арада аз уақыт өткен соң, тағдыр жолымыз түйісіп, бір мекемеде бірге еңбек етеміз, бір-бірімізбен жақын араласып, әпкем десем де, сырласым десем де, басшым десем де, қамқорым десем де сыятын, жүрегіме жақын, аяулы АДАМ ретінде етене жақын боларыңды білмегенім, сезбегенім анық.

 

Біз 1989 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтында (қазіргі Ұлттық Білім академиясында) қайта кездестік. Ол кезде мен қазақ тілі бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып жаңадан жұмыс жасап жүргем. Сен қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, жаны жаз, жүрегі кең, қазақ әдебиетін оқыту саласына ерен еңбек сіңірген үлкен тұлға, ұлағатты ұстазы Әнеш апай Дайырованың арнайы шақыртуымен институтқа келдің. Әнеш апайдың көрегендігі: Алматы қаласындағы №86 мектепте өткізген бір ашық сабағыңды көріп, өзінің ізін жалғайтын мықты шәкірт болатыныңды болжап танығанында ғой. Көзіме оттай басылған сол баяғы Гүлтас...

 

«Әнеш апай шақырып отыр, бірақ мен оқушыларымды қимаймын... Оларсыз өзімді ешқандай да елестете алмаймын» дейсің жанарыңа мұң тұнып... Әнеш апайдың саған бар ықыласымен құлағаны көрініп тұр. «Гүлтас, бұл жерде жұмыс істесең, бір мектептің емес, бүкіл қазақ мектебінің балалары сенің оқушың болады. Соларға арнап оқулық, кітап жазасың. Бұл жерде аспирантура бар, ғылым жасайсың» деп үгіттеп жатыр. Апайлардың бәріне де сенің «оқушыларымды қимаймын» деген сөзің ұнады. «Нағыз мұғалім екен» деп сен кеткеннен кейін айтып жатты. Арада біраз уақыт өткенде, сен институттың кіші ғылыми қызметкері болып орналастың. Содан бастап кәсіби салада да да, өмірде де қатар келеміз.


Әдебиетсіз қайтіп ізгілікке үйретеміз баланы?!

 

Гүлтас, бізге еліміз егемендік алған тұста Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мектебінің жаңа моделін жасаған Немеребай Нұрахметов, Мақпал Жадрина секілді отандық педагогика ғылымының көшбасшылары мен Төлеутай Ақшолақов, Рақыш Әмір, Жаңылхан Адамбаева, Әнеш Дайырова, Бибігүл Кәтенбаева, Бәшен Баймұратова, Мәлипа Сәтімбекова және т.б. бар ғұмырын қазақ біліміне арнаған аға буын ғалымдардан тағылым алып, олармен бірге қызмет ету бақыты бұйырды. Бір күні бір жылға татитын алмағайып аласапыран сол уақыттарда үлкен-кіші жиналып, өзіміз дайындаған республикадағы жалпы білім беретін мектептердің оқу пәндерінің білім стандарттарын, бағдарламаларын талқылаушы едік. Онда жаңашыл ойлар, тосын пікірлер туындап жатар еді. Менің есіме сондай талқылауларда, әсіресе, пән сағаттарын бөлетін Типтік оқу жоспарларын жасаған кезде сенің әдебиеттен шегерсек деген әр сағат үшін жанұшыра орныңнан атып тұрып: «Жо-жоқ, не істесеңіздер де өздеріңіз біліңіздер, мен әдебиеттің бір сағатын емес, бір минутын да бере алмаймын», «Құдайым-ау, бұл математика не физика, химия емес, бұл әдебиет қой, әдебиетсіз қайтіп ізгілікке үйретеміз баланы?!» деп шырылдайтының көз алдымда. Қарап отырсам, бұл шырылдың ар жағында өзінің пәніне деген шексіз сүйіспеншілік, соның жолында құрбан болуға даяр жанкештілік пен адалдық жатыр екен... Кейін де талай рет қазақ тілі мен әдебиетінің басына бұлт үйірілгенде, сенің аталы сөзге ұйытар шешендігің мен риясыз да алғаусыз көңіліңмен айтқан уәждерің қысылтаң сәтте пәніңнің мәселесін шешіп те жіберетін. Сол кезде сенің тастай түйінді сөзіңе, төтесінен тік айтар батылдығыңа талайлар ризалық танытатын. «Жарайды, Гүлтастың әдебиетіне тиіспейік, онда мынаған сағатты қайдан аламыз?» деп еріксіз шегінетін жоспар авторлары да. Сол кезде ғана көңілің жайланған сен сөз соңын үнемі әдемі әлемге бұрып жіберіп: «Тыңдаңыз­даршы, менің Мұқағалиым, менің Фаризам, менің Төлегенім не дейді екен?» деп, өзіңе ғана тән әдемі, әуезді мақамыңмен бір-екі өлең оқып берер едің. Елдің бәрі ұйып тыңдайды. Сосын мәз-мәйрам болып, қол шапалақтап жатады. Сен айналаңа наздана қарап: «Айтыңыздаршы, біздің балалары­мыз осы өлеңді оқымаса, не болмақ?! Сіздер әдебиеттің сағатын қысқартамыз деп қоқан-лоқы жасайсыздар...» дейсің әлі өкпең басылмай... Сол кезде сағатқа таласқан­дардың бәрі де тым-тырыс бола қалады, өйткені олар да осындай ғажап дүниені білмей өсетін ұрпағы туралы ойланып қалатын болса керек. Кейін министрліктен Роза Мұхамеджанқызы Баттал бастаған топ орыс тілді мектептердегі қазақ әдебиетін қазақ тілінде оқыту керек деген майданды айтыстардағы жеңісте де сенің үлесің өлшеусіз.

 

Иә, Гүлтас, сенің тіл үшін, әдебиет үшін отқа да күюге, суға да түсуге әзір болмысыңнан бабаң Батырбек датқаның өрлігі танылатын. Білім академиясы Астанаға көшкен соң, егемен елдің жоғары оқу орындарының көшбасшысы, жаңарған дәуірдің тұңғыш жаңашыл ордасы Қазақстан-Британ техникалық университетінде де ағылшын тілімен ауызданған алпауыт басшылардың алдына барып, қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда талай арашалап қалып едің. Соның қай-қайсысында да сенің сөз өнеріне деген өлшеусіз махаббатың бой көтерер еді. Мұндайда В.О.Ключевский «Ұстаз болу, яғни жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды сүюің керек» деп, қалай дәл тауып айтқан дегеннен басқа не деуге болады?!


Талай жастың бойындағы талант көзін аштың...

 

Шындығында, сен ғажап Ұстазсың, Гүлтас! Мен бұл жерде «Ұстаз» деген сөзді «мұғалім» деген мамандық атауымен синоним болып кеткен мағынада немесе бүгінде көпшілік арзанға айналдырып алған көбік сөз ретінде қолданып отырған жоқпын. Абай атам айқындап берген «балаға үйретуден жалықпайтын ҮЙРЕТУШІ» мәнінде айтып отырмын.Сабақ түсіндіруші емес, ӨМІР СҮРУГЕ ҮЙРЕТУШІ, ӨНЕРДІ СҮЮГЕ ҮЙРЕТУШІ, ІЗГІЛІККЕ ҮЙРЕТУШІ! Осы тұрғыдан келгенде, саған үйрету өнері АЛЛАдан дарыған қасиет екеніне толық көзім жеткен. Өйткені, сені сонау сексен екінші жылы алғаш сабақ берген кездегі шәкірттеріңнен бастап дәл қазір алдыңда отырған барша оқушың, студентің іздеп жүреді, қуанышын бөлісіп, мұңын да шағып жатады... Алыс-жақын жерден іздеп келеді, тым шалғайға шығып кетсе, телефон шалады. Олардың сағынышты жазбаларын оқудан жалықпайсың, дауыстарын естуден шаршамайсың. Өйткені, сенің бойыңда баланы, шәкіртті сүю қабілеті бар, ұлы педагог Амонашвили айтқандай, оларды «әрбір үйге берген Құдайдың сыйы» деп қабылдайтын ізгі ниет, ықыласты көңіл бар. Осылардың барлығы тұтасып келіп, ұстаздық қасиетке ұласқан. Сондықтан да шығар, сенің алдыңа келген өз ұлтыңның өрендері түгілі, өзге тілді, ділі де, діні де бөлек қаншама бала, студент, тіпті ересектер де қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, тілін бұрап бірін-бірі құттықтап жатқанын өздері байқамай қалады. Сенің оқытушы бола жүріп өткерген талай іс-шараларың, қазақ тілі мен әдебиетінен берген сабақтарың маған әрдайым шынайы Ұстаздықтың адамның тумысынан даритын өнер тектес қасиет екенін мойындата түседі.

 

Гүлтас, сенің әр балаға Күн болып төгетін мейірім нұрың алдыңнан жақсылық болып қайтып та жататын. Оған дәлел: алғаш рет халықаралық стандарттар деңгейінде білім беру мақсатында ашылған Қазақстан-Британ техникалық университетінің іргетасын қалаған ұлтжанды қайраткер, танымал тұлға, білікті басшы Әділ аға Ахметов осы білім ордасына ең білікті деген мамандарды жинауды қолға алады. Бір күні әңгіме үстінде өзінің университетке мықты бір қазақ тілі маманын іздеп жүргенін айтып қалады. Бұл әңгімені тыңдап отырған Әділ ағаның ұлы: «Әке, бізге Гүлтас деген апай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Ол кісі - сондай керемет мұғалім. Егер келіссеңіз, мен ол кісіні тауып бере аламын» дейді сенімді үнмен. Ұлының ешнәрсені артық айтпайтынын білетін әкесі оған мұғалімін шақыруды тапсырады. Келесі күні сәті түсіп, өзің Әділ ағамен жолығып, сол университеттің қазақ тілі кафедрасын басқаруға келіскеніңді білемін. Кейін сол ортаға мені, Нұрлан ағаны шақырдың. Сөйтіп, жаңа дәуірдің алғашқы қарлығашы атанған білім ордасында, адамзаттың асылы Дінмұхамед Қонаевтың ізі қалған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздігін жариялаған құт мекенде, киелі ғимаратта он жыл­дан аса бірге қызмет атқардық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік талантты студенттерге ұлт тілінің ұлылығын танытуға, олардың алдында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тырыстық. Өзіңнің жетекшілігіңмен естен кетпес тағылымды шаралар ұйымдас­тырылды. Талай жастың бойындағы талант көзін аштың. Міне, қазір Назарбаев Университетінде де сол баяғы ақжарма болмысыңмен жас буынға қызмет етіп келесің. Сенің жастармен қарым-қатынасың шәкіртін патшадай сыйлайтын ұстаздың өзі де патшадай қадірлі болатынын дәлелдей түседі.

 

«Әдебиеттің ең басты қызметі - адамдарды ізгілікке баулу»

 

Киелі сөз өнеріне, әдебиетіңе деген сол махаббатың сенің ғылымдағы жолыңды ашты, өмірдегі қадамыңа сәттілік сыйлады. Әдетте, ғылымға бет бұрған шынайы ғалым адамды басқалардан өзгешелеп тұратын бір белгі болады. Ол - диссертация тақырыбы мен зерттеуші болмысының үндесім табуы. Бұл жағынан келгенде, сенің жолың болды. Ғылыми жетекшің Әнеш апай қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бойынша бір автордың жеке бір шығармашылығын оқытумен байланысты жаттанды тақырыптарды емес, өзіңнің жүрегің қалаған мәселені зерттеу нысаны етіп алуыңа ерік берді. Әрине, сен қазақ әдебиетін оқыту арқылы оқушылардың табиғатқа ізгілік қатынасын қалыптастыру мәселесін қаладың. Өйткені, бұл тақырыпта сенің бүкіл жан-дүниеңмен үйлесім бар-ды. Өйткені, сен «әдебиеттің ең басты қызметі -адамдарды ізгілікке баулу» деген қағиданы ұстандың. Өйткені, сен адам бойындағы ізгіліктің бастауы, ең алдымен, Алланың адамзат үшін жаратқан дүниесін - Ұлы Табиғатты сүю деп санадың. Өйткені сен өзің туып-өскен Күреңбеліңді ғана емес, Ұлы Далаңды, асқаралы Алатауыңды, адамзаттың алғашқы қонысы қасиетті Алтайыңды, самалы керім Сарыарқаңды сүйесің. Оның салқын самалы мен сұлу өңірлерін ғана емес, оның шыжыған ыстығы мен сары шұнақ аязын да бірге сүйесің. Сол сүйіспеншілігіңді ту етіп ұстап, кестелі жыр, өрнекті өлең, қара сөздің құдіретімен жазылған көркем шығармалар арқылы жас буынның санасына ізгілік нәрін сіңірудің ғылыми һәм әдістемелік жолдарын зерделедің. Докторлық жұмысыңда да сол ұстанымыңды берік сақтап, «Жалпы орта білім беру мазмұнының гумандық бағыттылығының ғылыми-педагогикалық негіздері» деген тақырыпты алдың. Сол жолда қазір де еңсеңді тік ұстап, болашаққа бет алып, ізгіліктің ізін жалғап келесің.

 

Ғылымның киесі жеке өміріңді де Бақытқа бөледі: Ерболаттай нағыз жігіттің сұлтанына жар болдың. Ерекең сенің барлық ісіңе қолдау жасап, алақанында аялап келеді. Шынарың мен Саятыңнан ұрпақ өрбітіп, асыл әжеге айналдың. Сонымен бірге, өзіңді мақтан ететін АНАҢ, ғазиз басыңды құрметтейтін туған-туысың, құда-жегжатың, дос-жарандарың бар. Осының бәрі- БАҚ, осының бәрі - БАҚЫТ. Алда тұрған жаңа белесіңде де мерейің артып, мәртебең биіктей берсін, ГҮЛТАСЫМ!

 

Сөзімнің соңын өзіңнің атыңның басқы дыбыстарын тірек ете отырып (бұл тәсілді сенің де құптайтыныңды біле­мін) жазылған арнау өлеңмен түйгім келеді:

 

Гаухарысың сен еңселі ел, Ұлы Даланың,

Үкідей керім көрінер ашық қабағың.

Лағыл тастайын қымбат-ау сенің сөздерің,

Тыңдаған жандар тамсанып әркез қалатын.

Ақықтай жайнап, Күн болып кіріп келгенде,

Сұлу бір әуен жарыса сыңғыр қағатын.

 

Сырлы да сырбаз қалпыңнан, жаным, танбағын,

Арайлап атсын қуантып сені таңдарың.

Иығыңа артқан еліңнің жүгі қомақты,

Ықыласпенен көтеріп жүрсің салмағын.

Нағыз аруы қазақтай дана халықтың,

Қызы екеніңді жұртыңа бүгін таныттың.

Ырза көңілмен қасиетіне СӨЗ-дің қанықтың.

Замандар қанша алмасып мейлі жатса да,

Ырысын үстеп жүргейсің елдік бақыттың.

 

Авторы: Жанат Дәулетбекова,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,

педагогика ғылымының докторы, профессор

21.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz