қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
10.07.2018

"Тұлғалардың ізімен келемін"

 


 

Біздер кейде өткенді еске алсақ, сол өткеннен тұтас тұлғаны іздейміз, кесек-кесек керемет көріністерді жіліктеуге немесе тұлғаға қатысты бір ерекше жәйтке мән бере қарағанды жөн санаймыз. Онымыз рас. Сол қазақы болмысқа тоқтап, біз де кейіпкеріміздің тұлғалық бастау бұлағынан, яғни кішіге жөн сілтер, көпшілікке елдікті айтар басшының балалығынан бүгінгі лауазымына дейінгі кезеңдерінен сыр суыртпақтап, басқаруындағы киелі оқу ордасының торқалы 90 жылдық мерейтойына орай аз-кем сұхбаттасқан едік.

 


 

- «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халықтың ұлдарымыз. Қазіргі қазақ қоғамының жадында тәуелсіздік дәуірі бекіткен әр тұлғаның өз бітім-бейнесі бар. Өз мінезі, өз кескіні қалыптасқан, уақыт пен халық сомдаған айтулы дәуірдің бірегей тұлғаларының бірі, Такир Оспанұлы, Өзіңіз екені шүбәсіз. «Еңкейгенге - еңкей, ол адамның құлы емес, шалқайғанға - шалқай, ол құдайдың ұлы емес» дейтін атамыз қазақтың ұстанымына ойын да, бойын да бағындырған, рухани құндылықтарды да, сол тұрғыдан өлшеп-пішуге, бағалауға дағдыланған тамырлы тәрбие бүгінде, өкінішке қарай, «қызыл кітапқа» еніп бара жатқан құбылыс. Ендеше, тамыры тереңде жатқан қасиеттерді сіңіретін туған ауылыңыз жайында сөз тиегін ағытсақ...


- Кіндік қаны тамған топырағын, туған жерін сағынбайтын жан әсте болмас. Әке-шешеге еркелеп, бауырлардың ортасында алаңсыз өткен балалық шақ кім-кімге де тым тәтті елесімен естелік боп қалары хақ. Сол күндерді, сол сәттерді еріксіз еске аласың, тек өкініштісі, тығыз жұмыс кестең ауылға жиі ат басын бұруға еркіндік бере бермейді. Десем де, жылына екі-үш рет туған жердің топырағын басып, саф ауасымен тыныстап қайтуға тырысамын. Жамбыл облысына қарасты Талас өңірінің төменгі жағына орын тепкен алақандай ауылдағы онжылдық мектепті аяқтап, оқу іздеп арман қалаға айналған Алматыға келгенмін.


Өсіп-өнген ортама келсем, әкем Балықбайұлы Оспан ғұмыр бойы мектепте математика пәнінен сабақ беріп, елге жанашыр, білікті ұстаз атанған жан. Анам да Өтеуқызы Ұлболған әкеммен бір мектепте қызмет істеді. Әкемді жанашыр деуімнің себебі, ауылда бастауыш мектеп қана болған, 1965 жылы әкем сегізжылдық мектеп құрудың басы-қасында жүргендердің бірі. Бастауыш мектептен соң оқуын жалғастыра алмай қалған көптеген қыздар мен жігіттерді жастарына қарамай сегізжылдық мектепке баулып, ағартушы секілді жұмысын өзге мұғалімдермен бірдей жалғастырды.


Біздің шаңырақ - ұстаздардың үйі болғандықтан ба, кез келген уақытта оқушылар үйге келіп, математикадан әкеммен бірге есеп шығарып, не басқа істермен айналысып жататын, осылайша мұғалім мен оқушы арасындағы жақындықты көріп ержеттім. Бойыма ұстаздыққа деген ниет-қабілет мүмкін сол кезде оянған болар. Тағы бір себеп, көпбалалы отбасымыз, үлкені мен, әрине, кемпірдің баласымын.


Үлкен апам Әсемкүл Сұлтанбекқызы 2006 жылы ғасыр жасап, дүниеден озды. Жарықтық апам, өз дәуірінде молдадан сауат ашқан, кейін де криллицаны жақсы меңгеріп алған, көзі ашық аналардың бірі болды. Осы апамның үйретуімен мен ертерек сауаттандым. Ал атам, белгілі шопан, Кеңес Одағының ең жоғары марапаты Ленин орденінің иегері Балықбай Мейірманов, 1949 жылы қайғылы жағдайда қайтыс болып, әкем 14 жасында жетім қалып, апамның тәрбиесінде өскен екен.


Содан анасының сауаттандыруымен өскен жетім бала, менің әкем Қазақ ұлттық педагогикалық институтына оқуға түседі, алайда ауылдағы шешесін жалғыз қалдыра алмай, ауылға барғаннан кейін қайта оқуына оралмайды. Арада біраз уақыттан соң әкем Қызылордаға, басқа жоғары оқу орнына түсіп, оны аяқтап, 40 жылдан астам уақыт ұстаздық еңбек етеді.


Ата-анамның алдында перзенттік өтеуімді қайтардым деу әбестік болар, ешбір жан ата-ананың борышын өтедім деп айта алмас деп ойлаймын. Мен өзім борыш дегенде түсінерім, ең бастысы ата-анаңның разылығына ие болу. Хадисте «Аллаһтың ризалығы ата-ананың ризалығында» деген емес пе. Сондықтан ізгілік атаулының ең биігі - ата-ананың разылығын алу деп ұғамын.


Бүгінде бір әкеден тараған тоғызымыз үлкен әулетке айналдық, тұңғышы өзім. Үлкені болғандықтан қолымнан келгенше көмегімді ата-анамнан аямадым, көмек беруден аянып қалмаймын, бұл - міндетім. Қазір үлкен анамыз бар. Жалпы үлкен адамдар өз балаларына жамандық ойламайды. Мұның бәрін де ұрпақтың қамы деп қабылдасақ ештеңеден ұтылмасымыз анық.


Ал ауыл дегенде өзімнің жаным шығарға бөлек. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, «қызыл кітапқа» еніп бара жатқан тамырлы тәрбиенің бәрін ауылдан үйреніп, ауылдан бойымызға сіңірдік қой. Қалада орнығып қалсақ та балаларға ауылдың тәрбиесін бердік. Ұлым мен қызымды мектепте оқу жылы аяқталысымен-ақ бауырларымның біреуін ілестіріп, ауылға жіберетінмін. Жазғы демалыстың екі айын балалар ауылда өткізіп келетін. Ауылдың қайнаған тіршілігімен тыныстап, ес біліп, ержеткен перзенттерім қазақтың салт-дәстүрімен сусындады. Соның арқасында мектепте қазақша оқыды, қазақша сөйледі. Расында да ұрпақ сабақтастығында ауыл мен қаланың ара-жігі тығыз байланыстың болғаны дұрыс. Мұндай сабақтастықтың көпірі - біздің балаларымыз, яғни ескі мен жаңаның арасына дәнекерлік көпірін орнықтыратын да өзіміз екен.

 


- Сіз ұзақ та үлкен өмір жолынан, еңбек баспалдақтарынан өттіңіз. Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздікке дейін де мемлекеттік түрлі жауапты қызметтер атқарып, халықтың ертеңі үшін түн ұйқыңызды төрт бөлдіңіз. Егемендігіміздің қадірін бір кісідей түсінесіз. Біліктілік пен білімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен талап пен қадамыңыз өз жемісін бермей қалған жоқ. Сол жолыңыз қалай басталып еді?


- Мен мектепті аяқтаған соң оқуға түспей, ауылда бір жыл қарапайым электромонтер болып жұмыс істедім. Кеңестік дәуірде қай саланың жастары болмасын түрлі шаруашылық жұмыстарға жіберілетін. Сондай жастардың қатарында мен де болдым. Біздерді сақпанға, қырықтыққа (қой жүнін қырқу науқаны «қырықтық» деп аталатын), шөп тасуға, тағы да басқа совхоздың толып жатқан шаруашылық жұмысына жібергенде, өзіме бір шешім қабылдағаным бар. Ол шешім - бойымдағы барымды тек білім мен ғылымға жұмсауым керек деген. Шүкір, мақсатым да, арманым да орындалды. Сөйтіп, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім. Ол дәуірде бір ғана жүйеленген бағытпен жүруге дағдылансаң, сол бағытта ғана ізденетін қағида болатын. Айталық, мен мектепте үздік оқыдым, университетте өзіміздің курста ең үздік студент атандым, сөйтіп университетте мұғалімдікке қалдырылдым.


Жоғарғы оқу орнында мұғалім болуым-ның нәтижесінде Мәскеу мемлекеттік уни-верситетіне тағылымдамаға бардым, одан кейін сол жерде аспирантураны бітірдім. Аспирантурадан кейін университетке келдім, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары... ғылым-білімге деген үлкен қадамым осындай баспалдақтардан өтті.


Ғылыми жетекшім Борис Сергеевич Кашин, қазір Ресей ғылым академиясының академигі, сол кезде жас ғылым докторы болатын. Мен осы кісінің жетекшілігімен диссертациямды қорғадым және әлемдегі соңғы үрдістердің жетістіктерін Мәскеуде көргенмін.


Мәскеудегі кезең жеке басыма ертегідей әсер етті. Неге десеңіз, ол жерде есімі мәшһүр академиктер: Андрей Николаевич Колмогоров, Иван Матвеевич Виноградов, Сергей Михайлович Никольский, Борис Владимирович Гнеденко, осылардың ізін басқан академик Петр Лаврентьевич Ульянов, қазіргі Виктор Антонович Садовничийлердің сол кездегі лекцияларына қатысып, семинарға барып жүргендерін көзіммен көрдім. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке біртуар жандар!


Бүгінде тұлғаға айналған академиктердің сабақ беру әдісі, семинарды жүргізуі, ғылыми баяндаманы қалай жасағанын көріп, солардың деңгейінде тәрбие алуға тырыстық. Ол шақ - математика ғылымының шарықтап тұрған дәуірі еді...


Кейін Қазақстанға оралғанда, 1985 жылдары біздің елімізде де ғылымға ерекше көңіл аударылған кез болатын, әсіресе математика саласына.


Еліміздегі бас жоғарғы оқу орнын жоғарғы деңгейге жеткізген, сондай-ақ Қазақстандағы механика-математика ғылымдарын да осы биікке көтеруде тікелей атсалысқан, университеттің ректоры Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың Мәскеуге оқуға кетіп бара жатқанда батасын алып едім.


Математика ғылымын дамытуға академик ағаларым - Өмірзақ Сұлтанғазин, Құлжабай Қасымов, Мұхтарбай Өтелбаев, Александр Женсікбаев, Тынысбек Кәлменовтардың да үлесі зор. Бұл кісілердің бәрі де ол кезде жас ғалымдар болатын.


Жалпы ғылыми орта - ерекше орта. Ғылыми ортаның ғажаптығын біздер осы кісілер арқылы танып-білдік. Мен бұл арада тек математика саласына қатысты тұлғалардың есімдерін ғана атап отырмын. Ал басқа салаларда тұлғалар баршылық қой. Сондықтан мен осы бір кезді бақытты жылдарым деп санаймын. Ол кезде бізде тек бір ғана ой, бір ғана мақсат болды, ол - үйреніп қалу, ғылыммен айналысу, ғылыми жетістіктерге жету...


Ал құлшына кірісіп, бағыты айқындалып тұрған ғылым жолы, өкінішке қарай, екінші кезекте қалып қойды. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білім саласында шешімін күтіп күрделі мәселелер тұрды.


Шындығында, үлкен баспалдақтарға қадам басуым тәуелсіздік алған жылдардан кейін, 1994 жылы басталды. Осы кезде университеттен кетіп, Республикалық тест орталығына директордың орынбасары болып бардым, өмірім күрт өзгерді. Біріншіден, бұл тәуелсіздіктің жемісі, жаңа құрылымдар мен бағыттардың бастау алып жатқан тұсы. Мен жаңа ағымды тестілеу орталығына келген кезде ғана түсініп, білім беру жүйесінде айтулы өзгерістердің басталғанын ұқтым. Орталықтың мақсаты білім саласы болғанымен, алайда мақсат әртүрлі. Осынау мақсаттар үшін қолымнан келгенше халқыма еңбек еттім және етіп те келемін.


«Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан...» деген қазақ атамыз. Заман өзгерді, заман талабы мен үдерістеріне орай талап-тілек өзгерді. Құндылық атаулыға деген көзқарас та түлеп, түрленіп отыр. Көрсең - көз тояды...

 


- Туған жерге туыңызды тіктім деп ойлайсыз ба?


- Туған жерге қандай еңбек сіңіргенімізді өзіміз емес, ел-жұртым айтар. Осы биікке шыққанымның өзі ауылым үшін үлкен ту шығар. Себебі, туып-өскен ауылдан, түлеп ұшқан мектептен ғылым жолына түсіп, ғылым докторы атанған мен ғана екенмін. Мемлекеттік деңгейде министр болған ағамыз бар, одан кейін мен министр орынбасары болыппын. Ауылға барсақ, ауылдың мақтанышымыз, ауыл бізбен мақтанады.


Таяуда ғана ауылда жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген. Жаңа мектепке арнайы барып көптеген кітаптар жеткізіп, қолымнан келгенше жастарға көмек көрсетіп жүрмін.


- Қазақ білімінің шыққан биігі мен бағындырған белесі жайында не айта аласыз? Білім саласында қандай мәселелер бар?


- Қазақстанның білімі, нақты санмен айтқанда, осы 27 жылда ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер саясатының арқасында. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім саласы Елбасымыздың назарынан тыс қалып көрген емес. Айталық, егемендігіміздің нәтижесінде республиканың түкпір-түкпірінде жекемен-шік жоғарғы оқу орындары, колледждер жетерлік. Егер мемлекетте қаржы жеткіліксіз болса, онда мұндай оқу орындарын ашуға мүмкіншіліктер болмас еді. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі кезінен Конституциямызға, жалпыға бірдей міндетті және ақысыз түрде білім алу жолға қойылған. Біз оны азайтқан жоқпыз. Бұрынғы Кеңес Одағының кейбір елдерінде оны төмендетті. Біреулер тек қана бастауыш білімді міндетті түрде береді. Бүгінгі таңда елімізде сауаттылардың үлесі 99 пайыздан кем емес. Бізде 18 миллион халық десек, көп болса жүз мың адам сауатсыз болуы мүмкін, ол да өзінің оқымағанынан. Ал әйгілі Америка Құрама Штаттарында сауатсыздардың саны біздің халқымыздың санымен бірдей екен! Неге? Себебі, ол мемлекет білім беру жүйесін екінші мәселеге ысырып қойғандықтан. Бізде білім саласын дамыту үшін мүмкіндіктер мол. Елбасының үлкен және мықты идеясы - ол жастарды болашаққа білімді де білікті етіп дайындау. Бұл бағытта да мемлекет тарапынан білімге құштар жастарымызға бар жағдай жасалуда.


Қазіргі таңда еліміздегі маңызды мәселе - мектеп мұғалімдері. Мектептің абыройы мен реформаларды көтеру, білім сапасын жақсарту тұтастай мұғалімнің еншісіндегі ауыр жүк. Алайда біздер мұғалімнің беделіне нұқсан келтіріп алдық. Одан да сорақысы сол, оларға мардымсыз айлық қойып, үлкен еңбек талап еттік емес пе?! Коммерциямен, бизнеспен айналысқан және өзгелердің еңбеккүні бағаланды да, мұғалімнің еңбеккүні ескерусіз қалып қойды. Осынау олқылықтардың орнын толтырып, бастысы - қоғамның мұғалімге деген көзқарасын түбегейлі өзгерту керекпіз. Бұл - бүгінгі күннің басты талабы. Кейде баспасөз беттерінен мұғалімге қатысты жағымсыз ақпаратты оқығанда, жаным күйзеледі. Қарапайым адамнан бастап ұлы тұлғаларға дейін мұғалім атты қазына иесінің алдынан сауат ашып, білімге құштарлығы оянып, алысқа самғайтынын ұрпағымыздың санасына сіңірсек, нұр үстіне нұр болар еді.


Иә, ұстаздың мәртебесі дегенде, алдымен жоғарғы оқу орындарының алатын үлесі басымырақ. Себебі, парасатты ұстазды жоғарғы оқу орны дайындайды. Яғни, жоғарғы оқу орындарын ұстаз дайындайтын ұстахана деуімізге әбден болады, ал біздер сол шеберхананың басында тұрмыз.


- Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды тапсырды. Президенттің бұл бастамасына Сіз басқаратын университет қандай үлес қосуда?


- Жатақхана мәселесі кез келген оқу орнында басты проблема. Біздің университетте де солай, студенттердің басым көпшілігі ауылдан. Университетімізде 4 мыңға жуық бала ауылдан келетін болса, соның 1800-1900-дай студентке ғана орын беріп отырмыз, 2 мыңға жуығы жатақханада тұрмайды, мыңнан астамы өздері әртүрлі жолдармен тұрып жатыр, олар қажет демейді, бірақ сонда да 1000-1500-ға жуық балаға қажеттілік бар. Қажеттілік - ол жер. Стадионымыздың қасында бос жатқан жер учаскесі бар, сол жерге тұрғызсақ қалай болады деп, қарастырып жатырмыз. Бізді қинайтын екінші мәселе - қаржы. Расында да, университетте жатақхана іргетасын қалайтындай қаржы жоқ. Осындағы әлеуметтік-өндірістік корпорация, қалалық әкімшілік және кәсіпкерлер болсын, солармен кездесіп, түрлі ой-пікірлерді ортаға салып, талқылаудамыз. Идеямыз жүзеге асса, осы жылы дайындап, келесі жылы 500 немесе 1000 орындық жатақхана тұрғызсақ па деген ниеттеміз. Қосымша біздің күтіп отырған тағы бір маңызды мәселе - заңға өзгерістер енгізу қажет, сол өзгерістердің нәтижесінде министрлік бізге дәл механизмдердің жолдарын айтып, көрсетсе, осы жылдың аяғына дейін шешіліп қалар деген үмітіміз жоқ емес.


- Әңгімемізге арқау болып отырған қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы педагогикалық университетінің 14-ші ректоры, Такир Оспанұлы, Өзіңіз екенсіз. Тарихтың көзімен пайымдасақ, бұл ұлыны ұлықтап, дарынды бағалаған, ұрпақ санасын тәрбиелеудің үлкен мектебін қалыптастырған оқу орнының бірегейі. Санжар Асфендияров, Мәлік Ғабдуллин, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың біртуар ұлдарының іздері бұл қара шаңырақта сайрап-ақ жатыр. Ал, сол ұлттың асыл ұлдарын университет қалай ұлықтап жүр?


- Университетке алғаш қызметке келгенде мені қатты таңқалдырған нәрселер - университет ұжымының, университетті құруда басында тұрған, кейінгі жылдарында басшылығында болған, сонымен қатар, университетте сабақ берген өзіміздің біртуар текті ата-ағаларымыздың барлығын ерекше құрметтейтіні.


Ретімен айтар болсам, біріншіден, университетті алғашқы құруға атсалысқан әрі тұңғыш ректоры Санжар Асфендияров, университеттің құрылуына алғашқы Халық комиссары ретінде қол қойған Ораз Жандосов, шаруашылық саласында үлкен істерді басқарған Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, Бәймен Алманов, Әлімхан Ермеков сынды тұлғаларға университеттің кіреберісінде ескерткіш тақта қойылған. Аталмыш оқу орнына кірген кез келген адамның назары бірден осы ескерткіш тақтаға ауады.


Екіншіден, көптеген институт-тарда, кафедраларда ірі тұлға-ларға арналған кафедралар немесе арнайы жеке кабинеттер бар. Мысалы, біздің Қазақстан тарихының кафедрасы университеттің ректоры болған Тоқмұхамед Садықовтың аты-жөнімен аталады.


Сондай-ақ, университеті-мізде «Тұлғатану», «Абайтану» және «Халық ауыз әдебиетінің» орталықтары жұмыс істейді.


«Абайтану» орталығында «Абайтану» бойынша арнайы оқулық шығарып, сол оқулықты университеттің 1-ші курс студенттері пән ретінде оқиды.


«Тұлғатану» орталығының да атқаратын шаруасы ауқымды. Бұл орталық тұлғалардың үлгісімен жүзеге асады. Түрлі кездесулер, танымдық кештер өткізіледі. Биылғы жылдың өзінде Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Халел Досмұхамедов жайында, бұрынғы ректор болған Асқар Закарин туралы студенттердің арасында кездесу ұйымдастырдық.


Бүгінде оқу орнымыздың 90 жылдығына орай түрлі шаралар, көптеген зерттеу жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл зерттеу жұмыстарының нәтижесінде атақты кісілер туралы көптеген мәліметтер, тіпті тың жаңа мағлұматтар да жинастырылуда. Бұл ізденістер біріншіден, ғылыми зерттеу болса, екінші жағынан түрлі пәндер арқылы сабақ өтіледі. «Мәңгілік Ел» және «Ұлт тәрбиесі» деген пәндер де бар.


- Қадірі биік қара шаңырақтың 90 жылдығын атап өту Сізге бұйырыпты. Осынау елеулі мерейтойды қалай атап өткелі отырсыздар?


- Басқаруымдағы бұл оқу орны еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны болғандықтан үлкен миссияны орындады деп айтуға болады. Себебі, оқу орны алғаш құрылғанда үш бөлім болады деп жоспарланған, олар - педагогикалық, ауылшаруашылық және дәрігерлік. Қазақстандағы жалғыз университет болғандықтан қазақтың бүкіл игі жақсылары осында жұмыс істеген. Содан кейін ауылшаруашылық институтын жеке, медицинаны жеке жасайық деген жоспар құрылып, 1929 жылы зоотехникалық-ветеринарлық, 1930 жылы ауылшаруашылық, 1931 жылы медицина бөлімі жеке-жеке институт болған. Сол кезде университет ғалымдары жаңадан ашылған институттарға барып, олардың негізін қалаған. Нақтырақ айтқанда, Санжар Асфендияров бізде ректор болып жүргенде 1930 жылы Медициналық институт ашылып, 1931 жылы ол кісі сонда бірінші ректор болып барып, жанына медицина ғалымдарын алып, университет құрған. Демек, Қазақстандағы барлық жоғары білімнің бастауы Абай атындағы педагогикалық университеттен бастау алатынын мақтанышпен айта аламыз.


Біздің жоғары оқу орнының негізгі бағыты - педагогика, 1930 жылдары Педагогикалық институт деп аталған. Білгір де білімді ұстаздар дайындаған бірден бір оқу орны болып тарихта қалды. Заманауи ілгерілеушілікке орай университет соңғы жылдары көппрофильді бағытын ұстанады. Мысалы, құқықтану, экономика, халықаралық қатынастар, Сорбонна-Қазақстан институты, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлы ғылымдар, т.б.


Десек те, біздің мақсатымыз да, идеямыз да - заманауи ұстаз дайындау. Университеттің көппрофильділігін жоғалт-пай, түрлі жетістіктерімізді көрсетуге, көтеру-ге ұмтылудамыз. QS деген халықаралық университеттердің рейтінгісі бар, сондағы алғашқы 500 университеттің тізіміне іліндік. Өткен 2017 жылы 491-ші болсақ, биыл 481-ші орынды иемдендік. Қазақстанда сол тізімдегі алғашқы 5 университеттің бірі біздің университет болып табылады.


Өткен жылы университеттің 90 жылдығына орай «атқарылатын 90 іс-шара» жоспарын құрғанбыз, әрі сол міндеттемелердің басым көбін айтарлықтай деңгейде өткіздік. Бұл мерейтой жай ғана той емес, университеттің өткені, бүгіні мен ертеңін айшықтайтын той!


Негізгі мерекелік іс-шаралар ағымдағы жылғы қазан айының басына жоспарлануда. Ол жерде «Еуразиялық педагогикалық ЖОО форумы», Қазақстандағы жоғары оқу орындары ректорлар кеңесінің отырысы өткізілмек. Сонымен қатар, француз әріптестерімізбен біріккен ауқымды іс-шараны өткізуді қолға алудамыз, шетелдік әріптестеріміз қатысады.


Мерейтойға қатысты іс-шара қазан айының бірінші аптасында басталып, соңы мұғалімдер күніне орай жалғасып, аяқталмақ.


- Қара шаңырақтың, ұстаздардың ұстаханасына айналған білім ордасының 90 жылдық тойы құтты болсын! Оқырмандарға айтарыңыз...


- Ойымызды бекітіп, бойымызды тіктету үшін бір Құдіретті Күш жіберген руханиятымыздың ұлы Ордасына, Қазақ Еліне ұзақ ғұмыр тілеймін! Елбасымыз айтқан интеллектуалды ұлт биігіне көтерілу жолында біздің армандарымыздың ақ бесігі болған Білім мен Ғылымның ордасына жасына жас қосылсын дегім келеді.


- Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

 

Сұхбаттасқан: Жасұлан Мәуленұлы

10.07.2018 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com