қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
24.07.2020

Кембридж университеті ұлы Абай даналығын ұлықтады

 


 

ЛОНДОН, 2020 жылғы 23 шілде - Ұлы қазақ ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлы мұрасындағы мәңгілік даналық Кембридж университетінің баспасы (Cambridge University Press, CUP) мен Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің бірлесіп ұйымдастырған онлайн-конференцияның тақырыбына айналды. Шара Абайдың 175 жылдығы аясында, ақын шығармаларын ағылшын тіліне аударып басу жобасын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған. Жобаны жүзеге асырушылар - әлемдегі ең беделді және тарихын тереңге тартқан Кембридж университетінің баспасы мен «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры (ҰАБ).

 

Жоба аясында әйгілі британ ақыны, профессор Шон О`Брайен Абай өлеңдерін аударса, «Қара сөздердің» тәржімасы одан беделі кем түспейтін белгілі шотландық ақын, жазушы, профессор Джон Бернсайдқа табысталған. Кітап ҰАБ-ның Абай шығармаларын әлемнің он тілінде басып шығару жобасының аясында баспаға дайындалуда.

 

«Махаббаттың төлеуі - махаббат: Абай даналығы» деп аталған конференцияға Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, CUP Білім реформасы басқармасының басқарушы директоры Джейн Манн, ҰАБ директоры Рауан Кенжеханұлы, профессор Дж.Бернсайд, Джордж Вашингтон университеті деканының орынбасары профессор Питер Роллберг және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (Абай атындағы ҚазҰПУ) Халықаралық байланыс басқармасының директоры Анар Танабаева қатысты. CUP Білім реформасы басқармасының халықаралық даму бөлімінің басшысы Энни Михайлиду конференция модераторы болды.

 

Елші Е.Ыдырысов Абайдың қазақ мәдениеті мен ұлттық танымы үшін маңызы жайлы айтты. Елші ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іргетасы болып табылатын елдің рухани жаңғыруы мен тарихи, мәдени мұрасын әлемге таныту сияқты принциптері Абай даналығымен үндес екенін атап өтті.

 

«Абай шығармашылығын білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Оның «Қара сөздері» талай буын отандастарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келетін рухани байрағы. Оның шығармашылығы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап қана қойған жоқ, өзінен кейін өмір сүрген талай буын қазақтардың философиялық танымына терең әсер етті», - деді ол.

 

Дж.Манн Абай шығармаларын ағылшын тілінде басып шығару Кембридж бен Қазақстан арасындағы мәдени және білім беру бағытындағы екіжақты байланыстың жалғасы болып табылатынын атап өтті. Кембридж университеті баспасы Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты ұйымдармен көп жылдардан бері серіктес болып келеді. Былтыр ағылшын тілінде басылған Заманауи қазақ әдебиетінің антологиялары (проза мен поэзия) жобасы CUP мен ҰАБ серіктестігінің жемісі болатын.

 

Дж.Манн Абай шығармашылығы түпқазығының бірі ағартушылық пен білімге баулу тақырыбы болып табылатынын атап өтті. Сол себепті Абай қай кезде де ағартушы және ұстаз болып қала береді.

 

«Кембридждің бүгінгі таңдағы мақсаты Абайдың ұлы миссиясын жалғастыру, және шығармаларын ағылшын тілінде басып шығару арқылы Абайды ағылшын тілді жұртшылыққа таныстыру», - деді Дж.Манн.

 

Р.Кенжеханұлы бұл жобаның бірегейлігі тұңғыш рет Абай еңбектері ағылшын және әлемнің өзге де тоғыз тіліне қазақ тілінен аударылуы екендігін атап өтті. Абайды өзге тілдерде сөйлетуге деген осыған дейінгі талпыныстарда шығармашылық топтар аудармаға көпір ретінде орыс тіліне жүгініп келгені аян. Аталған жобада қазақ тілінен ағылшын тіліне тәржіма жасайтын мамандардың жаңа, бәлкім тұңғыш буыны беделді британ ақындарымен бірлесе отырып, түпнұсқаға барынша жақын аудармалар жасауға барын салды.

 

ҰАБ басшысы сондай-ақ қазақстандық суретші Дәурен Қастеев әзірлеген басылым мұқабасын таныстырып өтті.

 

Дж.Бернсайд Абай еңбектерін аударудағы жұмыс барысы жайлы әңгімелеп берді және Абай еңбектері мен өмірін зерттеу барысында қазақ ақыны мен Уильям Шекспир, Александр Поуп, Джонатан Свифт және өзге де батыс классиктері шығармалары арасында көптеген параллельдер байқағанын атап өтті.

 

Ол Абай мен XVIII ғасырдағы шотланд ақыны Роберт Бернстің шығармашылығындағы үндестікке баса назар аударды. Дж.Бернсайдтың айтуынша, қос ақынның махаббат лирикасы ғана емес, қоғамдағы пайдакүнемдік, жемқорлық, т.б. кемшіліктерді шенеген сатиралық лирикасы, сондай-ақ туған жерге деген махаббатын жырлайтын табиғат лирикасы да үндес келеді.

 

Заманауи ақындар қатарынан Дж.Бернсайд автор-орындаушы, Нобель сыйлығының иегері Боб Дилан мен Абай шығармаларының саяси, әлеуметтік, діни және философиялық тақырыптардағы үндестігін атап өтті.

 

Кеңес және посткеңестік әдебиет пен кинематографияны зерттеуші П.Роллберг қазақ киносындағы Абай бейнесі жайлы әңгімеледі. «Абай әндері» (1946) және «Жас Абай» (1995) фильмдерін талдау арқылы ол ұлт ұстазының өміріне, сондай-ақ сол кездегі қазақ қоғамына деген екі түрлі көзқарасты жеткізді.

 

А.Танабаева араб, парсы, орыс және өзге тілдер арқылы шығыс пен батыс мәдениетінен бірдей сусындаған Абайдың өзге мәдениеттерді терең түсінгенін атап өтті. Ол мәдениетаралық диалог идеясы Абайдың гуманистік рухтағы барлық шығармаларына тән екеніне назар аударды. Ол сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ мен дүние жүзіндегі Абайды зерттеу орталықтарының жұмысы жайлы айтты.

 

Онлайн-конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен Абай мұрасы мен қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан жүзден аса көрермендер қатысып, Facebook әлеуметтік желісінде аталған шараны 1,6 мыңнан аса көрермен тамашалады. Шара сөйлеушілер мен көрермендердің Абай шығармашылығының тереңдігі мен оның өмір тарихы, ақынның заманауи қазақ және әлем мәдениетіндегі орны жайлы пікір алмасуымен аяқталды.

 

Конференция ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің Абайдың 175 жылдығын атап өту құрметіне жоспарланған шаралардың бірі болып табылады. Ағымдағы жылда Абай еңбектерінің жинағын басып шығару мен Британ кітапханасында тұсаукесерін өткізуден бөлек, тұңғыш рет Абайдың ағылшын тіліндегі әнжинағын басып шығару жоспарланған. Әндердің ағылшын тіліндегі мәтіні музыкалық ладқа ыңғайланып, ноталарымен және әндердің дыбыстық жазбаларына QR-кодтармен қоса басылады. Сонымен бірге, атаулы датаға Абай өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастырылып, оған көрнекті британ қайраткерлері атсалысады, сондай-ақ қазақстандық және британдық орындаушылардың онлайн-концерті өтеді.

 

 

24.07.2020 ж.

Ақпарат көзі: gov.kz



4

Вернутся назад