қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
08.09.2020

Ұстаз болуды армандаған жастар ҚазҰПУ-ды таңдайды

 


 

Биылғы жаңа оқу жылы өзгеше басталды. Жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан дәстүрлі оқу әзірге тоқтатылып, онлайн сабақтар жүргізілуде.


Соның бірі - Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Рас, университетте қашықтан оқыту жүйесі бұрыннан қолданылатын. Дегенмен бұл әдіс осыған дейін студенттердің белгілі бір топтарын ғана оқытуда іске асты. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгеннен кейін студенттерге қашықтан сапалы білім беру жайы жан-жақты ойластырылды. Алғашында абдырап қалғанмен жаңа жүйеге ұстаздар да, студенттер де тез бейімделді.

 

- Жалпы, біздің қашықтан оқытуға дайындығымыз жақсы болатын. Өйткені оқу орнында Univer және Moodle ақпараттық жүйелері бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ әу баста аталған ақпараттық жүйелердегі студенттерге қажетті оқу материалдары, тапсырмалар мен қажетті видео материалдар жеткіліксіз болды. Осы ақпараттық жүйелерді дер кезінде толтырып, кем-кетіктерді реттеудің сәті түсті. Осылайша, пандемия кезінде студенттерге қашықтан білім беру жүйесін абыроймен атқардық, - дейді Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев.

 

Қашықтан оқу жүйесін тез меңгеру үшін ұстаздарға арнайы вебинарлар өткізілді. Осындай жедел әрекеттің арқасында олар онлайн оқытудың қыр-сырын тез арада үйреніп алды. Студенттер жағы жаңа техника мен технологияға жетік болғанымен, кейбір елдімекендерде интернеттің дұрыс жұмыс істемеуі біраз әбігерге салды. Дегенмен олар жауапкершілікті жете түсініп, ұялы телефондар арқылы интернет жақсы ұстайтын жерлерге барып тығырықтан шығуға тырысты. Бұл олардың онлайн сабаққа жүрдім-бардым қарамайтынын аңғартты.

 

«Қашықтан оқытудың басты ерекшелігі - күндізгі оқу секілді студенттерді күнде оқытып, күнде тапсырма беретін мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәріміз кеңесе отырып, қанша уақыт дәріс оқып, семинар, балалармен қалай талқылау өткізудің кестесін дайындадық» дейді университет басшысы.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ - еліміздегі педагогикалық мамандарды даярлайтын көшбасшы оқу орны. Бұл оқу орнының орны да, жөні де бөрек. Өйткені қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы саналатын оның тарихы тереңде жатыр. Сол себепті ұстаз болуды армандаған жастар осы университетте білім алғанды жөн санайды.

 

Биыл республика бойынша жалпы 53 800 мемлекеттік грант бөлінсе, соның 7 700-ін педагогикалық мамандықтарды құрап отыр. Осылайша, мемлекетіміз болашақ педагог мамандар даярлау ісіне айрықша көңіл бөлуде. Биыл 4620 бакалавриат, 108 докторант, ал магистратураға 600-ден астам талапкер Абай атындағы ҚазҰПУ-ге қабылданды.

 

Қазіргі таңда мұғалім мәртебесін көтеру туралы мәселе жиі айтылады. Мемлекетімізде осы мақсатта бірқатар нақты шаралар атқарылып та келеді. «Білім заңына өзгеріс енгеннен кейін педагогикалық мамандықты таңдаған талапкерлердің бәрі арнайы сынақ тапсыруды бастаған болатын. Міне, содан бері біздің университет сол сынақты жылда ұйымдастырып келеді. Сынақ барысында талапкерлердің болашақта ұстаз болуға психологиялық тұрғыдан бейімін, педагогиканы қаншалықты түсінеді және педагогикалық шешімдерді қабылдауға бейімі бар ма, деген тұрғыдағы сұрақтарға жауап береді. Биыл жағдай өзгеше болып тұр. Жастардың басын қосып, ондай сынақ өткізуге болмайды. Бірақ олардың осы сынақты онлайн режимде тапсыруына мүмкіндік беріп отырмыз. Күні бүгінге дейін педагогикалық мамандықты таңдаған 10 мыңнан астам талапкер осы сынақты тапсырып үлгерді» дейді Такир Оспанұлы.

 

ҚазҰПУ 2018 жылы облыстық білім бөлімі басқармаларымен бірлесіп «Білім беру альянсы» консорциумын құрды. Мұндағы мақсат - мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беріп, жүрек қалауымен педагогикалық мамандықты таңдауына көмек көрсету. Осы консорциумның арқасында көптеген жас өздері таңдаған мамандықтары жайында мол ақпарат алып, дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік туды. Бүгінде консорциумның жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Қазіргі таңда ұйым аясында облыстық білім басқармалары өздеріне қажетті педагогикалық мамандықтар жайында университетке сұраныс түсіретін болды. Осы ұсыныстарды пайдаланып, оқу бітірген жастар жұмыспен қамтылып отыр. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде консорциум жастарға кәсіби бағдар беретін және оқу бітірген жас мамандарға жұмыс тауып беретін пайдалы ұйымға айналды. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан және Алматы, Жамбыл облыстарынан 4 мың жас маманға сұраныс жасалды. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін өзге оқу орындарының да түлектерін тартып, жастардың жұмысқа қабылдануына жағдай жасалып отыр.


08.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz



7

Вернутся назад