қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
05.11.2020

Ректор оқытушылармен онлайн-кездесу өткізді

 


 

Кеше, 4 қараша күні Zoom платформасы арқылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев профессор-оқытушылар құрамымен онлайн-кездесу өткізді. Іс-шараға университеттің проректорлары, құрылымдық бөлім басшылары, профессор-оқытушылар құрамы және жас ғалымдар қатысты. Ал, онлайн-кездесу ұстаздар ұстаханасының Facebook-тегі ресми парақшасында көрсетілді.

 

Кездесу барысында Такир Оспанұлы университеттің академиялық, басқарушылық және стратегиялық бағыттарында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ректордың айтуынша, қашықтан білім беруді қамтамасыз ету бойынша «Univer» жүйесі, Microsoft Teams, Google Meet, ZOOM стримингтік жүйесі бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Жаңа оқытушылар қабылданғандықтан, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту жалғасады. Оқытушылар компьютерлермен, ноутбуктармен және байланыс ресурстарына қолжетімділікпен қамтамасыз етілді.

 

Онлайн-кездесуде профессор-оқытушылар құрамының еңбек жағдайлары да сөз болды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалақы 25%-ға өсті. Жаңа оқытушыларды қабылдауға және сағаттарды бөлуге байланысты мәселелер шешіліп, көтерілген жалақы төленетіндігі атап өтілді. Оқытушылар құрамын жасарту бойынша да жұмыстар жүргізілді.

 

Сессиялар бойынша ұйымдастыру мәселесі толық пысықталуда. Прокторингтік емтихандар тиімді жұмыс істейді. Жазбаша емтихандарды тапсыру үшін «Oqulyq» қашықтан оқыту жүйесі сатып алынады.

 

Университеттің КеАҚ-ға көшуі және жаңа Даму стратегиясы-2025 әзірленуі бағыттарында құрылымдық бөлім қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Басқару бағытында екі институттағы құрылымдар көлденең-циклдік ұйымдастыруға өтеді. Бұл педагогика және психология, жаратылыстану және география институттары. Басқару бағыты мен қаржыны басқару тұрғысынан белгілі бір дербестік болады.

 

Кездесу барысында университеттің инфрақұрылымы, жаңа жатақхана салу және жас ғалымдар мен докторанттарға орын бөлу, докторанттардың шетелдік басшыларына ақы төлеу, авторлардың кітаптарын шығару, ғылыми гранттар мен конкурстар, зертханалар мен аудиторияларды қажетті жабдықтармен және жаңа технологиялармен техникалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

 

Ректор праймеризге қатысқандығы туралы, сайлауалды бағдарламасының аясында білім беру ұйымдары педагогтарының мәселелері шешілетіндігін, сонымен қатар, университет қоры есебінен оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

 

Онлайн-кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тапсырмалар берілді.

 

Айта кету керек, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев коммуникациялық технологиялар мен ресурстарды қолдана отырып, білім алушылармен және оқытушылармен тұрақты түрде онлайн-кездесулер өткізіп тұрады. Университет ұжымын ақпараттандыру мақсатында оқу орнының қызметі мен жетістіктері туралы әлеуметтік желілердегі өзінің парақшасында жиі бөліседі. Барлық мәселелер ашық талқыланады.

 

 

Авторы: Римма Жанбаева

05.11.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com