қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
17.03.2022

Университетте цифрлық волонтерлік жанданып келеді

 


 

15 наурызда Басқарма төрағасы - ректор Дархан Біләлов пен әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов оқу орнының белсенділерімен және мектеп оқушыларымен кездесті. Іс-шараның мақсаты - Абай университетінің Даму стратегиясының міндеттерін жүзеге асыруда «Цифрлық волонтерлік» жобасын ұйымдастыру. Құрылған еріктілер тобы Алматы қаласы мен еліміздің бірқатар облыстарының мектептерімен келісе отырып, оқушыларға онлайн және офлайн форматта сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, біздің еріктілер еліміздің барлық аймақтарында қашықтан қызмет көрсететін болады.

 

Дархан Біләлов өз сөзінде бұл кездесудің маңыздылығын айта келе, карантиндік шаралар мектептерде оқушылардың үлгерімінің төмендеуіне әкеліп соқтырғанын айтты. Білім беру саласында туындайтын мәселелер орта білім беру мекемелерімен тығыз байланыста, мектеп басшыларымен, ұстаздармен, оқушылармен тікелей байланыста шешілетінін айтып, жиынға қатысушыларды өз пікірлерін еркін білдіруге шақырды. Университеттің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру, университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Осы бағытта Honors College, Цифрлық волонтерлік жобалары және «Web-тьютор» бағдарламасы іске қосылды.

 

Университет басшысы университет пен цифрлық еріктілердің жауапты міндеттеріне, оқушылар тұлғасының қалыптасуына баса назар аударып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне тек педагогикалық қоғамдастық тарапынан ғана емес, ата-аналар тарапынан да ерекше назар аударылуы тиіс екенін атап өтті.

 

Шыңғыс Нұрланов студенттердің білім берудің өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысуы университет үшін өте қуанышты жайт екенін айтты.

 

«Біз еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасайтын боламыз. Бұл орайда «Honors College» жобасының маңызы зор, соның арқасында алдағы уақытта еліміздің мектептеріне дайындығы жоғары, креативті ойлайтын жас мұғалімдер келеді», - деді ол.

 

Еріктілік қызметі - патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, ел игілігі үшін қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытады. Еріктілік - заман талабы. Бұл бастама ұлттың ұйысуы, мемлекеттіліктің нығаюы үшін қажет. Осындай игі істер ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген сөзін қуаттай түседі.

 

17.03.2022 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com