қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
28.10.2017

Жаңа әліпбиге көшу - жалпыұлттық нартәуекел

 

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мен оқытушыларының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғырудың кепілі - латын әліпбиіне көшу» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов, сондай-ақ, Ғабит Кенжебаев, Фаузия Оразбаева, Жанат Дәулетбекова сынды ғалымдар мен БАҚ өкілдері латын қарпіне қатысты ой өрбітіп, маңызды ұсыныстарын ортаға салды.


«ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жыл басында жарияланған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын айтып өткен еді. Соның негізінде қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі - саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды. Көздеген мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін бұқаралық сананы өзгертудің маңызы артады», - деген ҚазҰПУ ректоры Такир Оспанұлы Елбасы бастамасына зор қолдау білдіретінін жеткізді. Латыннегізді қазақ жазуы - қазақтың дербес ұлт екендігін сездіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін және ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік беретін құрал екендігін терең түсіне отырып, оны жүзеге асыруға ел болып бар күш-жігер жұмсау керектігіне тоқталған дөңгелек үстел қатысушылары Елбасы ұсынған рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасында ұлттық сананың рөліне баса назар аударылғанын, атқарылуға тиіс міндеттердің айқын көрсетілгенін, солардың ішінде, рухани бірегейлікті, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен озық дәстүрлерді сақтап қалудың, жаңғырта білудің маңыздылығын атап өтті.

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Кенжебаев: «Мемлекет басшысы рухани жаңғыртудағы ұлттық сана-сезімді дамытудың екі бағытын көрсетті. Оның бірі - ұлттық код. Ұлттық кодтың өзегі - ұлттық тіл, ұлттық жазу. Ұлттық кодтың бұзылуы ел іргесінің ыдырауына да әсер етері сөзсіз. Сондықтан латын негізді әліпбиге көшу барысында ұлттық тілдің өміршеңдігі мен оның жүйесінің толық сақталуы, жазу арқылы қазақ тілінің рухани жаңғыруы көзделеді» десе, ал педагогика ғылымдарының докторы, ҚазҰПУ профессоры Фаузия Шамсиқызы жақында ғана ҚР Парламент Мәжілісінде ұсынылған латын алфавитінің интернеттік нұсқасының ұтымды және кемшін тұстарына талдау жасай келе, қазақ тілінің бір дыбыс бір әріпті бейнелейтін ерекшелігін сақтау маңыздылығын, диграфпен жазылған сөздердің кей жағдайда дұрыс қабылданбай немесе басқа мағына беріп кетуін ескере отырып, тіл талаптарының жазылым-оқылым-айтылым-тыңдалым сынды үделерінен толық шыға алатын, баланың да, қарттың да үйренуіне жеңіл Ұлттық әліпби үлгісін жасаудың ережелері мен қағидаларын бекітетін кәсіби мамандар біріге жұмыс істесе ғана ең тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынына кеңінен тоқталды.

 

Қазақ тілінің дамуына ашылған жол

 

Жаңа технология тіліне айналған латын әліпбиін қолданысқа енгізудің маңызы зор. Қазақтың ұлт ретінде ұйысуына, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік өркениетке кеңірек танытуға ықпал ететін бұл қадамды Атырау жұртшылығы да қолдайды. «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері» бойынша «Латынға көшу: болашақ таңдауы» атты идеологиялық актив жиналысында өрелі ойлар айтылды.

Аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер бас қосқан жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып жатқан жұмыстарды баяндады. «Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына жол ашады. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің рухани негізіміз болып отырған қазақ тілінің халықаралық мәртебесін көтеру - әлемдік өркениетке жетуіміздің айқын жолы», - деді аймақ басшысы. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов «Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі - тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының жеке дара ісі мен таңдауы. Бұған қазақ қоғамы іштей дайын отыр. Жаңа әліпбиге көшу - үлкен ұлттық нартәуекел. Уақытты созбай парламенттік тыңдауда ұсынылған жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл және жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы тиіс. Әліпбиді өзгерту - өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды», - деді. Ал филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Абдрахманова: «Тіпті өз мемлекеттік әліпбиі бар елдер де шет тілдерін үйренгенде, ғылым мен техника, медицина салаларын игергенде латын әрпін үйренуді және қолдануды қажет етеді. Осы жағынан алғанда оны халықаралық әліпби десе де болады. Әлемдегі халқы ең көп Қытай мен қарыштап дамыған Жапония өз оқушыларына бейімделген латын әрпін үйретеді екен. Ғаламтор мен халықаралық жеделхат әрпі де латынша. Біздің еліміз де латын қарпін қолданудың аздаған жылдар болса да тарихи тәжірибесінен өткені тарихтан мәлім. Латынға көшудің тағы бір ұтымды жері бүкіл төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың бір жазуды қолдану мүмкіндігі. Ортақ жазу арқылы шетелдік қазақтар өз ұлтының тілінде, өз Отанынан күнделікті ақпаратты және латын қарпімен жазылған әдеби және басқа да туындылармен танысуға мүмкіндік алар еді. Осының арқасында әлемдегі қазақтар ана тіліндегі ортақ кеңістікке ие болады. Бұл қазақ тілін білетін және оны білгісі келетін қазақ ұлтының өкілі үшін әлемнің қай бұрышында жүрсе де, қазіргі ақпараттық технологиялардың арқасында оңай әрі тиімді іске асатын мүмкіндік болады», - деді тәптіштеп.

 

Латын - жаңғыру негізі


Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтында Қазақстан халқы ассамблеясымен және Алматы қаласы бойынша ғылыми-сараптама тобымен бірлесе отырып, латын әліпбиіне көшу мәселесіне арналған жиын өтті.

Жиын барысында қазақ жазуын латын əліпбиіне көшіруге орай, оның əлеуметтік-экономикалық жəне саяси негізі, қазақ қоғамындағы кирилл алфавитінің атқарған рөлі, латынға өтудегі ұйымдық жəне техникалық шаралар, латын алфавитіне көшудегі өзге елдердің тəжірибесі сынды бірқатар тақырыптар қозғалды. «Алфавитті өзгерту - қоғам үшін ауқымды да маңызды мəселе, үстіміздегі ғасырда, қазіргі «интеллектуалдық технология» заманында, əсіресе, өркениетті əлемнің негізгі ғылыми-техникалық, басқа да ақпаратты ағылшын тілінде пайдаланатын кезеңінде қоғамдағы орасан зор маңызды шара. Осыған орай белгілі ғалымдар мен сарапшылар жəне жалпы жұртшылық тарапынан қазақ графикасын латын əліпбиіне көшірудің тағдырлы шешімі жан-жақты талқылануы тиіс. Латын жазуы ғасырлар бойы құнын жоғалтпай келеді. Əлем тұрғындарының 80 пайыздан астамы латын қарпін пайдаланады. Əлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын əрпінде басылады. Əліпбиді өзгерту - қоғамымыздың жан-жақты дамуына түрткі болатын тарихи шешім», - деді Философия, саясаттану жəне дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Ақан Бижанов. Кездесуде Философия, саясаттану жəне дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржанов латын қарпіне қатысты пікірін білдіре келе, «Əліпбиді ауыстыру - күрделі əлеуметтік-саяси процесс. Өйткені ол осы мемлекетте өмір сүріп отырған əрбір адамға қатысты мəселе, əрбір адамның мəдени кодының алдағы уақытта рухани жаңғыруы, өзгеруі дегенді білдірсе керек. Тəуелсіздік алған уақыттан бері əлсін-əлсін көтеріліп, қоғам арасында жақтаушылар мен қарсы уəж айтушылардың айтыс-тартысына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы латын қарпіне көшу туралы бастамасы ақырғы нүктесін қойды. Ендігі мəселе - қазіргі ұсынылып жатқан əліпби нұсқаларының ішіндегі ең оңтайлы, халқымыздың тілдік, үндік ерекшеліктерін толығымен өтеп, дұрыс жеткізе алатын түрін таңдай білу.

 

 

Авторы: Динара Мыңжасарқызы

28.10.2017ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz