![]()
19.03.2025 «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының этикалық қырлары» ашық дәрісі 2025 жылдың 19 наурызында Абайдың 180-жылдық мерейтойына орай Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық факультеті саясаттану әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Аманжол Мейрмановтың «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасының этикалық қырлары және қазақ философиясындағы сабақтастығы» тақырыбындағы ашық танымдық-тәрбиелік сағаты өтті.
Ашық сабақта Абайдың шығармашылығындағы «Толық адам» - «рухани кемелденген тұлға» жайлы тұжырымдамасы талданды. «Толық адамды» қалыптастырып, рухани-ителлектуалдық кемелденген тұлғаны сомдау арқылы Абай қоғамды жөндеуді, сыртқы күштердің озбырлығы мен іріткі салу әрекеттеріне қарсы тұруды көздеді. Қожа Ахмет Ясауидің хәл ілімі, хикмет дәстүрімен рухани сабақтастықтағы Абайдың этикалық мұраты да қоғамды сауықтыру, адам жанының мұқтаждығын іздеу, яғни рухани кемелдікке ұмтылу еді. Абайдың рухани кемел тұлғаны сипаттайтын «Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тұжырымдамасынан «Инсанияттың кәмелеттігін» - толық адам болу идеясы айқын көрінеді.
Ел Президенті Қ-Ж. К. Тоқаевтың «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абайдың «Толық адам» концепциясын басты назарға алып, әлеуметтік өмірдің әрбір саласына қолдануымыз керек екенін баса айтады және «Абай мұрасы - біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық, Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деп тұжырымдайды. Ашық сабақта осы мәселелер жан-жақты талданды.
Сабаққа «Философия» мамандығының 101, 102 - топтары және факультет әкімшілігі, кафедра оқытушылары қатысты. Сабақ баяндаумен қатар ортақ сұхбат, белсенді пікір алмасу деңгейінде аса тартымды өтті. Пікір алмасуға студенттер, сонымен қатар Тарих және құқық факультеті деканының тәрбие және әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары Медет Азанбаев, саясаттану әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының профессоры Дәуренбек Құсайынов, оқытушы Әлден Нұрақынов қатысып өздерінің пікірлерімен бөлісті. Сабақ жоғары танымдық-тәрбиелік деңгейде өтті, оң бағасын алды.
|