қазақша · русский · english
   
  Main  News
01.04.2025

Abai University: Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен IV Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер талқыланды


Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев арнайы келіп, университеттің басқарма басшылары, профессорлық-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдары және білім алушы жоғары курс студенттерімен кездесу өткізді.


Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген тапсырмалары талқыланып, әсіресе ғылым, білім және педагогиканы дамытуға қатысты айтылған бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, ғалымдар мен жас зерттеушілердің қоғам дамуына әсер ететін өзекті мәселелері бойынша баяндамалары тыңдалды.


Іс-шараның алғы сөзінде университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп 2011 жылдан бері халықаралық деңгейде Abai University шет мемлекеттегі серіктес жоғары оқу орындарының базасында 7 халықаралық Абай орталығы жұмыс істеп тұрғандығын айтып өтті. Сондай-ақ, ректор: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасының бірі шетелдерде «Абай институттарын» ашуды ұсынуы болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс», - деген болатын. Бұл - тек әлем танитын ұлы ақынның және қазақ ойшылының 180 жылдығы қарсаңында оның мұрасын дәріптеу ғана емес, сондай-ақ ұлттық рухты кеңінен насихаттайтын маңызды идеологиялық бастама деп есептеймін. Сонымен қатар, Президенттің бастамасын толық қолдай отырып, біз Абай институттарының жаһандық желісі Қазақстанның халықаралық ғылым мен білім беру кеңістігіне енуіне, еліміздің имидждік саясатын дамытуға зор үлес қосады деп санаймыз», - деді.


Ал Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев баяндамасында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген негізгі мәселелеріне тоқталып, Заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық мәдениетті дамыту, ғылым мен білімге инвестиция салу, тарихи әділдікті сақтау және ұлттық бірлікті нығайту қажеттігін ерекше атап өтті.

 

Сондай-ақ, ол: «Мемлекет басшысының атап өткен төрт негізгі бағыты - цифрландыру және жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы - еліміздің инновациялық дамуының кешенді стратегиясы екенін көрсетеді. Осы салаларды жасанды интеллект технологиясымен біріктіру арқылы Қазақстан аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі технологиялық көшбасшыға айнала алады», - деп, Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Үкіметке озық цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллектіге қолайлы орта қалыптастыру жұмыстарын күшейту тапсырылғанын тілге тиек етті.


Іс-шара соңында Ұлттық құрылтайда көтерілген өзге де маңызды мәселелер талқыланып, шара қатысушылары өз ойларымен бөлісті.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

  alt=